10 Желтоқсан, 2018

Жекпе-жекте жерлестеріміз жеңіске жетті

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында ережесіз жекпе-жектен Қазақстан кубогы жолындағы жарыс және «BATTLE OF NOMADS» деп аталатын халықаралық турнир өтті.

Жекпе-жекте жерлестеріміз жеңіске жетті

Кәсіпқойлар арасындағы бәсекелердің барлығы да қазақстандық спортшылардың жеңісімен аяқталды. Атап айтсақ, 56 кило салмақтағы Арман Әшімов испаниялық Кристан Гарсиа Колладомен күш сынасты. Жарақатына байланысты жарты жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралған қандасымызды көрермендер ерекше қошеметпен қарсы алғанын айта кеткен абзал. Өз кезегінде Арман көптің үкілі үмітін ақтады. Ол қарсыласын екінші раундта «қылқындыру» әдісімен ұтты.

77 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Шавқат Рахмонов қырғызстандық Ринат Саяқбаевпен айқасты. Бұл тартыс та ұзаққа созылған жоқ. Бірінші раундтан кейін Алтаудың арғы бетінен келген спортшы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Ал Дмитрий Кудинов Қырғыстанның тағы бір өкілі Адис Талайбекұлын ұпай санымен ұтты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»