Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2018

Тәуелсіздікке тарту: Қызылордада балабақша ашылды

672 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалаға қарасты Тасбөгет кентінде 140 орындық «Нұр Орда» балабақшасы, сондай-ақ қала орталығында «Small» көтерме сауда маркеті ашылды.

Тәуелсіздікке тарту: Қызылордада балабақша ашылды

Тасбөгет кентінің тұрғындарын Тәуелсіздік күні мерекесімен және балабақшаның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Қ.Көшербаев:

- Қызылорда қаласы бойынша бүгінгі күні жалпы саны 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық - 6, жеке балабақша саны – 205. 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың арқасында үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні балабақшалардың 71,2 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр,-деді.

Сол күні Қорқыт Ата көшесінде «Small» сауда үйі де ашылды. Мұнда 12 мыңнан астам тауардың түрлері ұсынылып, 134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл - Қызылордада «Small» сауда желісінің төртінші дүкені. Жыл басынан бері облыс орталығында 67 кәсіпкерлік нысан ашылып, онда 1219 жаңа жұмыс орны құрылған.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»