14 Желтоқсан, 2018

Елдіктің елең-алаңы

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мына дүниеде қазір өмір сүріп жатқан халықтардың саны 2500-ден асады. Соның өз мемлекеттілігіне ие болып, Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қа­бы­л­данғандары 200-ге жуығы ғана. Одан да нақ­тылап айтсақ, 195 мемлекет. Болды, бітті. Бас­қа мемлекеттер жоқ. Саны жа­ғы­нан қазағыңызды сан орап кете­тін ұлттардың арасында да өз елі өзіне өлең төсегі бола алмай, туған жерінен бір жа­пырақ туын тігетін алақандай төбе таба алмай жетімсіреп жүргендері жетерлік. Сон­дықтан біз басымыздағы бақты баға­лауға тиіспіз.

Елдіктің елең-алаңы

Тәуелсіздік тойымыз 16 жел­тоқсанда аталады. Мерекенің дата­сы мерекелік іс-шаралар ұйым­дас­тыруға соншама қолайлы деу де қиындау, расында. Кө­шеге шыға келсеңіз Ар­қаның арқыраған аязы беті­ңізді шым­шитын Астананы айт­пағанда, ең жылы деген оңтүстік өңірлерде де бұл кезде ақ қар, көк мұз жер бетін жауып жатады. Бірақ бәрібір өзіміздің мемлекетіміздің басты мерекесі жанымызға жақын, жү­ре­гімізге жылы. Маған айтқызсаңыз, тіпті, Тәуелсіздік жариялаған күніміздің осы мезгілге орайласуы орынды да. Неге дейсіз ғой? Өйткені Тәуелсіздік тойын осындай қаталдау ауа райында атап өту қазіргі, ке­лер ұрпақтардың бәріне бізге бір кезде, ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар айырығында Тәуелсіздіктің қандай жағ­дайда, қалай келгенін дәйім еске салып тұрады. 

1991 жылдың күзінде, КСРО-ның құ­ра­мындағы кеңестік республикалар апта аралатып бірінен кейін бірі өздерінің мемлекеттік тәуелсіздігін жарыса жария­лап жатқанда Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жұрт­тан неге қалып қойдық? Неге кеші­­гіп жатырмыз?» деген тұрғыда жан-жақтан сұрақ жаудырғандардың жеткілікті болғанын, олардың арасында Президентті айып­тау­шылардың да аз табылмағанын жақсы білеміз. Ел тағдырына елеңдейтін ет жүректі әр перзент мұны іштей сезіп жүрді. Байырғы ұлттың саны республика хал­қының 40 пайызына да жетпейтін (39%) кезде, қазақтар кей облыс орталықтарында 10 пайызды ғана құрайтын кезде, ортақ отан ұғымы санадан өтіп, сүйекке же­тіп үлгерген кезде аяқ астынан бөлек шығу, тарихи отаннан шеттеу дегеніңіз мил­лиондаған адам үшін жанды жаралайтындай, жүректі жабырқататындай жай екенін түсіну тым қиын емес. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл түйінді де ақы­ры тарқатты. Халқымызға тарих жүк­тейтін сынның салмағын сезіндірді. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуіне тәуекел ету керектігіне баршаны сендірді. Сендірді де, салқын сабырының, асқан ақылының арқасында сол ой қисынына көндірді де. 

Ол тұста Президент Аппаратында істегендіктен әрі біздің бөлімнің ка­би­неттері Парламент ғимаратында орна­ласқандықтан, жұмыста жүргенімізбен, жаң­быр-жаңбырдың арасында шыдамай кетіп, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залының балконына барып, тәуелсіздік жариялау мәселелерін қызба-қызу талқы­лаудың, соның төңірегіндегі айтыс-тар­тыстың, дау-дамайдың шет жағасын біз де тыңдай алғанбыз. Тәуелсіздіктің он жыл­дығында жариялаған «1991» атты мақа­ламызда: «Разылықтан айтарға сөз таба алмаған шақтар да, таңданғаннан жаға ұстаған сәттер де болды. «Жетпіс жыл бойы желкелеп, сөгіп жүрген ресейлік империяның үлгісі бойынша қазақ империясын құруға әрекеттеніп жүргеніміз жоқ па?» деп бопсалағандар да табылғанын айтып қайтейік, еліңде, жеріңде отырып, тәуелсіздігіңе ашықтан-ашық қарсы дауыс берген бір емес, екі емес, он екі бірдей депутат табылғанын айтып қайтейік. Әй­теуір, түбі қайыр. Бәріне – салауат», деп те жазғанбыз.

Иә, түбі қайыр болды. Ел­басы еліне сен­ді. Ел бастайтын ерге ел де сенді. Сеніп, екі тізгін, бір шылбырды берді. Мем­лекет құ­ра алатынымызды, мығым тұра алатыны­мызды көрді. Бірте-бірте қанаттанды, қуат­­танды. Қуатты ел атанды. Сөй­тіп міне, бүгінгі биігіне келді. Тәубе! Осының бәрі­нің бастауын­да елдіктің елең-алаңын­да-ақ танылған асқан ақылдың, салқын сабырдың алар орны орасан.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты