Саясат • 07 Желтоқсан, 2018

Қазақстан Елшісі Коста-Рика Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Коста-Рикадағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Андриан Елемесов Коста-Рика Президенті Карлос Альварадо Кесадаға сенім грамоталарын табыс етті.

Қазақстан Елшісі Коста-Рика Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

А. Елемесов Коста-Рика басшысымен екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен дамуын талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бағдарламалық құжаттарының негізінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жетілдіру процестері туралы айтып берді.

Қазақстан Елшісі сондай-ақ Мемлекет басшысының таратпау және қарусыздану, халықаралық лаңкестікпен күресі және климаттың өзгеруі мәселелерінде рөлін атап өтті. Оған қоса, Қазақстанның халықаралық аренадағы соңғы жетістіктері, атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметі туралы әңгімелеп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің кандидатурасын қолдағаны және ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысқаны үшін Коста-Рика Президентіне алғысын білдірді.

Оған қоса, А. Елемесов екі мемлекет арасындағы экономикалық және құқықтық салалардағы келісім-шарт базасын кеңейту мәселелерін талқылап, жақын арада екі елдің азаматтары үшін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім жасасуды ұсынды.

Өз кезегінде, К. Альварадо Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа және Қазақстанның достас халқына зор ілтипатын білдірді. Коста-Рика үшін халықаралық қарусыздандыру және бейбітшілік үшін күрес мәселелері маңызды болып табылатынын айтып, Қазақстандық бастамаларға қолдау көрсететініне сендірді.

Қорытындылай келе, Орталық Америка мемлекетінің басшысы өз елінің Қазақстанмен екі жақты қатынастарды дамытудағы ашықтығын құптады.

        

Соңғы жаңалықтар