Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2018

Қарағанды облысында спорт кешені пайдалануға берілді

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні мерекесінде Қарағанды облысының Шет ауданында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Белгіленген мерзімінен бұрын салынып біткен бұл нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 315,5 млн теңге бөлінген болатын.

Қарағанды облысында спорт кешені пайдалануға берілді

Спорттық кешенде әмбебап, күрес және жаттығу залдары бар. Олардың  еденіне бұрынғыдай ағаш тақтай емес, экологиялық таза және төзімді материал төселген. Жанкүйерлерге арналған трибунаға 160 адам еркін сыяды. Жаңа нысанда волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, қазақ күресі, дзюдо және тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейтін болады. Ал кешеннің ауласына үш спорт алаңқайы мен теннис корты салынған.

С.Сейфуллин атындағы ауылда (Бұрынғы Жарық стансасы) бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, облыстық дзюдо федерациясының президенті Евгений Кондратьев қатысып, жиылған қауымға  құттықтау сөз арнады. Ал самбодан әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов жерлестеріне жүлделерінің бірін ескерткіш сыйлық ретінде табыс етті.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды