Қазақстан • 18 Желтоқсан, 2018

Отырарда «Оқсыз» спорт кешені ашылды

818 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне орай ашылған «Оқсыз» спорт кешені әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған ежелгі Оқсыз қаласының атауын иеленді. Екі қабатты ғимарат 210 адамға лайықталған, 23 спорт үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыстық, республикалық дәрежедегі түрлі спорттық шараларды өткізу мүмкіндігіне ие.

Отырарда «Оқсыз» спорт кешені ашылды

Түркістан облысы Отырар ауданынан шыққан ақындар, ғұлама ғалымдар ғана емес, спорттық бәсекелерде топ жарып жүрген сайыпқыран саңлақтары да ел абыройын аспандатып, көк туды көкке көтеріп келеді. «Елбасы Н.Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында еліміз бойынша 100 спорттық нысан салу жөнінде айтылған болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес отырарлықтар алғашқылардың қатарында тамаша спорт кешенін пайдалануға берді. Еңселі ғимараттан алдағы кездерде тәуелсіз еліміздің, құт пен кие қонған қасиетті өлкеміздің атын шығарып, әлемге танытатын небір чемпиондар шығатынына толық сенімдіміз», -деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов кешеннің ашылу салтанатында.

Жаңа спорт кешенінде Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласының балуандары қазақша күрестен күш сынасты. Түйе балуандардың ақтық сынында Отырар ауданының намысын қорғаған Жолдасбек Бектұрсынов жеңімпаз атанып, 1 млн теңгені қанжығасына байлады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы