Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейткен

575 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отыз төрт жасында автокөлік апаты салдарынан сал ауруына тап болған Құралай Бәйменова соңғы отыз жылға таяу уақыт бойы мүгедектердің де барлық он екі мүшесі сау адамдар секілді өмір сүруге, жасампаз жобаларды жүзеге асыруға, бақытты болуға құқылы екенін дәлелдеумен келеді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі қашан да шексіз екенін қол-аяғы балғадай қоғам мүшелеріне ұғындыра, сезіндіре білген айрықша қасиет иесі.

Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейткен

...Сол күні автомобиль апатынан кейін есін жиған Құралай ауруханада жатқанын сезеді. Көзін ашып қараса жанындағылардың бәрі жылап отыр. «Тірі қалғанымды білген кезде өзімді бақыттымын деп ойладым. Хирург-профессор маған жақындап, бетіме төне ойлана қарап тұрды да, бір кезде: «Құралай сіздің аяғыңыз сал болып қалды. Естіп тұрсыз ба?» дегені. Бұл сөзді құлағым шалғанда автоклуб көлігінің дөңгелегі астында өліп кетпегеніме кәдімгідей қуандым. Тіпті менде дәл сол сәтте қорқыныш, үрей, түңілу сезімі болмағанына әлі күнге дейін қайран қаламын», дейді Құралай.
Рухы жоғары, ерік-жігері мол жан ауруханадағы төсекке таңылған сегіз айдың ішінде осы өршіл, оптимистік ойы­нан айнымай, күйреуік көңіл күйге бой алдырмай жеңіл эйфория жағдайында болыпты. Сол бір ауыр күндерде, әрі сол оқиғадан бергі уақыттың бәрінде жары Қуандыр, ұлы мен қызы және құрбысы Қарлығаш қасынан табылды. Барша туысқандары мен достары қолдады. Сөйтіп қос аяғы жансызданып қалса да бұл жағдай қайсар қазақ қызының сағын сындыра алмады. Өмірге деген құштарлық I топтағы мүгедек Құралай Бәйменованы 1993 жылдың басында Қандыағаш қаласындағы коммерциялық телеарнадан бір-ақ шығарады.

Мамандығы бойынша бастауыш мектептің мұғалімі балалардың бос уақытын ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Кейін Қандыағашта аудандық мәдениет бөлімінің қызметін ұршықтай иірген Құралай аталған телеарна арқылы күн сайын тікелей эфирден тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өзгерістер, жеке істі қолға алған ауыл адамдары және алғашқы кооперативтердің құрылғаны жөнінде дүркін-дүркін хабар жүргізеді. Бұл сол кезде ел бойынша тұңғыш жеке авторлық телеарнаның бірі болғанын атай кеткен жөн. Қ.Бәйменова өтпелі кезеңде өз бастамасын қолдаған барша азаматтарға ризашылығын жеткізді. «Сол жылдарда арқасүйер азаматым Қуандыр мені төртінші қабатқа арқалап шығарып, арқалап түсіріп жүрді. Қуандырым мені осылай қуантты. Менің жетістіктерімнің тоқсан па­йызы Қуандырдың қамқорлығы мен қолдауының арқасы», деп қиын жылдарын тебірене еске алды Құралай.

Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдайтын қоғамдық бірлестік құру жөніндегі ой Құралайға қашан келді? Бұл сауалға кейіпкеріміздің әңгімесінің желісімен жауап қайтарар болсақ, апатқа тап болған кезден кейін оның адамдардың өмірі мен тұрмысы туралы түсінігінде көптеген өзгеріс орын алды. Содан бастап ол ауруханалар мен көшелерден, дәстүрлі емес емдеу орындарынан сырқаты ауыр балалар мен ересектерді көреді. Дені сау кезінде бұған аса зейін сала қоймапты. Әрі олардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектері үнемі орындала бермейтініне де көз жеткізеді. Құралай оларға өз мүмкіндігі шеңберінде көмектесу қажет деген тоқтамға келді.

Қандай іске де өзіне өзі сен­ген адам ғана бел буа алады. Бұл мәселеде Құралай да өзі­не өзі сенімді болды. Әрине осы­лай істе, орталық құр деп оны ешкім қыстамағаны, өтін­бегені белгілі. Кезінде Құ­ра­лайдың бұл қадамын қа­былдай алмағандар да кездес­кен екен. Әңгіме төркіні «Қа­рағым, өзің мүгедек арбасымен жүріп не бітірмексің? Ша­маңа қарамайсың ба?» дегенге саяды. Бүгінде мұндай әңгімелердің сарыны да жоқ.

Жиырма жыл ішінде Қ.Бәй­менова­ның бастама­сымен қоғамдық бірлестік қол­ жеткізген табыстар мен­­­ нәтижелер жеткілікті. Ұйым­­да мыңнан астам мү­ге­дек жан есепте тұрады. Атал­ған орталық бірінші ке­зекте әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар­ды жүзеге асы­рып­ келеді. Бү­гінде ақтө­бе­лік ұйымның тәжі­рибе­сіне осы тектес бірқатар рес­пуб­ликалық және ха­лық­аралық ұйымдар қызығушы­лық танытып отыр. Бірлес­тік­тің ма­териалдық-техни­калық базасы уақыт алға жыл­жы­ған сайын нығая түсу­де. Қ.Бәйменова жетек­ші­лік ететін орталық мем­лекет­­тік әлеуметтік тап­сырыс­ шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді кә­сіби де сапалы деңгейде ұсы­нып жүр. Мұндағы жұмыс орын­дарының саны да жылдан- жылға өсе түсуде.

– Бірлестік қызметі тұ­рақ­ты да жүйелі сипатқа ие.­­ Мұнда қоғамдық қабыл­дау тәртібі орныққан. Мүге­дек­терді белсенді түрде са­уық­тыру кабинеттері жұ­мыс істейді. Осының бәрі ұйым­шыл ұжым басшысы Құ­ра­лай Базарбайқызының ты­нымсыз еңбегінің жемі­сі. Ол өңірдегі барлық үкі­мет­тік емес ұйымдар (ҮЕҰ) құрылымдарының ақыл­шы­сы, тәлімгерлік қозғалыс­тың бастау­­­шысы, әрі «Біз бір­геміз» атты бүгінде дәстүрге енген тұрақты акцияның дем берушісі, – дейді Ақтө­бе облысындағы ҮЕҰ қауымдас­тығының төрайымы Айгүл Дүй­сенова.

Бүгінде мемлекет пен ҮЕҰ-ның ортақ жобасына сәй­­кес республикада «Ең үз­­дік әлеуметтік жоба» аталы­мын иеленген де Құралай Бәй­­менованың жобасы. Яғни, оның атқарушы органдарға тү­сірген ұсынысы бойын­ша Ақтөбеде арнаулы тұрғын үй құрылысы жоба­сы жүзеге асты. Арбаға таңылған мүге­дектер үшін арнайы са­лын­ған коммуналдық үйлер­де мүмкіндігі шектеулі жан­дардың отбасылары тұрады. Оның бірінші қабатында әлеу­меттік мекемелердің кең­селері орналасқан.

Сондай-ақ Құралай Базар­байқызы мүгедектердің ар­­ба­сын жөндейтін, оған тех­никалық қызмет көрсе­те­тін арнаулы станса жобасын ұсынып отыр. Егер қар­жылық тұрғыдан шеші­мін тапса бұл еліміздің әлеу­мет­тік мекемелеріне қа­жет ­жобаның бірі болмақ. «Өйт­­кені елімізде мұндай өнім шығаратын зауыт жоқ. Мүге­дек арбалары бізге Қы­тай, Ресей және Германия мем­лекеттерінен жеткізіледі. Сон­­дай-ақ ел ішінде арнау­лы арбалар бойынша мүге­дек­тердің сұраныстары толық қа­нағаттандырыла бермейді. Сондықтан да бізге мұндай ар­наулы станса қажет», дейді Қ.Бәйменова. Орталық бастамасымен жүзеге асқан «Инва-такси»  қызметі мен тігін цехы да жасампаз жобалардың тіз­бегін толықтыра түседі. 

Қазіргі кезде Құралай Бәй­­менованың бастамалары,­ идея­­­лары мен ұсыныс-тілек­тері барша әлеумет пен ат­қарушы органдар тарапы­нан ұдайы қолдау тауып ке­­леді. Оның алға қойған ой-мақсаты қашанда биік, қа­шанда асқақ. Тоқтау мен тежелуді білмейтін, ру­хы биік, өресі жоғары, тал­ғамы терең адамдарға тек жақ­сылық жасауды мұрат тұтқан жасампаз жобалар иесі үлкен жолдың үстінде келеді. Ол өмірге өте құштар жан. Осы құштарлық оны қай кезде де жаңа тың жобаларға бастамашы болуға талпындыра түседі. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ