Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2018

Әлеуметтік мәселелерді шешуге жылына 200 миллион теңгеге жуық қаржы бағытталады

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоқырау кезеңінің теперішін көп көрген қазақ ауылдарының бірі – Дайындық. Егемендігіміздің елең-алаң шағында жеке­шелен­діруді бас пайдасына жаратқан кей пысықайлардың талан-таражына түскен, оған қоса11 миллион теңге қарызға батқан ауылдан тұрақты жұмыс іздеген от­­ба­сылар  жан-жаққа көше бастады.  Уақыт алға жылжыған са­йын үйлердің үңірейген ор­ны көбейіп, түтін саны 35-ке дейін құлдырағанда үлкендер жағы қатты сасқан.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге жылына 200 миллион теңгеге жуық қаржы бағытталады

Дәл осылай жалғаса берсе, ауылдың жұртын сипап қа­ла­тын түрлері бар. Адам тығырыққа кезіккенде жан-жағына қарағыштап, көмек іздейтін әдеті ғой. Көшелі қария­лар қол қу­сы­рып, қа­ре­кет­­сіз отыра бергеннен түк өн­бейтінін сезіп, алыс-жа­қын ағай­ын­дарға сауын ай­тып, қолқа салған. Әңгіме төркіні ауылды басқара алатын азаматтардан кімдер бар деген мәсе­леге тірелген. Бірнеше үміткердің аты-жөні аталып, араларынан таңдау Біржан Шаймерденовке түскен. Оның іскер, талапшыл, жігерлі, уәдеге берік қаси­ет­терін ауылдастары жақсы білетін. Ең лайықтысы осы деген пәтуаға тоқтасқан.

Біржан жерлестерінің өті­нішін жерге тастаған жоқ. Сын сәт­те ауыл­дас­та­ры­­н­ың жанынан табылып, қиындықты бір­ге еңсеруді құп көрген ол қала­да­ғы жайлы пәтерін, жақсы қыз­метін та­рау­дың аз-ақ алдында тұрған ауылға айырбастап, екінің бірі тәуекел ете бермейтін мәрттік танытқан.

Дайындықты ел Тәуел­сіз­дігінің құрдасы десе де болады. Құрып кете жаздаған ауылдың қайта жаңғыруы нақ осы кезден бастау алады. Іс­тің көзін тауып, ұтымды ұйым­дас­ты­ру арқылы бере­шек­тен толық құтылып, ең­се­лерін жазды. 200 гектар егіс­тік алқап 15 мың гек­­­тар­­­ға дейін, оның ішінде май­­­­­лы да­қылдар алқабы да ай­­­тар­­лық­тай ұлғайтылды. Оз­ық агро­­технологиялар ке­­­­­­­ңі­­­­­­­­нен қол­данылып, егін­ші­­­­­лік мә­дениетін жақсар­ту ба­­­­ғы­тында жақсы тә­­жіри­­белер қалыптасты. Соң­ғы он жыл­дың бедерінде астықтың шығымдылығы 25-30 цент­нерден төмендеген емес. Қуаң­­­шылық жылдардың өзінде 17-20 центнерден өнім жиналды. Бастапқыда 40 мил­лион теңгеге Шығыс Қазақ­стан, Қостанай облыстарынан қазақтың 230 ақбас сиыры әкелініп, аукцион арқылы сатып алынған канадалық гере­форд бұқаларымен ша­ғы­­­лыс­тырылды. Сөйтіп ет­ті бағыт­­тағы фермалар ұй­ым­­­дастырылып, асыл тұ­қымды репредуктор шаруа­шылық мәртебесін ие­лен­ді. Мал бордақылау алаң­да­рында 1,5 мыңға жуық ірі қара малы бағылады. 1200 басқа шақталған мал шаруа­шы­лығы кешені келесі жылы пай­да­лануға берілмек.

Қазір ауылда 60-тан ас­там түтін бар. 2010 жылы Моңғолиядан келген көп балалы отбасылар қоныстандырылып, жұмыс­пен, баспанамен қамта­ма­сыз етілді. Олардың 11 баласы сабаққа барып, негізгі мектеп мәртебесі сақталып қалды. Біржан Әбділманұлы жет­­­кін­шектерге қам­­қор­лығын аяған емес. Бас­­тауыш мек­теп оқушылары те­­гін та­мақ­танады. Ғимаратты және спорт залды күрделі жөн­деу­ден өткізуге 58 миллион теңге жұмсалып, жеңіл көлік сыйлады. Жарты миллион теңге бөлініп, шағын орталық ашылды. 250 мың теңгеге өрт дабылы орнатылды. Туған жер десе, ет жүрегі елжіреп тұратын кәсіпкер ауылдастарының әлеуметтік мұң-мұқтаждарын шешуді әр­­­кез ал­­­дың­ғы орынға қоя­­­­­ды. Үй­­­­­лер­­ге су тартылып, ор­­­та­­­­­лық­тандырылған жы­­­­лу жүйе­­­сіне қосылды. Фельдшерлік-акушерлік пун­кт, мә­дениет үйі, кітап­ха­на, қоғам­дық монша, мешіт жұ­мыс істейді. Қан майданнан ор­алмаған боздақтар мен бей­біт өмірде еңбек етіп, қайтыс болған адамдардың аты-жөндері жазылған ес­керт­кіш тұрғызылды. Оның ма­ңайы саябаққа айналдырылып, ағаш жайқала өсіп тұр. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында 10 жұмысшыға 50 пайыздық жеңілдікпен жеңіл көлік әперілсе, содан бергі кезеңде ондай құрметке бөленгендердің қатары елуден асқан.

– Құрылыс жұмыстары шаруа­шылық есебінен ат­қа­рылады. Соңғы үш жылда 15 үй салынып, бірінші ке­зек­те мұғалімдер, жұ­мыс­­­шы­лар қамтамасыз етіл­ді. 120 шаршы метрлік баспана­ны салуға шамамен 5 миллион теңгедей қаржы жұмсалса, қоныстанушылар шығынның оннан бірін ғана өтейді. Үй­лер­дің сапасы жақсы. Кө­көніс егетін жері, мал ұстай­тын қора-қопсысы бар. Се­рік­тес­тік мемлекет-жеке­­меншік әріптестігі бағ­дар­ламасына да белсене қаты­сады, – дейді мектеп дирек­торы Талғат Рамазанов риза­шылық сезімін жасыра алмай.

Жұмыссыздықтың не еке­нін біл­мей­тін елді мекен тұр­ғын­дарының орташа жала­қысы 90 мың теңгеге жете­ғабыл. Маусымдық науқан кез­­дерінде механизатор­лар мен комбайншыларға 200 мың теңге мөлшерінде бір­рет­тік сыйақы беріледі. 

Міне, қаладағы жылы ор­нын ауыл­ға алмастырған кә­сіпкер Біржан бір кез­дер­дегі алынбас қа­­­мал­дай көрінетін қи­ын­­­­­­дық­тарды жеңіп, ел аза­­­­­­ма­тына лайық өз орнын тап­қан. Кеу­де­сіне та­ғы­­л­­ған «Құрмет» ор­дені, «Ерен еңбегі үшін» ме­да­лі, «Мемлекеттік тіл меценаты» төсбелгісі елге сіңірген ерен еңбегін айғақтайды.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар