13 Желтоқсан, 2018

Леонид Прокопенко: Бірлік – елдігіміздің тірегі

584 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Белгілі бір елдің аты аталғанда онымен бірге тіл ұшына оралатын атаулар, белгілер, көріністер болады. «Қазақстан» дегенде ұлан-байтақ дала, желмен жарысқан сәйгүліктер, жер мен көкті жалғаған «Байқоңыр» көз алдымызға келеді. Ал халықаралық деңгейлі жиындарда татулық пен қоғамдық келісім сөз болса, «БҰҰ-ның шағын нұсқасы», «әлемнің басқа мемлекеттері үшін орнықтылық пен дамудың үлгісі бола алатын» біздің Отанымыздың, оған қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының аты аталуы дәстүрге айналған.

Леонид Прокопенко: Бірлік – елдігіміздің тірегі

Тәуелсіздіктен кейін көп ұзамай-ақ құ­рылған жаңа қоғамдық институт қыз­мет­інің негізгі қағидаттары еліміздегі этно­саралық келісім мәселелерімен айналысу болып айқындалды. Сол бағыттан ауыт­қымаған Ассамблеяның өткен жылдар ішіндегі қызметінің аса салмақты, тағ­дыр­лық сипаты бар нәтижелері де бар­шы­лық.

Қазақ топырағына тағдыр айдап келген көптеген этностарға өздерінің тарихын біліп, тілін дамытып, салт-дәстүрін сақ­тау­ға жағдай жасалуы – қазақстандық ұлт саясаты беріп отырған ештеңемен өл­шен­бейтін, баға жетпес мүмкіндік. Соның ішінде, Ассамблеяға мүше әр этнос, яғни, Қазақстанның әр тұрғыны, өздерінің біртұтас халық екенін, ел тағдырына ортақ жауапкершілікте екенін жүректерімен ұғынғаны ең биік жетістіктердің бірі ретінде аталары анық.

Қазіргі кезеңде Ассамблеяның қыз­меті қо­­ғам­­ның, мемлекеттің және әр­бір азаматтың үйлесімді бірлігінің ал­го­­­ри­­т­­міне негізделіп түзіліп отыр. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кі­та­­бында «Біз дем алған кезде жұтып жат­қан ауаны байқамаймыз, ол өзінен-өзі атқарылады – біз солай өмір сүреміз. Бір­лі­гі­­­міз бен этносаралық келісімді де дәл солай байқамаймыз. Дегенмен осының бәрін біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», деп, этносаралық келісімді тіршіліктегі тынысымызбен салыстырады.

ҚХА институты арқылы дамып келе жатқан біздің моделімізде бөлу де, бөліну де жоқ. Міне, сондықтан да Қазақстан Тәуелсіздігінің тұғырлы іргетасы бірлік, татулық пен келісім болған және солай болып қала береді.

Қазақстан, Мемлекет басшысының жолдауларында, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасында көрініс тапқан, мемлекеттің стратегиялық мақсаты – неғұрлым бәсе­ке­ге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді іске асырудың шешуші кезеңіне шықты. Бұл Тәуелсіздік тұғырына айналған қо­ғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ны­ғай­ту бойынша мемлекет пен қоғамның келешектегі жаңа жұмыс алгоритмін тұжырымдауға негіз болып отыр.

Бұл тәсілдердің мәні мен мазмұны қандай?

Ең алдымен, қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлік «әлеуметтік мемлекет» конституциялық нормасын то­лық­­тыру тұрғысынан қосымша түрде жаңа ин­сти­тут­­­­тық негіз бен нақты маз­мұнға ие болды. Елбасы қоғамдық ке­лісім мен жалпыұлттық бірліктің қа­лып­тасқан қазақ­стандық моделін нақты, праг­­­ма­тикалық әлеуметтік мемлекет пен ұлт­тық әл-ауқат моделімен нығайта түсті. Бұл ретте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «қазіргі заманғы жаһан­­­дық жағдайларда ұлт бірлігінің әлеу­меттік бірлікті білдіретіндігі» туралы ой­ының маңызы зор.

Ел­басының әлеуметтік бастамалары қо­ға­мымыздың әлеуметтік кеңістігін, құры­лымдық тереңдігі мен ширақтығын кеңей­­туге, оның түрлі деңгейлері мен құры­лымдық элементтері арасындағы өзара байланыстары мен бір-біріне деген тә­уел­ділігін нығайтуға, ұтқырлықтың жаңа вертикальдары мен әлеуметтік лифті­лер­ді қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік бірлік дегеніміз, міне, осы – этностық, діни және басқа да ерек­шеліктеріне қарамастан, қазіргі за­ман­ғы қоғамның барлық сегменттері мен страттарының бір-біріне деген тә­уел­ді­лігін нығайту. Ал олардың заманауи әлеу­меттік негізге үйлесе өрілетіні де күмән ту­дырмайды.

Әр азамат үшін, әлеуметтік мақсатын іске асыру жағдайында, өзінің барша қазақ­стан­дықпен бірдей, тең екен­ді­гі басты негіз. Бұл ретте оның қай дін­ді ұстанатыны, қай этнос­­тың немесе ұр­пақ­тың өкілі екендігі және бас­қа да ерекшеліктері қосалқы рөл ат­­қа­рып, әдетте, өзара іс-қимыл жасау үшін басқа этнос­тар мен діндерге ашық пози­тивтік сипатта болады. Іс жүзінде ел Тәуелсіздігінің берік іргетасын қалайтын да нақ осы жай.

Әрине, бұл ретте Президенттің әл­еу­мет­тік бастамалары мемлекет пен қо­ғамда Тә­у­ел­сіздігімізді нығайтудың жаңа саяси, идеологиялық және рухани векторын жасаған «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­ма­сының идеяларын іс жүзінде дамытып, нақты іске асыратын жол болғанын атап өтуіміз керек. Олар қоғамдық сананың бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімге құштарлық және сананың ашықтығы сияқты жаңа қасиеттерін қалыптастырумен тікелей байланысты. Бұл бағытта Ассамблея атқаратын істер бірнеше жылға жоспарланып қойған.

Жалпы Қазақстан қоғамы үшін ма­ңыз­ды бастамалардың Ассамблея мін­бе­рінен жарияланатыны, ел бірлігін арт­тыру­ға, адамдардың бойында белсен­ділік, қайырымдылық, азаматтық ұс­та­ным­ды қалыптастыратын акциялар мен қозға­лыстардың Ассамблея жиындарынан бастау алатыны қалыпты жағдай. ҚХА-ның ХХIV сессиясында Мемлекет басшы­сының ұсынысымен Ассамблея ел­дегі қайырымдылыққа қатысты қыз­мет­тің үйлестірушісі болып белгіленіп, «Қайырымдылық керуені» қозғалысы бас­тау алды.

Қайырымдылық жасаудың жазылмаған заңы – жасаған жақсылығын жарнамаламау. Қайырымгерлер соны ұстанады. Осы ретте, кеудесінде Ассамблеяның «Жомарт жан» төсбелгісі бар отандастарымыз – Отанның, қоғамның игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар екенін айта кету бізге парыз. Мұндай, елге әлеуметтік нысандар салуға, науқас жандарға күрделі ота жасауға, түрлі апаттардан зардап шеккендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүрген жандардың жыл сайын қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Бастапқыда халық ресми орган ретінде қарайтын Ассамблеяның іс-шаралары оның халыққа етене жақын ұйым екенін танытты. Өйткені ол шараларда халыққа жақын ой айтылып, жұртшылық жанына жағатын істер бастау алады. Сондықтан да болар, «Қайырымдылық керуені», «Қазақтану», «Мың бала», «Қазақстанға – ыстық ықыласпен!», басқа да көптеген іс-шараларға адамдар ықыласпен қатысады. Себебі елде Ассамблеяның іс-шаралары жатты жақындатып, мәртті танытатын, күнде кездесіп жүрген адамыңды жаңа қырынан көрсетіп, бойдағы игі қа­сиет­терді оятатын іс-шаралар екені мойындалған.

Биылғы жыл тағы бір жаңа, мағыналы жобамен есте қалары анық. Сессиядан кейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақтану» жобасы қалың елге жол тартты. Бірнеше облыста өткізілген шаралардан кейін бұл – халықтың көптен күткен жобасы екендігіне көз жеткіздік.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­­ла­сында Президент: «Төл тарихын білетін, ба­ға­лайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп жазады. Біздің «Қазақтану» жобасының мақ­саты да сол – барымызды бағалау, құн­ды­лық­тары­мыз­ды сақтау, дамыту, тарихымызды біл­іп, мақтан ету. Жобаға еліміздің түкпір-түк­пі­рінен аға буын мен жас толқын өкілдері, ға­лымдар мен шығармашыл тұлғалар, эт­номәдени бірлестіктер мүшелері белсене атсалысуы оған деген сұранысты, қажеттілікті көрсетеді.

Осыдан екі жыл бұрын, Тәуел­сіз­ді­гі­міз­дің ширек ғасырлық датасы атап өтілген кезде «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мо­ну­менті аумағында ҚХА-ның Бейбітшілік және келісім саяжолы пайда болды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты аш­ы­­луы­на қатысқан шетелдік қонақтар, дипло­­матиялық корпустың өкілдері оны Қазақ­­станда орныққан қоғамдық ке­лі­сім мен этносаралық татулықтың сим­­­­­во­лындай қабылдайтындарын айт­­қа­ны есімде қалыпты. Меніңше, біздің отандастарымыздың жүрегіндегі қо­ғам­да­ғы келісім мен бірліктің, достықтың мыз­ғы­мас беріктігі туралы сенімі де осы монументтей асқақ.

Таяу­да жария еткен «Қа­зақ­стан­дық­­­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс са­па­сын арттыру» атты Жол­дауын­да Елбасының: «Бірлігіміз мызғымаса, ын­ты­ма­ғымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды» деген сөздері ел бірлігін ту етіп отырған Ассамблеяға артылған сенім жүгін арттыра түседі.

 

Леонид ПРОКОПЕНКО,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары