Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2018

Қостанай облысында полицейлер «барымташыларды» ұстады

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысында полицейлер «барымташыларды» ұстады

Амангелді аудандық полиция бөлімінде мал ұрлығымен айналысқан екі адамға қатысты қылмыстық іс жатыр. Осы ауданға қарасты Байғабыл ауылындағы шаруа қожалығының 11 бас жылқысын жайылымда жүрген жерінен жұмыссыз 37 және 46 жастағы екі адам айдап алып кетеді. Оларды полицейлер «Скотокрад» жедел-профилактикалық шара кезінде анықтап, ұстады. Күдіктінің біреуі жылқыларды қараша айында өзімен ұрлықты бірге жасап жүрген адамның қорасына әкеліп қамап қойған. Ары қарай әрекетті екеуі бірге жасаған. Олар ұрлаған малды сойып, етін Астанаға апарып сатып отырған.

Жедел-профилактикалық шара кезінде полицейлер күдіктінің бірі сойылған жылқының еті мен терісін үйіне тығып қойған жерінен тауып алды. Полицейлер сойылған жылқының түр-түсі туралы шаруа қожалығына хабарлайды. Бір қызығы, шаруа қожалығының жееткшісі жылқыларының қолды болғанын полицейден есітеді, ол малын жайылымда жүр деп ойлапты. Шаруа қожалығына келтірілген шығын 3 миллион теңгеден асады.

Қазір ҚК 188-бабы, 3-бөлім, яғни «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қостанай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста жыл басынан бері 243 бас мал ұрланған, оның ішінде 108 іс ғана ашылды.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай