Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Тамырлас елдер үшін де маңызды - Табылды Ақтанұлы

2112 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тамырлас елдер үшін де маңызды - Табылды Ақтанұлы

Орталық Азияны мекен еткен ежелгі түркі елдері, қыр­ғыздар, қазақтар, өзбектер, түрік­мендер күрделі де қиын замандарды басынан кешіріп, бүгінгі күнде дербес мемлекет болды. Мемлекет әр ұлттан құралуы мүмкін. Бірақ біз ұлттық мәр­тебе­сі бар мемлекет болдық. Оның себебі неде? Әлбетте, біз өз тілімізді, мәдениетімізді және салт-дәстүрімізді, қазіргі тіл­мен айтқанда, біртектілігімізді сақ­тап қалдық. Ұлттық мәдениет жоғалса, ұлт жойылады. Эко­номика құлдыраса, оны оңдап алу­ға болады, мәдениет құр­­дым­ға кетсе, ол орнына келмейді. Осы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қастерлеп келген ұлттық мәдениетімізге, руханиятымызға тағы да қауіп төніп отыр, бұл жолы найзаның ұшы, білектің күшімен емес, мақтамен қан шығар­май ба­уыз­дайтын, ғалам­дасқан әлемнің қитұрқы ақпарат­тық ағыны арқылы. Дер кезінде әрекет етпесек, жұтылып жоқ боламыз. Ақырғы ширек ғасыр­да дүниеге келген балаларымыз «компьютербасты» болса, үш-төрт жыл беріде пайда болған неме­релеріміз бесіктен белі шық­пай жатып қолдарына ұялы телефон ұстайды. Қазіргі балауса ұл-қыздарымыз ұлттық әдет-ғұрыпты білмей барады. Елінің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын білмеген адам елінің руханиятының сақтаушысы да, қорғаушысы да бола алмайды. 

Осы тұрғыдан алып қараған­да, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың қазіргі буынға тәр­бие беруде ұлттық құндылық­тар­ға үндегені – ауа мен су­дай қа­жет­тілік, бүгінгі­нің ке­зек күттірмес міндеті. Ер­­­тең кеш болады. Өйткені «баланы – басынан...» демекші, егемендік жылдарынан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Қазақстан лидерінің көтер­ген мәселелері қырғыз елі­не де тиесілі. Қандас, жандас, тағдырлас қазақ пен қырғыздың мен­­талитеті ұқсас. Төсекте басы, төскейде малы қосылған бір елміз. Елбасы мақаласында жаңа тарихи теле-кино туын­дыларды түсіру, оған Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклор­лық материалдарын пайдалану, бала­ларға арнап фильмдерді және муль­ти­пликациялық сериалдарды шығару мәселелерін қозғап, оның басты кейіпкерлері ұлт қаһар­­мандары, даңқты батырлар, ойшылдар және ел билеу­шілері бола алатынын көр­сетіпті. Әбден тура айтылған. 

Қазақ пен қырғызға тең жомоқ (ертегі) – «Ер Төстік» және ойшыл Асан қайғы, бүкіл түркі халықтарына ортақ Дәде Қорқыт, қырғыздың «Манас», қазақтың «Алпамыс» бас болған батырлық жырлары, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» мен қырғыздың «Олжабай мен Кішімжан» махаббат дастандары дап-даяр материалдар. Осы­лардың ұлттық нақышын жо­ғалтпай, қазіргі көрермен тез қабыл алатындай, сіңімді етіп жасау керек. Мемлекет басшысы өзі бастап жол көрсетіп отырған соң, шығармашыл адамдарға белсеніп істеу ғана қалды.

Қазақ хандығының 550 жыл­­дығы белгіленгенде, Қыр­ғыз­­­с­тан­ның деле­га­циясының құра­мын­да мерекеге барған­мын. Сонда бізге «Қазақ хандығы» көп сер­иалы фильмінің таспалары сыйға тар­тылды. Елге келген соң қайта-қай­­та көр­дім. Жобаның авторы біз құрметтеген Нұрсұлтан Әбіш­ұлы екенін титрдан кө­ріп, ұлт­тық мүд­дені көтерген үлкен іс­тер­­дің ба­сында оның өзі тұрған­ды­ғы­на тәнті болдым. Міне, енді Н.Назар­баев қазақ тарихының терең қой­науына көз жү­гір­тіп, елдің отан­сүйгіштік рухын оятып отыр. 

Бізге Батысқа – Еуропаға, Амери­каға, Шығысқа – күнасты өлке­леріне елік­теу­д­ің қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз жақ­­сы нәрселерді жинақтап, теріп бізге ми­расқа қал­дырыпты. Соны қазір­гі дәуірге сәйкес­тіріп ұқсата алсақ бол­ды. Егіз елі­міздің асыл қазынасы – мақал-мәтелдерін алып қарайықшы, ға­сыр­­лар бойы – Кон­фуцийдің философия­сынан, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен бұрын қалыптас­қан бұл жәдігерлер ақыл-ойдың мөлдір тұнбасы іспетті.

Чыкем (Шыңғыс Айтматов) айтушы еді: «Орталық Азия тарихы – бұл осы өңірде әлмұстақтан (әлім­сақтан) бері бірге өмір сүріп келе жатқан барлық елдерге тән тарих. Біздің салтымыз да, нар­қы­мыз да, тұрмыстағы майда-шүй­де тірлігіміз де бірдей» деп. Шү­кір­шілік, әлі де арамыз ажырап кеткен жоқ. Кейінгі кездерде тарих зерттеушілерде тарихты өз елі­не иемдену үрдісі байқалуда. Бұл тура емес. Көңілді кеңге салып, «ме­нікі» демей, «біздікі, бәрі­міз­дікі» деп айту керек. Сонда ғана түркі елдері біртұтас, берік ел боламыз.

Қысқасы, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның бастамаларына бұл жақтағы біз сүйсіндік. Қазақ­стан­дық шығармашыл адамдар­дың көктен іздегені жерден табылып отыр, іске сәт!

Табылды АҚТАНҰЛЫ,

Қырғыз Республикасының халық әртісі, Халықаралық 

«Ақ ілбіріс» киносыйлығының бас жүлдегері

БІШКЕК