Медицина • 14 Желтоқсан, 2018

Әлеуметтік бастамалар халық мүддесін көздейді

348 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үй кезегінде тұрған азаматтарды «7-20-25» бағдарламасына қалай жұмыл­дыруға болады? Студенттік жатақханалардың уақытында салынуын қам­тамасыз ету үшін нақты не істеу керек? Мемлекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыруда банктердің белсенділігін арттырудың тиімді тетіктері қандай? Міне, осы және басқа да сауалдарымызға жауап алу үшін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғам­дық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловпен әңгіме­лескен едік.

Әлеуметтік бастамалар халық мүддесін көздейді

­­­– Бақытжан Тұрсынұлы, бүгінде «Президенттің бес әлеу­меттік бастама­сының» жүзеге асырылуын қоғам­дық тұрғыда бақылау жұмыста­рының жүр­­гізіліп келе жат­қанына жарты жыл­­дан ас­там уақыт өтті. Нәтижелері қан­­дай?

– Елбасы 5 наурызда Парла­мент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» бағдарламасын жа­­рия­лай отырып, «Нұр Отан» пар­­тиясына осы бағыттағы жобалардың сапалы жүзеге асы­рылуын бақылауға алуды тапсырды. Нәтижесінде арнайы Қоғамдық кеңес құрылды. Партиялық бақылаудың қолда­ныстағы тиімді те­тіктерімен бекітілген мұндай кең өкіл­­дік барлық әлеуметтік топтардың мүд­­делерін ескеруге және қа­зақ­­стандық қо­ғамның сұраныста­рына сай жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.

Қоғамдық мониторингінің бірінші ма­ңызды нәтижесі – қазақстандықтардың ба­сым көпшілігінің Президенттің әлеу­­­­­­мет­тік бастамаларын, әсіресе «7-20-25» бағ­дарламасын қолдап, оған ерек­­ше­ қызығушылық білдіруінің ай­қын­да­луы. «Нұр Отан» партиясы жүр­гіз­ген әлеуметтік зерттеулердің нәти­же­сі бастамалардың халықтың басым бө­лігінің негізгі мүдделе­ріне жауап беретінін көрсетеді. 

Көптеген облыс орта­лығында «7-20-25» бағдарла­масы үшін тұрғын үй ке­шен­­дері анықталып, пайдалануға берілу­де. Банктер ипотекалық несие­лер беріп, әкімдіктер бастапқы жар­­­на­ларды субсидиялау үшін жеке бағ­­­дарламаларды қол­ға ала бастады. Сту­дент жатақхана­лары да жаң­ғыр­тылып, жаңадан салынып жатыр. Одан бөлек, қалалар мен ауылдарда өз кәсібін ашып, дамыту үшін шағын несиелер беріліп жатқанын да атап өткен жөн.

Ең қуантарлық жайт, Үкімет біз­дің ұсыныстарымызға бірден көңіл бө­ліп, нәтижесінде олар­­дың көпшілігі орын­далды.­ Атап айтқанда, Қоғамдық ке­ңес мүшелерінің ұсыныстары бойын­ша жас отбасылар мен бюд­жеттік са­ла қызметкерлері үшін баспана алу ке­зіндегі бастапқы жарнаны төмендету ту­ралы шешім қабылданды. Елбасы бұл мәселеге биылғы 5 қазандағы Жол­дауында да мән беріп, өңірлердің әкім­деріне нақты тапсырма берді. Соған орай Үкімет облыс әкімдіктерінің аталған санаттағы азаматтарға субсидия бөлу туралы шешімдерді қарастырып, тиісті жұмыстарды пысықтады.
Қоғамдық кеңестің ұсы­нымда­рын қарау нәтижесінде «Баспана» ипо­текалық ұйымы «7-20-25» бағдарла­масынан бөлек, қолданыстағы тұрғын үй­ді кредиттеу үшін жаңа «Баспана хит» өнімін әзірледі. Ол бойынша бас­тапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан басталып, несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар проблемалық несиелері бар тұл­ғалар үшін «7-20-25» ипотекалық бағ­дар­ламасының қолжетімділігін қарастыру туралы да ұсыныс болды. Қазір бұл мәселе пысықталып, тиімді жолдары қарас­тырылуда. 

– Жалпы, «Президенттің бес әлеу­мет­тік бастамасын» жүзеге асыру нә­ти­желері осы жылы көз­дел­ген мақ­сат-міндеттерге қаншалықты сай ке­леді?

– Бірінші кезекте заңнамалық базаны мұқият дайындау, Үкіметтің Жол картасын әзірлеу және келісу, тиісті қар­жылық операцияларды пысықтау, ұйымдастыру іс-шаралары, соның ішінде бастамаларды іске асыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты инфрақұрылым құру жөніндегі іс-шаралар сияқты ауқымды жұмыстар атқарылды. Орталық деңгейде Пар­ламент пен Үкімет нормативтік-құ­­қықтық актілер қабылдады, тиісті қа­ра­жат бөлінді және жол карталары әзір­ленді. Бұл факт Мемлекет басшы­сының Жолдауында да атап өтілді.

«Жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» жөніндегі екінші бағыт бойынша жоспарланған барлық іс-шаралар да толығымен орындалды. Заңнамалық база қабылданды. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бас­тап аталған оң өзгерістердің игілігін екі миллионнан астам қазақстандық көре­тін болады. Сондай-ақ «Сары-Ар­қа» ма­гис­тралды газ құбырын салу бо­йын­ша президенттік бастамалардың бе­сінші бағытын орындау жұмыстары да бекітілген мерзімге сай жүргізілуде.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй заемдарын 7 банк беруде. Желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша 5,1 мыңнан астам өті­нім келіп түсті. Жалпы сомасы 39 млрд теңгені құрайтын 3,3 мыңы мақұлданды. Осы бастаманы іске асыру үшін «Баспана» ипотекалық ұйымына тұ­тастай алғанда 1 трлн-ға жуық теңге бағытталатын болады.

«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастар­дың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі үшінші бастама бойынша Білім және ғылым министрлігі мен әкімдіктерге 6 ұсыныс жасалды. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде орындалды. Бұл бастама аясында аталған министрлік алдағы 4 жылда жатақханалардағы студенттер, магистранттар және докторанттар үшін кемінде 75 мың орын енгізуді жоспарлап отыр. 

Елбасы келесі жылды Жастар жы­лы деп жариялағаны белгілі. Сту­дент­тер Елбасының бұл қамқорлығы мен сыйлығын үлкен ынтамен және зор ризашылықпен қабылдауда. Осы мақ­саттарға республикалық бюджет­тен ал­дағы он жыл ішінде (2029 жыл­ға дейін) 152,8 млрд теңге бөлу жо­с­парла­нып отыр. Алдағы 2019 жылы 4 482 орынға арналған жатақханалар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы саны 1,5 мың орынды құрайтын төрт студенттер үйі пайдалануға берілді. 

Елбасының «Шағын несие беру­ді көбейту» жөніндегі төртінші бас­тамасының мақсаты – жаңа бизнес қа­на емес, жаңа жұмыс орындарын құру. Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша осы жылдың басында шағын, соның ішінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті несиелеуді қар­жы­ландыру 62 млрд теңгеге дейін артты. Бүгінге дейін, яғни 2018 жылдың 1 жел­тоқсанына дейінгі мерзімде 13 709 адам несие алып, жылдық жоспардың 97,9 пайызы қаржыландырылды. Олардың бастамаларына жалпы сомасы 52,7 млрд теңге, яғни орташа есеппен бір адамға 3,8 млн теңгеден қолдау көрсетілді. Со­нымен қатар ауылдық жерлерде 12 560 азамат жалпы сомасы 40,3 млрд тең­гені құрайтын шағын несие алды. Ал қалада жалпы сомасы 12,5 млрд теңге болатын несие 1 049 адамға берілді (бір адамға орташа есеппен 10,6 млн теңгеден). Осы ретте ауылда 8 411 адам немесе қар­­­­жыландырылғандардың 74 пайызы­ «жа­ңа кәсіпкер» атанғанын айтып өткен жөн.

Шағын несиелендіруді одан әрі ке­ңейту үшін резервтер де бар. Осы мақ­саттарға қалған 10 млрд теңгеге қосымша 2019 жылға арналған республикалық бюджетте 54 млрд теңге қарастырылған.  Сондықтан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асырудың 2018 жылғы нәтижелері мен осы бағытта атқарылған жұмыстарды көңіл қуантарлықтай деп айтуға толық негіз бар.

– Әдетте, жаңа бір істі бастаған кезде түрлі кедергі болатыны белгілі. Осы ретте қандай мәселелерді айтар едіңіз?

– Қиындық тудырған мәселелердің бірі ретінде орталық органдар, «Бас­пана» ипотекалық ұйымы және жер­гілікті атқарушы органдар ара­сын­дағы өзара іс-әрекеттің кей­бір тетігі жеткілікті деңгейде пы­сықталмағанын айтуға болады. Бұдан бөлек, біз бастамалардың бірін­ші бағыты бойынша жекелеген­ өңірлерде нақты бағдарламаға қаты­сушы бола алатын халықтың нашар ақпараттандырылғанын атап өте­міз. Сондықтан жергілікті жерлерде оларға бағдарламаның барлық артықшы­лық-­ т­арын жан-жақты түсіндіру қажет. 

Тағы бір кедергі ретінде дайын жаңа салынған тұрғын үйдің жетіспеушілігін айтуға болады. Оның себебі баршаға белгілі. Яғни жаңадан салынған тұрғын үй­лерде пәтерлердің 90 пайызы құрылыс жүр­гізіліп жатқан кезде сатылып қойы­лады. Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдардың «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй салу үшін қосымша жұмыс істеуін пысықтап, сол бағытта әрекет етіп жатырмыз.

Екінші деңгейдегі банктердің өті­ніш­терді өңдеуде, оларды қарау мен ше­шімдер қабылдауда жеделдігін арттыру мәселесі де пысықтауды талап етеді. Сондай-ақ өңірлік деңгейде «Шағын несие беруді көбейтуге» қатысты төртінші әлеуметтік бастаманы іске асыруда кей­бір кідірістер бар. Осы және басқа да мә­селелер халықпен кездесулерде қызу тал­қылануда. Олардың шешімін табатынына ешқандай күмән жоқ.

Жалпы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында және биылғы 5 қазандағы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі міндеттерді орындау тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді талап етеді. Сондықтан оған бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек.

Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»