Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2018

Жолдау мақсаттары орындалумен құнды

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Павлодар облысына арнайы сапармен келді. Сапар барысында ол партия мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумына қатысты. Сондай-ақ М.Әшімбаев облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға барып, осы бағыттағы партиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Одан бөлек, партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының Жолдауы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған басымдықтарға назар аударды.

Жолдау мақсаттары орындалумен құнды

Алдымен «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен, облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төра­ғасы Болат Бақауовтың төрағалығымен ұйым­ның облыстық активінің отырысы өтті. Отырысты ашқан Б.Бақауов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалу барысымен таныстырды. 

– Өңір тұрғындары Елбасы Жолдау­ында айқындалған реформалардың маңыз­дылығын жете түсінеді, – деді Болат Бақауов. Басым бағыт бұл қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл күндері өңірде еңбекақылары төмен жұ­мысшылардың айлығын көбейту бойынша барлық кәсіпорындармен түсіндіру жұ­мысы қолға алынуда. Кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын орташа есеппен 12 пайызға арттырмақ.

Облыс басшысы атап өткендей, елімізде қабылданған «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша өңірдегі екінші деңгейлі банктерге 65 өтініш түскен. Қазір оның 29-ы мақұлданған. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да жылу, су төлем қызметтерінің бағасын төмендету үшін жұмыстар жүргізілуде.

Кездесуде «Нұр Отан» партия­сы Төр­ағасының бірінші орынбасары Ел­ба­сының Жолдауы мен жақында жария­ланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында ай­тылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын сөз етті. 

– Қазіргі таңда партиямыздың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Елбасы Жолдауына ақпараттық қолдау көрсету. Сон­дықтан аталған құжаттың мәні мен маңы­зын әр қазақстандыққа жеткізуде еселі еңбек етуіміз керек, – деді ол.

Сапар аясында партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев пен Пав­лодар облысының әкімі Б.Бақауов «Қаз­хром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты форумға қатысты.

Форумда М.Әшімбаев Ақсу фер­ро­қорытпа зауытының осындай ірі өндіріс орындарының бірі саналатынын айтты. Биыл құрылғанына 50 жыл толған, бүгінде Қазақстанның ферроқорытпа өндірісінің 60 пайызын қамтитын кәсіпорынның өнімдері Жапония, Корея, Қытай, АҚШ, Ресей мен Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы айқындап берген мақсаттарға қол жеткізу үшін еңбек адамына лайықты жағдай жасаудың маңызы зор екеніне тоқталды.

– Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау және оны лайықты бағалау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсаттағы бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі кез келген істің адам күшімен, адам еңбегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан еңбектің қорғалуы қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз ететін тиімді тетік, – деді М.Әшімбаев.

Өз кезегінде, Кәсіподақтар феде­ра­циясының төрағасы Бақытжан Әбді­райым федерацияның 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жария­лағанына назар аударып, сол бағытта атқа­рылған жұмыстарға тоқталды.

Айта кетейік, 2017 жылдың қоры­тын­дысы бойынша елімізде 1678 жұмыс­шының еңбек жарақатын алғаны анық­талған. Өкінішке қарай, олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы бас­ты назарда ұстап отыру аса маңызды.

Форум соңында Кәсіподақтар феде­рациясының ұйымдастыруымен өткізіл­ген «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік тех­никалық инспектор» байқауының жеңім­паздары марапатталды. 

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы қолға алған жобалардың бірі – еліміздегі кітапханалардың қызметін бүгінгі талап­тарға сай қайта жаңғыртып, оларды заманауи білім орталығына айналдыруға бағытталған. Сондықтан М.Әшімбаев сапар кезінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға арнайы барды. Аталған нысанның бүгінде 550 мың данадан астам кітап қоры бар. Қазіргі кезеңде аталған кітаптар «Қазақстанның ашық кітапханасы» партиялық жобасы аясында цифрлы форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстар Book Drive, Laren сияқты сканер құрылғылардың көмегімен жүргізілуде. 

«Нұр Отан» партиясының кітапхана қызметін жаңғыртудағы кезекті бастамасы заманауи білім орталықтарын құру ісі бо­йынша Павлодар облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бүгінде өңірде 25 коворкинг орталығы ашылып, онда кітап оқумен қатар, түрлі тақырыптарда пікірталастар мен тренингтер және белгілі тұлғалардың дәрістерін өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.

Кітапхана оқырмандарымен және өңірдің бір топ жас ақын-жазушыларымен кездескен М.Әшімбаев мұндай бас­та­малардың маңызы зор екенін айтты.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының негізгі мәні жастардың білімге деген құштарлықтарын арттыру. Ал бар білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл – бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған нақты жұмыстар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»