Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2018

«НКОК»: әлеуметтік жауапкершілік айрықша назарда

377 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жер қойнауын игеруші компаниялардың әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына көңіл бөлуі – жақсы үрдіс. Мысалы, бір ғана «Норт Каспиан Оперейтинг Компаний Н.В.» (НКОК) компаниясы Атырау мен Маңғыстау облыстарында 1998 жылдан бері 200 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырды. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қайырымдылық бағыттарына 20 жыл ішінде 620 миллионға жуық АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсады. Бұл – компанияның әлеуметтік жауапкершілікті жете сезініп, ел игілігін еселеуге қосқан үлесі.

«НКОК»: әлеуметтік жауапкершілік айрықша назарда

Халықтың қамы үшін...

Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлісу туралы келісім аясында «НКОК» компаниясы 20 жылдан бері халыққа пайдалы жобаларды жүзеге асыруды айрықша назарда ұстап келеді. Өткен жылдың өзінде ком­пания 50 млн АҚШ долларын осы мақсатқа арнады. Соның нәтижесінде Атырау мен Маң­ғыстау облысында жаңа мектептер мен балабақшалар, ауру­хана­лар мен спорт кешендері, мәдениет үйлері бой көтеріп, жолдар, инфрақұрылымдық нысандар салынды.

– Мұнай және газ саласын­дағы негізгі қызметінен бөлек, «НКОК» компаниясы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына консорциумның септігін тигізуді үнемі назарда ұстайды, – дейді компанияның корпоративтік қызмет­тер жөніндегі директоры Бал­табай Қуанышев. – Солтүстік Кас­пий жобасы аясын­да жергі­лікті халықтың әл-ауқатын жақ­сартудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атырау мен Маңғыстау облыстарын өз үйіміз деп мақтана айта ала­мыз. Себебі жобаның бірінші кезеңін орындау барысында жұмыс істеп жүрген 3 мыңға жуық қыз­меткеріміз бен 10 мыңдаған мер­­дігер және жабдықты жет­кізу­шілер осы өңірлердің тұрғындары. Республикалық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, біз әлеуметтік және инф­ра­құрылымдық жобалар бойынша жұмысымызды жалғастыра береміз.

НКОК-тың өңірлердің әлеу­меттік дамуы жолында атқарған жұмыс­тарын мақтанышпен айтуға болады. Қашаған кен орнын игерудің алғашқы кезеңінің өзі бірнеше онжылдықты қамтиды. «Жоба акционерлері Қазақстанға миллиардтаған доллар пайда әкеледі деп күтілуде», дейді ком­панияның басқарушы директоры Бруно Жардэн. Тікелей шетелдік инвестиция бойынша еліміз­дегі ең ірі жоба ретінде Солтүстік Каспий жобасы экономиканы ынталандырып, халықты жұмыспен қамтуға, жергілікті компанияларды дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Қаша­ғанның коммерция­лық мұнай өндіруді бастағаны­на көп уақыт өте қоймаса да, ком­панияның жергілікті тауар­ларды, жұмыстарды, көрсетіле­тін қызметтерді сатып алу көлемі өткен жылы 330 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл – көңіл қуан­тарлық көрсеткіш.

Компания жүзеге асыратын жобаларды облыстық әкімдіктер ұсынады. Екіжақты келісім негі­зінде жобалар бекітілгеннен кейін «НКОК» жобалау мен инженер­лік әзірленім, келісімшарт беруге арналған тендер, жүзеге асыру және тапсыру-қабылдау жұмыстарына жауапкершілік алады. Осы шаралардың мін­сіз атқарылуының нәтижесінде мұ­­на­йлы өңірлерде халықтың қажетіне жарап отырған бірқатар нысандар пай­далануға беріл­ді. Мұны Солтүстік Каспий жобасы­ның 25 жылдығы қар­са­ңында екі аймақтың басшылары да атап айтты. Атырау облысы­ның әкімі Нұрлан Ноғаев: «Осы ерек­ше, кең ауқымды жобаны жүзеге асыру кезеңінің басталуы – Қазақстанның мұнай өнді­рісі тарихындағы жаңа бет, ел экономикасындағы тың серпіліс. Біздің бірлескен жұ­мы­сы­мыз ел игілігіне жарап, халы­қ­тың мүддесіне қызмет етеді деген сенімдемін» десе, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов: «НКОК компаниясы соңғы үш жылда жалпы көлемі 75 миллион АҚШ долларына тең инвестиция жасады. Жүздеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Бұл – Президентіміздің жоба­сы, еліміз­дің, тәуелсіз Қазақ­станның дамуына қуат­ты серпін беруші жоба» деп атап көр­сетті. Компания жұмысына деген елдің ықылас-ниетін, ризашылығын осыдан да аңғаруға болады.

Жақсылық жасаудан жалықпаған

Солтүстік Каспий консор­циумының қолдауымен салынған әлеуметтік нысандар қатары жыл сайын толығып келе жатқанын «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» деген халық даналығымен де байланыстыруға болатындай. Мысалы, Атырау облысы Махам­бет ауданындағы Береке ауылында бой көтерген мәдениет үйі халыққа қуаныш сыйлады. Кең де жарық 200 орындық ғимаратты салу­ға «НКОК» 305 млн теңге жұмса­ған. Ауыл­дық жерде мәдениетті дамытып, жас таланттарды шыңдауға, жаңа есімдерді анықтауға жол ашатын бұл орын ауыл тұрғындарының жиі бас қосатын мекеніне айналды. Биыл шілде айында компания Мақат аудандық ауруханасына реанимобиль сыйға тартты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек Оңдасынов адам өмірін ажалдан араша­лап қалу үшін заманауи көлікте қажет жағдайдың бәрі жасалғанын айтады. Ауыл тұрғындары үшін, әсіресе тіс ауырған кезде қиын. Алыстағы ауылдың бәрін­де бірдей стоматолог маман жоқ. Индер аудандық ауруханасына қымбат тұратын заманауи үлгі­дегі стоматологиялық жабдық сыйлаған «НКОК» қашанда халықтың жай-күйіне алаңдай­тынын танытты.

Биыл Солтүстік Каспий жоба­сының операторы – НКОК ком­паниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн Атырау об­лыстық ауруханасына сыйлық ретінде соңғы үлгідегі күйікке қарсы жаңа «Clinitron» кереуетін тарту етті. Жапонияда жасал­ған қымбат құралды қабылда­ған облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров: «Осы­ған дейін науқастар тех­ни­калық талаптарға сай келмей­тін ескі құралдармен емделіп келді. Енді «НКОК» табыстаған жаңа медициналық жабдық­тың көмегімен күйіп қалған адам­дар­ға сапалы меди­циналық көмек көр­сетуге және өмір­шеңдікті арт­тыруға мүм­кіндік туып отыр», дейді. Алғыс­қа -толы мұндай мы­­сал­­дарды тізе берсек, тіп­ті көп. Ақтау қаласындағы «Маң­ғыс­тау Арена» спорт кешені де осы компанияның демеу­ші­лігі ар­қа­сында бой көтерген. Аты­рау­дағы денешынықтыру-сауық­тыру кешені, инфекциялық аурухана, Білім-инновация лицейі, қан орталығы, Маңғыстаудағы салтанат сарайы, достық үйі, мектептер мен балабақшалар секілді қазіргі заман талаптарына сай басқа да нысан­д­ардың салынуында «НКОК»-тың зор үлесі барын құрметпен айтуға тиіспіз. Компания бірнеше жылдан бері шұғыл медициналық қызметті жақ­сарту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруда. Солтүстік Каспий кон­сор­циумының қолдауымен бастау алған жоба арқасында денсаулық сақтау жүйесі жаңа сатыға көтерілді. Бұл жобаны Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі сапалы жедел жәрдем үлгісі ретінде атап өтті. Қазақ­стандағы аме­рикалық сау­да палатасы НКОК компания­сын «Денсаулық сақтау» аталымы бойынша жоғары дәрежелі жүл­демен марапаттады.

Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығына арнайы жолдаған құт­тық­тау хатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздер тәуелс­із Қазақстанның маңызды әрі ірі жоба­ларының бірі болып саналатын Қашаған бірегей теңіз кен орнын игеруге көп күш жұмсап, зор еңбек сіңірдіңіздер. Жас мемлекетіміз үшін сол бір күрделі жылдарда теңіз шельфінен көмірсутегін өндіру ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған міндет еді. Қиын­шылықтың бәрін жеңіп, болашақ ұрпағымыз мақтан тұтатын осындай үлкен бастаманы біз бірге жүзеге асыра алдық. Бұл жоба елімізге шетел инвестициясын, жаңа технологияларды, әлемдік тәжіри­бені әкеліп, өзара пайдалы халықара­лық ынты­мақ­тастық пен серіктестіктің жарқын мысалына айналды» деп атап көрсеткен.

Әлеуметтік және инфра­құрылымдық жобалардан бөлек «НКОК» демеушілік көрсетуді, қайырымдылық шараларын жасауды да ұмыт қалдырмайды. 20 жыл ішінде осы мақсатқа 19 млн АҚШ долларын жұмсаған компания алға қарай да ізгілікке үн қосуды жалғастыра бермек.

– Бүгінде біз Солтүстік Каспий жобасына белсенді атсалысып, үлес қоса алатынымызды мақ­тан тұтамыз және Қазақстан Рес­пуб­ликасының мұнай-газ өнеркәсібі тарихындағы межесі биік мерейлі белес екенін жақсы түсінеміз. Біздің Қашаған кен орны еліміздің жедел қар­қын­мен дамуы үшін маңызды энер­гетика көздерінің біріне айна­латынына күмәніміз жоқ. Ол Қазақстан экономикасының дамуына шешуші әсер етіп, кон­сорциум акционерлерінің үмітін ақтайды деп сенеміз, – дейді «НКОК» компаниясының бас­қарушы директоры Бруно Жар­дэн. Компанияда жасалып жат­қан әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық мін­деттемелер, тиімді ынты­мақ­тас­тық пен ұзақ мерзімді жос­парлардың мақ­саты айқын, ол – қоғамға, жалпы адам­затқа жақ­сылық жасау. Мұның бәрі ком­­пания қызметкерлерінің қажыр­­лы еңбек­терінің жемісі.

 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ