19 Желтоқсан, 2018

Еуропа чемпионы Қазақстанның шахмат мектебін мақтады

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шахматтан халықаралық гроссмейстер, Еуропа чемпионы, Украина құрамасы сапында Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының екі дүркін жеңімпазы Александр Моисеенко Қазақстанда шахматтың дамуына жоғары баға берді.  

Еуропа чемпионы Қазақстанның шахмат мектебін мақтады

- Тәуелсіздік алған 27 жыл аралығында Қазақстанда мықты шахмат мектебі қалыптасты. Аса ірі жарыстарға қатысқан сайын менің соған анық көзім жетті. Қазіргі кезде Жансая Әбдімәліктің есімі ерекше аталуда. Әлем кубогы жолындағы жарыста ол тамаша ойнап, үздіктер санатына қосылды. Динара Сәдуақасова жайында да жылы лебіз айтуға болады. Мен қазақстандық жанкүйерлерге толағай табыс тілеймін, олар зияткерлік деңгейін арттыру мақсатында өз балаларының шахмат мектептеріне көптеп берулері керек. Солардың арасынан дараланғандары уақыт оза халықаралық аренада Қазақстанның спорттық даңқын арттырады, – дейді Александр Моисеенко.  

Расында да қазір Қазақстанда шахмат жақсы дамып келеді. Әсіресе, әйелдер арасындағы сайыстарда біздің сұлуларымыз ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Жуырда ғана Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен әлем чемпионатында барша көрермендер Жансая Әбдімәліктің өрелі өнеріне құлшына қол соқты. Атағы алысқа жайылған ойыншылар бас қосқан жарыстың ширек финалына дейін жеткен қазақтың қызы жер жаһандағы үздік сегіз шахматшының қатарына қосылды. Сол секілді Динара Сәдуақасова да өзін жақсы қырынан көрсетіп, екінші кезеңде бақ сынау құрметіне ие болды.

Әйелдердің әлемдік рейтингінде жоғарыда есімдері аталған қазақтың қос қызы қазіргі кезде «ТОП-20» ойыншының санатында. Бұл тізімде 22 жастағы Динара Сәдуақасова 18 орында тұрса, 18 жасар Жансая Әбдімәлік 20 сатыға жайғасты. Бұл жас спортшылар үшін, әрине, өте жақсы көрсеткіш. Ал еліміздің тағы бір дарынды шахматшысы 27 жастағы Гүлісхан Нақбаева үздіктер тізімінде 95 орынға табан тіреді.

Әлемдік рейтингтің көшбасшылар жайында айтар болсақ, бұл ретте Қытай қыздарының қарқыны өте күшті. Аспанасты елінің қос өкілі бірінші және екінші орындарды өзара бөлісуде. Олар – 24 жастағы Хоу Инфань мен 27 жастағы Цзюй Вэньцзюнь. Үшінші орында – 28 жастағы Украинаның шахматшы Анна Музычук. Ресейлік Екатерина Лагно (28 жаста) мен үндістандық Хампи Конеру (31 жаста) төртінші және бесінші орындарды иеленуде. Сондай-ақ, украиналық Анна Музычук (26 жаста), ресейлік Александра Костенюк (34 жаста), грузиялық Нана Дзагнидзе (31 жаста) және қытайлық Тань Чжунъи (27 жаста) үздік ондықтың қатарында.

Ал «ТОП-20» ойыншының қатарына мыналар еніп отыр: 11. Валентина Гунина (29 жаста, Ресей), 12. Харика Дронавалли (27 жаста, Үндістан), 13. Элизабет Петц (33 жаста, Германия), 14. Антоанета Стефанова (39 жаста, Болгария), 15. Чжао Сюэ (35 жаста, Қытай), 16. Бела Хотенашвили (30 жаста, Грузия), 17. Мари Себаг (32 жаста, Франция), 18. Динара Сәдуақасова (22 жас, Қазақстан). 19. Сарасадат Хадемальшарьех (21 жаста, Иран). 

Байыптап қарсаңыздар, әлемнің ең үздік 20 шахматшысы қатарындағы ең жасы біздің Жансая Әбдімәлік екен. Ал Динара Сәдуақасованың жасы тек өзінің командалық әріптесі мен ирандық Сарасадат Хадемальшарьехтен ғана үлкен. Олай болса, алдағы уақытта қазақ қыздары өздерінің басты қарсыластарының біразын басып озып, бүгінгіден де биік белестерге көтерілетіні анық.       

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»