Спорт • 10 Желтоқсан, 2018

Жетісу өңірінің өрендері Қазақстан кубогын иеленді

493 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында жасөспірімдер және ерлер мен әйелдер арасында ережесіз жекпе-жектен өткен Қазақстан кубогы жолындағы жарыста 150 спортшы бақ сынады. 

Жетісу өңірінің өрендері Қазақстан кубогын иеленді

Айтулы жарыста жергілікті өрендердің мысы басым болып, олар командалық есепте топ жарды. Ересектер бәсекесінде Алматы облысының өкілдері бес салмақ дәрежесі бойынша дара шықты. Әйелдер арасында Толқын Дәуренбекова (52,2 кило) мен Аян Тұрсын (56,7 кило) алтыннан алқа тағынса, ерлер сайысында Дастан Жақыпбеков (56,7 кило), Жасұлан Мейірманов (61,2 кило) және Жан Кенжебаев (77,1 кило) жеңімпаз атанды. Ал өзге бас жүлдені мына спортршылар олжалады: алматылық Саида Хасенова (70,3 кило) мен Александр Дя (120,2 кило), қызылордалық Жандос Нұрмұхамбетов (65,8 кило), қарағандылық Виталий Радионов (70,3 кило) пен Зелемхан Хумаидов (93 кило) және астаналық Александр Вал (83,9 кило). 

Жасөспірімдер арасындағы жарыста мына жекпе-жек шеберлері теңдессіз деп танылды: талдықорғандық Үкінай Ахметуәлиқызы (52,2 кило) мен Тимур Жаимбаев (61,1 кило), жамбылдық Дарина Ахметова (70,3 кило) мен Несіпхан Садыхан (83,9 кило), шығысқазақстандық Вадим Шестаков (93 кило), алматылық Руслан Алтынбеков (65,8 кило), Қайролла Замдаров (70,3 кило) және Расул Асқаров (77,1 кило).            

Командалық есепте Алматы облысы құрамасының топ жарғанын жоғарыда айттық. Ал екінші және үшінші орынды Алматы және Астана қалалары иеленді.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»