Футбол • 13 Желтоқсан, 2018

УЕФА Чемпиондар лигасы: 16 үздік анықталды

853 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бесінші турдан кейін-ақ футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шыққан 12 клуб анықталып қойған еді. Алтыншы турдың бірінші күнінің нәтижесі бойынша тағы үш команда көздеген мақсатына қол жеткізді. Олар – ПСЖ, «Ливерпуль» және «Тоттенхэм».

УЕФА Чемпиондар лигасы: 16 үздік анықталды

Испанияның «Барселонасы» мен «Реалы», Германияның «Бавариясы», Голландияның «Аяксы», Италияның «Ромасы» мен «Ювентусі» және Англияның «Манчестер Ситиі» мен «Манчестер Юнайтеді» өз жоспарларын күні бұрын жүзеге асырса, көп кешікпей олардың қатарына Испанияның «Атлетико», Германияның «Боруссия» мен «Шальке-04» және Португалияның «Порту» клубтары қосылды.

Алтыншы турда «С» тобында аса шиеленісті бәсекелер өтті. Сербияның «Црвена Звездасынан» басқа үш команданың да плей-оффқа шығуға мүмкіндіктері болды. Аутсайдер өз алаңында ПСЖ-ға лайықты қарсылық көрсете алмай 1:4 есебімен ұтылды. Франциялық ұжым бірінші орынды олжаласа, екінші жолдама үшін тартыс «Ливерпуль» мен «Наполи» арасында өтті. Бұл матчта 1:0 есебімен жеңіске жеткен ағылшындар екінші сатыға жайғасты. 

Сол секілді «В» тобындағы екінші жолдама үшін «Тоттенэм» мен «Интер» таласты. Сырт алаңда «Барселонамен» тең түскен ағылшындардың асығы алшысынан түсіп, олар келесі кезеңге өтті. Өз алаңында ПСВ-ның жеңе алмаған «Интер» үшінші орында қалып қойды. Бұл кездесулердің екеуі де 1:1 есебімен аяқталды.

Бүгін түнде 1/8 финалдық сайыстың соңғы жолдамасына иелік ететін команда анықталды. Киевте өткен матчта «F» тобында өнер көрсететін «Шахтер» мен «Лион» күш сынасты. Бұл ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Соның нәтижесінде француздар сегіз ұпаймен келесі кезеңге шықты. Осылайша, УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан 16 команда толықтай анықталды.

Өз топтарында үшінші орынға табан тіреген Бельгияның «Брюгге», Испанияның «Валенсия», Италияның «Интер» мен «Наполи», Португалияның «Бенфика», Түркияның «Галатасарай», Украинаның «Шахтер» және Чехияның «Виктория Пльзень» клубтары Еуропа лигасында өнер көрсетеді.

Ал соңғы орындарда қалып қойған «Монако» (Франция), ПСВ (Голландия), АЕК (Грекия), «Хоффенхайм» (Германия), ЦСКА мен «Локомотив» (Ресей), «Црвена Звезда» (Сербия) және «Янг Бойз» (Швейцария) үшін биылғы Еуромаусым аяқталды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»