Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

TWESCO салтанатты қабылдау өткізді

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау шарасын өткізді. Жиын аясында Мажарастанның Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алуына байланыс­ты мемлекеттік туы  табыс етілді. 

TWESCO салтанатты қабылдау өткізді

Салтанатты шараға Сырт­қ­ы істер министрінің орын­­басары Ержан Ашық­баев, Әзербайжан Рес­пуб­ликасының елшісі Рашад Маммадов, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Моңғолияның ел­шісі Лувсан Баттулга, Түр­кияның Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Өзбекстан Рес­публикасының елшісі Саиди­крам Ниязходжаев, Түркіменстанның әскери атта­шесі Анымурад Ягмыров, түр­кологтер мен қоғам қай­ратк­ерлері қатысты.

Салтанатты шарада­ сөз­ алған Сыртқы істер ми­­нис­трінің орынбаса­ры Ер­жан Ашықбаев Елба­сы­ның бастамасымен құ­рыл­­ған Халықаралық Түр­кі академиясының түркі ха­лықтарының тарихы­ мен мәдениетін зерттеу ­ са­ласындағы айтулы же­тіс­тіктері халықаралық дең­гейде танымал ғылыми-ин­теллектуалды орталыққа ай­налдырғанын айтып өтті.

– Академия  көне  дәуір­ден бүгінге дейін  түркі әле­мінің тарихы,  тілі мен әде­биетін, мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлем­дік өркениеттегі орнын төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты  ғылыми зерттеулерді  үйлестіре білген бірегей орталыққа айналуда. Акадамияның қолға алған жұмысы өз құндылығын тек ғылыми тұрғыда ғана растап қоймай, түркі елдерінің интеграциясы мен өзара ықпалдастығына зор үлес қосып отырғанын айта кету керек», деді Ержан Ашық­баев. Вице-министр академия әзірлеген «Ортақ түркі тарихы»  оқулығына, «Ортақ түркі географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқу­лықтарының әзірлену барысына, «Түркібарометр» әлеуметтанулық зерттеу­леріне  және «Аталар мирасы»  мультимедиалық қорына   жоғары  баға берді. Сонымен  қатар, Түркі академиясының «Түркі интеграциясының тұ­жырымдамасын» әзір­ле­­­генін де айрықша атап өтіп, Мажарстанды Түркі ке­­ңесі мен Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алғанымен құттықтап,  өз­ара ынтымақтастықтың ны­­ғаюына  тілектестігін біл­дірді. 

Академия президенті Дар­хан Қыдырәлі TWESCO-ға құрыл­тайшы мемлекеттердің Ұлт­тық күндерін өткізу  ұйым­да  тұрақты дәстүрге ай­­­­нал­ғанын, бүгінгі шараның Қа­зақстан Республикасының Тәуел­сіздік күні мейрамы­на арналып отырғанын айт­ты. TWESCO басшысы­ Қазақ­станның сыртқы саясат­та­ғы жетістіктері мен түркі ин­тегра­циясындағы толағай табыстардың Тәуелсіздіктің жемісі екеніне тоқталды.

– Түркі кеңесінің Шолпан атада өткен саммитінде Ма­­жар­стан академияға ба­қы­­­­лаушы мәртебесін ал­ған­ бо­латын. Бүгін  Ака­де­­мия қа­бырғасында  Мажар­стан­ның туын көтердік, – деген акаде­мия басшысы ұйымға  Ма­жар­станның ба­қылаушы мәр­тебесін алуы  ұйымның  ха­лық­аралық сахна­да таны­ла түскендігінің белгісі екен­дігін айтты. 

Өз кезегінде Қа­­зақстан­дағы Мажарстан елшісі Андраш Барани Ма­жарс­танның түркі әлемі ел­дерімен достық байланыс­тарын үнемі жоғары ба­ғалайтынын жет­кізді. Ол түр­кітілдес мем­­­­­­­­­ле­кеттермен туыс­ты­ғын ай­­­­­­қындайтын символы­ ре­тін­де Мажарстанның мем­­­­­ле­кеттік байрағын Түркі ака­демиясының штаб-пәтеріне табыстады. Жиын барысында Халықаралық Түркі ака­де­миясы түркі интеграциясы мен бауырлас елдердің  ақ­параттық саладағы ын­тымақтастығына  үлес қосып жүрген масс-медиа өкілдері арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»