Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2018

Ақтөбе облысында газ өңдеу зауыты іске қосылды

1847 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Қожасай» кен орнында заманауи газ өңдеу кешені пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ин­дус­трияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақ­станда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпірде жаңа зауыттың жұмысын бастауға тікелей эфир арқылы рұқсат берді. 

Ақтөбе облысында газ өңдеу зауыты іске қосылды

Еліміздің газ саласындағы ірі индустриалды жобаларының бірі­нен саналатын бұл зауыт Пре­зиденттің Ақтөбені миллион тұр­ғыны бар заманауи қалаға айналдыру жөніндегі тапсырмасына дөп келеді. Өйткені саны артып келе жатқан қала тұр­ғын­­д­ары мен қазіргі таңда жұмыс іс­теп тұрған коммуналдық және өн­ді­ріс­тік нысандардың таби­ғи отын­­ға деген қажеттілігін қана­ғат­тан­­дыру бүгіннің маңызды мәселесі.

Индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпірде сөз алған газ өңдеу зауыты жобасы­ның жетекшісі – «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Болат Сақтағанов Елбасына «Қожасай» кен орнында ілеспе газды кәдеге жарату және өңдеу жөнін­дегі заманауи зауыттың салын­ғаны туралы баяндады.

«Біз сіздің елдің ішкі нары­ғын тауарлы газбен толтыру және ресурстық базасын арттыру жөнін­дегі тапсырмаңызды орын­дадық. Шикізатты қайта өңдеуді арттыра отырып, өнімнің жаңа түрлерін игеруге, таяу және алыс шетелге экспорттауға дайынбыз. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы, энергетикалық кешенді қосуға рұқ­сат етіңіз!» деді ол. Елбасы атал­ған энергетикалық кешен жұ­мысына сәттілік тілеп, іске қосты.

«Бұл өңір халқы үшін өте қуа­нышты жаңалық. Қазақстан мұнай мен газ өндіретін елдердің бірінен саналады, сондықтан тұрғындарды газбен қамтамасыз ету – біз үшін маңызды міндет. Қазір біз «Сарыарқа» газ құбырын салайын деп жатырмыз және осының бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалуда. Мен сіздерді қуанышты жаңалықпен, өндірістің іске қосылуымен құттықтаймын. Іске қосайық, ақ жол, сәтті болсын!»  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаңа зауыт шикізат базасын ұтымды пайдалануға, ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді ұлғайтуға және ауаға зиянды заттардың шыға­рылуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жаңа жоба өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, облыстың экономикалық әл-ауқатына да айтарлықтай үлес қосады.

«Бұл – Қазақстандағы жеке инвестициямен салынған газ өңдеуші жалғыз зауыт. Кәсіпорын Ақтөбе облысының экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді, өйткені зауытты салу және пайдалану кезінде 1500 жұмыс орны құрылды, соның ішінде тұрақты 250 жұмыс орны пайда болды. Экспортқа бейімделген зауыт өнімінің басым бөлігі сыртқы на­рыққа шығарылатынын атап өткім келеді», дейді облыс басшысы.

Инвестициялық жоба энергети­калық және экологиялық қауіпсіз­дік жөніндегі мемлекеттік саясат шеңберінде, сондай-ақ елдің ішкі нарығын тауарлы және сұ­йы­тыл­ған газбен толықтыру мақса­тын­да іске асырылып отыр. Жоба­ның басы-қасында жүрген Болат Са­қта­ғановтың айтуынша, зауыт қазіргі заман талабына жауап беретін жаңа технологиялармен жабдықталған.

«Еліміздің ресурстық базасын тауарлы газбен толықтыруда маңызды орын алады. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы ішкі және сыртқы нарық­қа газ тасымалдауға қажетті инфра­құрылымның барлығын салып берді», дейді ол.

Оның сөзінше, аталған жоба­ға 42 млрд теңге сомасында жеке инвестиция салынған. Қуаты сағатына 40 мың текше метр газ өңдеуге же­тетін газды кешенді да­йындау қон­дырғысы ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жылы­на 226 млн текше метр тауар­лы газ, 37 мың тонна пропан-бутан қоспасын, 5,4 мың тонна газ конден­сатын, 10,5 мың тонна түйір­шік­тел­ген күкірт алуға мүмкіндік бере­ді. Жаңа газды қайта өңдеу кеше­­ні өнімінің 70 па­йы­зы Бұхара – Орал магистралды газ құбыры ар­­қы­­лы шетелге экспорттала бастайды.

Алдын ала жасалған болжам бойынша, зауыт жеті жыл ішінде өңірлік және республикалық бюд­жетті 10 млрд теңгеден астам салық түсімдерімен толықтырады.

Ақтөбе облысы аумағындағы жаңа зауыт еліміздің отын-энер­гетика­лық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінімен де құнды. Олай болса, жаңа жоба ғұмырлы болғай дейміз.

 

Тұмар МЫРЗА