Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Алғашқы 6 айда еліміздің егемендігін 50 мемлекет таныды

986 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Алғашқы 6 айда еліміздің егемендігін 50 мемлекет таныды

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастық таныған сыртқы саясатын құруда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде өлшеусіз еңбек етті. Елбасы «ХХІ ғасыр тоғысында» атты кітабында жазғанындай, егемендіктің елең-алаңында Қазақстанда сыртқы саясат қызметінің өзіндік бағыты болған жоқ еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзіне тән лайықты дипломатиялық қызмет те атқарған жоқ. Сондықтан 1991 жылдың желтоқсан айында Сыртқы істер министрлігінің алдында халықаралық аренадағы қызметін мүлде жаңа бағытта құру міндеті тұрды. 

Әрине бұл бағыттағы сындарлы қызметті ойдағыдай ұйымдастырып жүргізу оңай болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң басқа да салалар мен құрылымдар секілді сыртқы саясаттың негізін қалап, дипломатияны дамыту қажет болды. Ал сол кездегі шынайы жағдай өте қиын еді. Арғы ғасырларды айтпағанда, соңғы жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының құрамында өмір кештік. Барлық елдік мәселелерді Мәскеу шешіп, қарапайым жол салу мен тұрғын үй тұрғызудың өзін солар арқылы жүзеге асырдық. Өзімізде ерік болмады. Қандай да бір реформаны жүзеге асыру үшін жоғарыдан рұқсат керек еді. Шынын айтқанда, елімізде өндірілген өз өнімдеріміздің бәрін солар ұқсатып, содан соң біз өз қаражатымызға сол дүниелерді сол кездегі Одақтың астанасында отырғандардың кабинетін жағалап жүріп, сұрап алатынбыз. Ешқандай егемендік те, еркіндік те болмады. Содан басымызға бақ қонып, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік қолға тиді. Сөйтіп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дара да дана басшылығымен тәуелсіздікті іс жүзіне асыру жолына кірістік.

Әрине, кезінде КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде қызмет істегенім бекер болды деп айта алмаймын. Өйткені көптеген шетелдердің саясатымен және тәжірибелерімен таныстым. Әсіресе Еуропа елдері, оның ішінде Мажарстан, Польша, Болгария, Чехия және Румыния секілді елдерді жақсы білдім. Олар Кеңес Одағының блогына кірсе де, бас еркі өздерінде болды және өздерінің қаржылық қоры мен жеке әскерлері болды. Соған таңғалып, осылардай болсақ қой деп ойлайтынмын. Бір күні мені Президент Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып: «Сіз Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі болыңыз. Сыртқы саясатымызды аяққа тұрғызып, еліміздің тұғырын биіктетейік!», деді. Міне, содан кейін қызу жұмыс басталды. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары өте қиын болды. Неге десеңіз, ол кезде көпшілік шет тілін білмейтін, маман аз. Мәселен, мен сол кезде Сыртқы істер министрі болсам да, көмекшім болмады. Қазір бұған біреу сенер, біреу сенбес, бірақ ақиқаты – осы. Тіпті Президентпен бірге шетелге шыққанда сарапшы ретінде жүресің. Көпшіліктің өзін айтпағанда, көптеген министр­лер тілді білмейді. Бәрін өзім ау­даруға тура келеді.

Толып жатқан құ­жат­тарды сараптайсың. Сонда Сыртқы істер министрлігінде бар-жоғы он адам ғана қызмет етті. Алайда атқарған қызметіміздің сапасында үлкен кемшілік болған жоқ.

Елбасымыздың сол тұста аса көрегенділікпен жүргізген сындарлы саясатының арқасында, қандай қиыншылықтар кездессін, қызметіміз оңға басты.

Мен елдің экономикасын жандандыру үшін сыртқы саясат мүлтіксіз дұрыс жұ­мыс істеуі керек деп есептеймін. Мі­не, осы орайда біздің міндетіміз – ел­дің дамуына, өркендеуіне жағдай туғызу болды. Ең алдымен елге инвесторларды тарту үшін жағдай жасауымыз қажет. Шет мемлекеттер­ге барып, саяси, экономикалық тұр­ғыдан байланыстарымызды бекі­туге күш салдық. Сол атқарған жұ­мыстар текке кетпеді. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бері елі­мізге миллиардтаған доллар көле­мінде инвестиция құйылды.

Тәуелсіздік алған бойда біз алдымен Үндістан мен Пәкістанға аттандық. Олар – өзара бәсекелес елдер. Бірақ «қазақ Президенті келді» деп бізді жақсы қарсы алды. Ол кезде экономикалық жағынан қуаты айтарлықтай бұл елдер бізге жақсы жәрдемдесті. Одан кейін іле-шала Америка Құрама Штаттарына жол тарттық. Онда «Теңіз» мұнай кен орнына байланысты құжаттарға қол қойдық. Ең бірінші қазақ жеріне келген шетелдік мұнай компания­сы «Шеврон» болды. Одан кейін басқа да мұнай компаниялары, оның ішінде Германия, Қытай, Ұлыбритания, Италия елдерінің алпауыттары келді. Сол кезде осы істерді жүргізбесек, бұлай болмас еді.

Әрине, сол қиын кездегі атал­ған игілікті істердің бастауында Президент тұрғаны белгілі. Барлық сапарларға бізді Президенттің өзі бас­тап барады.

Оның келіссөз жүргізу шеберлігі қандай?! Кө­ре­ген, білікті, өте парасатты сая­сат­кер ғой. Елдегі саяси жағдайды, эко­номикалық тұстарды өте жақсы білді. Соның арқасында барлық жер­де кездесулер, жүздесулер сәт­ті шешімін табады. АҚШ астанасы Вашингтонда да, үлкен қала­сы Нью-Йоркте да кездесулер жүр­гіздік. Кейін Канадаға барып, одан соң бүкіл Еуропаны шарлап шық­тық.

Елге инвестиция тарту мақ­сатында Қытай, Малайзия, Синга­пур, Біріккен Араб Әмірліктері т.б. елдерге жол түсті. Президенттің абы­рой-беделі мен іскерлігінің арқа­­сында ғана шетелдік инвестор­лар­ды тарта білдік. Олар біздің Пре­­зи­дентімізді құрметтеп елге кел­ді. Алғашқы алты айда тәуел­сіз­дігімізді 50 мемлекет таныды. Егер де сыртқы саясатымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай ерен еңбегі болмағанда, расын айту керек, біз мұндай орасан жетістіктерге қол жеткізе алмас едік. Енді қазір Қазақстан десең, Назарбаев десең, бәрі біледі, «О, Назарбаев!» деп құрмет көрсетіп жатады.

Бұл – сөзсіз нағыз еңбектің нәти­жесі.  Бүгінгі осы бағыттағы қол жеткізген жетістіктерді «Назарбаев моделі» деп айтуға әбден бола­ды. Алғашқы кезде елдегі мемле­кеттік қызметті жетілдіруде Синга­пур, Малайзия, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің тәжірибе­леріне сүйендік. Қазіргі таңда «Син­га­пурлық модель» әлемге та­ныл­ған. Мемлекеттің тұ­рақ­ты дамуы жолында мем­лекеттік қыз­мет­шінің рөлі зор. Бар­лық жағынан халықаралық стандарт­тарға сай қыз­мет істеген жөн. Ал­дымен ел­дің, халықтың қамын ойлау керек. Біз сол межеге жеттік.

Бүгінде көп жас «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша шетелде оқып жатыр. Міне, осы жастар біз салған ізбен ел тәуелсіздігін одан әрі баянды ете береді деп сенемін.

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Республикасының 1991-1994 жылдардағы Сыртқы істер министрі