Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Жымпитыда атқа міну акциясы басталды

976 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында атты ерттеу және атқа міну мәдениеті тақырыбына жастарға арналған шеберлік сағаты өтті. Ерекше «дәрісті» дәстүрлі әнші, дәстүрлі «Жігіт сұлтаны» байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы, шабандоз Сәлімжан Әубәкіров жүргізген. 

Жымпитыда атқа міну акциясы басталды

«Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы және аудандық мәслихат депутаты Серік Тоқмәмбетовтың ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген атқа міну мәдениетін жаңғырту мәселесіне үн қосу.

Шеберлік сағатына қатысқан Сырым аудандық колледжі студенттері, Жаһанша Досмұхамедұлы және Қадыр Мырзалиев атындағы мектеп оқушылары ат әбзелдері атауларымен танысып, атты дұрыс ерттеу және босату жөнінде дәріс алды. Көшпелілердің мыңжылдық тәжірибесін көзбен көріп, қолмен ұстап, тіпті өздері тәжірибе жүзінде жасап та көрді. Ал атқа мінудің ыңғайы, оның күтімі мен бабы туралы Сырым аудандық мәслихатының депутаты Серік Тоқмәмбетов кеңірек айтты.

- Жиналыс жасап, баяндама оқумен жастарға рухани тәрбие бере алмаймыз. Оларға өзіміз нақты іспен үлгі көрсетуіміз керек! Шеберлік сағаты жастарға пайдалы болды деп есептеймін. Дәстүрлі шаруашылықты жаңғыруды ұдайы жүзеге асыруға ниеттіміз, – дейді шара туралы «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев.

- Атқа міну мәдениетін алдағы уақытта бұқаралық спорттық шаралардың бірі ретінде де қолданған жөн. Мемлекеттік мереке құрметіне велошеру, автошеру өткізе бергенше, бір кезек салт аттылар шеруін де өткізуге болатын секілді, - дейді біздің жымпитылық әріптесіміз, Бауыржан Ширмединұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»