Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2018

Жансейіт Түймебаев: Түркістан – Түркі әлемі, Ұлы дала рухы

1457 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлы дала елі – Қазақстан өркениеті өрге, тірлігі төрге озған әлем елдері арасында айрықша құрмет пен жоғары беделге ие. Халықаралық қоғамдастық алдында көшбасшылық рөлі мен саяси салмағын нығайта отырып, ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіру стратегиялық даму жоспарларымен жаңарудың жаңа кезеңіне жарқын қадам басып келеді. Қоғам мүддесіне қарай түбегейлі бетбұрыс, оңтайлы өзгеріс жасап, қайта түлеу мен модернизациялық дамудың лайықты үлгісін көрсетті. Бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы ояту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Енді, міне осы құнды құжаттың заңды жалғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп, әрқайсымыздың тарих көшіндегі қасиетті борышымыз бен азаматтық міндетімізді айқындап беріп отыр.

Жансейіт Түймебаев: Түркістан – Түркі әлемі, Ұлы дала рухы

Қазақ елінің ғана емес, бауырлас мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып, қызу қолдауға ие болған бас­тамада түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістанның дамуы мен халықаралық аренада танылуына ерекше мән берілді. Мәңгілік елдің мақтанышы, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бастауы болған Атажұрттағы көне шаһарды түркі әлемі­нің алтын бесігіне айналдыру үшін тың бастамалар көтерілді.

«Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына бағалы әрі қымбат. Енді біз Түркістанды облыс орталығы ғана емес, түбі бір түркі елдерінің мәдени және рухани орталығына айналдыратын боламыз! Бұл шешімнің тарихи себептері мен жауапкершілігінің маңызды екендігін әрбір азамат жан-жүрегімен түсінуі қажет» дейді Елбасы.

Мемлекет басшысының шешімі биылғы жылы қыркүйек айында Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде туыстас елдер басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын бауырлас елдер өте жылы қабылдады. Жаңа бетбұрыс бірлігімізді бекемдеп, тұтасты­ғымызды нығайтып, түп-тамы­ры­мызды бекіте түсеріне сенім білдірді.

Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді. 

Белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбек «Халықты ояту үшін тарихты ояту» керек дейді бір сөзінде. Өкінішке қарай, біз Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген, өздігінен оқып, көп ізденген жалғыз ғана әл-Фарабиді білеміз. Ал кейбір зерт­теушілердің келтіріп жүрген мәлі­метінше, Әбу Насырдан бөлек, Отырар­дан отыздан астам әл-Фараби шыққан көрінеді. Кәсіби шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әбсаттар Дербісәлінің ізденістеріне сүйенсек, Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауи бар. Бұған қоса, профессор, әл-Фараби­дің педагогикалық мұрасын түбегейлі зерттеуші Ауданбек Көбесов 961 жылы дүниеден өткен әдебиетші-ұстаз Ысқақ Фараби мен XI-XII ғасырда өмір сүрген Ахмет Фарабиді анықтағаны белгілі. Осылардың ішінде бізге кең танылғаны – ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, осы киелі мекенде дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби. 870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы өмірден өткен айтулы тұлға­ның 2020 жылы өмірге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған сәйкес, Түркі­с­тан облысында әл-Фарабиге қатысты кешенді іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Мұраларын зерделеп, қазақ тіліне аударылып, жарық көрген туын­дыларын ұрпаққа таныстырып, ел ішінде, жастар арасында кең көлемде насихаттау – негізгі жұмыстарымыздың бірі болмақ. 

Ержүректер елі – Түркістан төрінде жатқан ғаламдық ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауиді ислам дінін ұстанатын бүкіл түркі әлемі құрметтеп, ұстаз тұтады.

Ясауи мұрасын әлемге паш етіп отырған бір ғана Түркия елінде отызға жуық Ясауи атындағы көше мен даңғыл, алпыстан астам білім ошағы, онға жуық мәдени-зерттеу орталығы бар. Танымдық газет-журналдар жарық көреді. 2016 жылы ЮНЕСКО бойынша жарияланған «Ясауи жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына 850 жыл толуына орай түрлі шаралар атқарылды. Пошта конверті мен 850 жыл бейнеленген арнайы марка және күміс монета айналымға түсті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңесі «Диуани хикмет» еңбегін шағатай тіліндегі түпнұсқасынан жарыққа шығарып, балаларға базарлық ретінде Қожа Ахмет Ясауиге арналған әңгімелер жинағын тарту етті. 

АҚШ, Италия, Нидерланды, Ұлы­британия сынды Батыс елдерімен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Респуб­ликасы және Қазақстанда басқа да білікті ясауитанушылар еңбек етеді. Сон­дықтан 2019 жылы Түркістан қала­сын­да әлемнің түкпір-түкпіріндегі Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар-тарихшылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізуді межелеп отырмыз. 

Бұған қоса, Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі. Білім бәсекелерін өткізу де жоспарланды. Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Ясауи мұражайы салынып, ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамытамыз. Мысалы, Түркияда Мәулана Жалаладдин Руми, Қажы Бекташ Уәли сынды ғұламалардың жатқан жеріне миллиондаған мұсылман зиярат жасайды. Былтырғы жылы өмірінің соңғы күндерін Кония қаласында өткізген Мәулананың мұражайы мен жатқан жеріне тәу етуге 2,5 миллион адам ат ізін салған. Ал Ясауи ілімін Анадолы жерінде жалғастырған шәкірті Қажы Бекташ Уәлидің Невшеһир қаласындағы кесенесіне – 500 мың, Анкарадағы ең көне орындардың бірі Қажы Байрам мешітіне 500 мыңнан астам турист келген.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалар мәңгі қоныс тапқан. Бұл аталарымыз – Қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға ХVІ ғасырдан атсалысқан ұлтымыздың көр­некті қайраткерлері. Ал оларды ұрпақ­тарының қазақ сахарасының батысы, шығысы, орталығы, оңтүстігінен арнайы әкеліп Түркістанға жерлеуі де осы топырақтың киелілігін көрсетсе керек.

 Қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Түркі әлемі», «Қазақ хандары мен билері», «Ұлы дала елі», «Тарихи-киелі орындар» орталықтары бой көтереді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында мұнда осы аймақта туып, әлемге танылған әл-Фараби, Ясауи сынды ойшылдар мен ғұламалар, Бәйдібек би, Домалақ ана, Қарабура сынды әулие және Сүгір күйші, Шәмші Қалдаяқов, Нәзір Төреқұлов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сияқты руханият, мәдениет, әдебиет саласына айрықша үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы мәліметтер жинақталып, ортақ база жасалады.

Жақында қаламызда «Киелі Түркі­с­тан және Түркі дүниесінің рухани жаң­ғыруы» атты ғылыми-теориялық кон­фе­рен­ция ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер бас қосқан болатын. АҚШ, Түркия, Үндістан, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттар өз ойларын ортаға салып, ортақ мақтаныштарымыз әл-Фараби, Ясауи, Юнус Эмре, Абай, Низами, Физули, Ұлықбек, Шыңғыс Айтматов, Мағжан Жұмабаев және басқа тұлғалардың түркі әлеміндегі орны мен рөліне тоқ­талды. Нәтижесінде Түркістан облы­сы әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту мақ­сатында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, «Түркістан кітапханасы» серия­сымен жинақтарды шығаруды жоспарлап отырмыз. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Түркі әлемінің рухани мұралары мен еңбектері қазақ тіліне аударылады. Тоныкөк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Махтумкули сынды түркіге ортақ тұлғалардың мұралары насихатталады. Сонымен бірге «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтап және жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум өткізбек ниеттеміз. 

Түркістан облысын әлемдік деңгей­де таныту мақсатында Түркі ака­де­мия­­сымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара ұйым­дастырып, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін өткізу де ойластырылған. Сондай-ақ Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркі­стан қаласы мен облыстағы турис­тік орындар таныстырылады.

Облысымыздың туристік әлеуетін дамыту мақсатында ағымдағы жыл­дың қыркүйегінде «Көне Түркістан – жаңа мүм­кіндіктер» атты халықаралық турис­тік және инвестициялық форум өткізіліп, әлемнің 20-ға жуық мемле­кетінің инвес­торларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды. 

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәде­ни демалыс орындары халық игі­лігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құ­рылысы басталатын Түркістан облы­сының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аша түспек. 

Елбасы өз мақаласында ІХ-Х ғасыр­ларда сәулетті сарайлары, ірі медре­селері, мұнаралы мешіттерімен аты мәшһүр болған көне Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мәселесін де қозғады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбыр­ларын, қала қамалының қабыр­ғала­ры мен тағы да басқа жерлерін ішін­ара қалпына келтіріп, осының негізін­­де бі­лім­ді дәріптеуге және туризмді дамы­ту­ға баса мән берілуі қажеттігін еске салды.

Қазіргі сәтте Отырар қалашығын абат­­­­тандыру жобасы қолға алынып, жер­­гі­­лікті бюджет есебінен 28,8 миллион тең­­­ге қаржы бөлінді. Сонымен қатар үс­­ті­­міздегі жылы Отырар қалашығының Ви­зит-орталығының құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жос­парында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде ар­хео­­логиялық қазба жұмыстарын жүр­гізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуан­төбе қалашықтарына археология­лық зерттеу және қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізіледі. Оқсыз бен Ханқорған да назарымызда болады. 

Қазақ хандығының құрылып, мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған көне Созақ қаласына 2010 жылдары бас­талып, қаржы тапшылығынан бір-екі жылдан кейін тоқтап қалған ар­хео­логия­лық жұмыстар өз жалғасын табады.

Ал Үкімет қаулысымен бекітілген «ҚР туристік индустриясын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, облыс «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне енгізіліп, Түркістан қала­сы кластердің негізгі нысаны ретінде белгіленді. Түркістан Қазақстанның туристификациялау картасының респуб­ликалық маңызы бар ТОП-10 ныса­нына кіргізілді. Кластерге Отырар, Сауран қалашықтары, Арыстан баб, Қ.А.Ясауи кесенесі де ілікті.

Түркітілдес елдердің жастарын жа­қын­дастырып, өзара ынтымақ­тастықты күшейту және болашақ саяхатшылар мен өлкетанушыларды даярлау мақсатында «Түркі әлемінің бірегей тарихи орындарына өлкетану» экспедиция­лары және «Түркістанға оралу» түркі ха­лық­тарының этнофестивалі, Түркі әлемі­нің Ынтымақтастық күні мерекесі, Түр­ко­логтардың форумы, «Түркістан брэнді» түркі әлемі фотосуретшілерінің симпозиумын қолға алынбақ. Сондай-ақ ашық аспан астында фото көрме жүзеге асып, «SMART рухани жаңғыру» мобиль­­ді қосымшасы дайындалады. «SMART рухани жаңғыру» мобильді қосымшасын әзірлеу арқылы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын іске асыру аясында цифрлы технологияларды қолдану арқылы Түркістан облысының киелі жерлерін көруге және онлайн кітап оқуға мүмкіндік туады.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шы­сының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалары мен ойлары Түркістанды дамыту тұжы­рым­дама­сымен жан-жақты үйлесіп тұр. Өт­кенімізге үңіліп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге бағытталған жобалар Түркістанды түлетуге айрықша сер­пін бермек. Түркістанға қызмет – тарихқа құрмет деп білеміз!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Түркістан облысының әкімі