Әдебиет • 24 Желтоқсан, 2018

Аптап (Эссе)

733 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Аптап (Эссе)

Теміржолдың бойындағы шағын ауыл – Ақтас. Сол бая­ғысынша аппақ шаңы бұрқы­рап, диірменге тартылған ұн секілді борпылдап жатыр. Жыл өткен сайын мұндағы ескі үйлердің де, жаңа үйлердің де қатары көбейе бастағаны көзге анық шалынады.

Өз басым осы ауылдың тұ­сынан өткен сайын есіме бір оқиға оралып, езу тартып, кө­ңілімнің түкпірінен жылы орын алған сол бір аяулы жандар бұл күнде бар ма, жоқ па дегендей терезеден сыртқа үңіліп, елеңдеп қаламын. Бірақ пойыз бұл разъез­ге тоқтамайды. Үлкен қаланы бетке алып, ентігін баспаған күйі зымырап өте шығады. Сондықтан да Ақтасқа көз тоқтатып қарап үлгермейсің.

Тек санаңда өткен күндердің елесі оянып, сағым арасынан бұл­дырап көрінген бір жұмбақ дү­ниеге еніп бара жатқандай күй кешесің.

* * *

Әлі есімде, 1980 жылдың шіл­десі. Шым­кентте ми қай­найтын ыстық. Облыстық га­зеттің мәдениет бөлімінен тә­жі­рибеден өтуге келген жап-жас студентпін. Таңертеңгілік Мар­хабат аға екеуміз Алматыдан ке­летін қонақтарды күтіп алмақ болып қаладағы теміржол вокзалына қарай бет алдық.

Рас, ол кезде Мархабат Байғұт ағам дәл қазіргідей жалпақ жұрт­қа танымал жазушы емес еді. Бар болғаны, «Шілде» атты ала­қан­дай әңгімелер жинағы жа­рық көр­ген жас жазушы болатын.

Ал біз күтіп тұрған қонақ өз елімізде ғана емес, бүкіл одақ кө­леміне мәлім жазу­шы, драматург Дулат Исабеков ағамыз. Осы күні кез кел­ген қазақ оқырманы жақсы білетін, бір емес, бірнеше жас толқынның сүйікті кітабына айналған «Қар­ғын» ро­манының баспадан жаңа ғана жарық кө­ріп жатқан кезі.

Алматы мен Шымкент қала­ларының арасында қаты­найтын жүрдек пойыз жүрісін баяулатып, ентігін басып, ысылдап-пысылдап келіп вокзалға тоқтады. Әне, тоғызыншы вагон. Біз күткен қонақ осы вагоннан түсуге тиісті.

Ақ түсті жейде, қара юбка ки­­ген сүй­кімді жолсерік келін­шек баспалдақтың жанында кү­лім­­сіреп тұр. Жолаушылар қол жүктерін көтеріп, біртіндеп түсіп жатыр. Бір кезде біздің Дулат ағамыз да көрінді. Артына қарай қайырған толқынды қара шашы иығына түсіп, өңіне әдемі жарасып тұр. Көптен бері оңтүстікке келмегендігі ме, күн қағып то­тық­паған жүзі бозғылттау болып кө­рінеді. Басқыштан түсе бере бізді көріп, қуанып:

– Ой, қалайсыңдар-ей? – деп құ­шақтап маңдайымыздан сүйді.

Сонсоң Мархабат аға машина тұр­ған жақты нұсқап, ал қанеки, былай қа­рай жүрейік дегендей белгі жасай беріп еді:

 – Оу, сендер Асекеңмен амандас­тыңдар ма өзі?! – деді бізге сұраулы жүз­бен қарап.

– Е, бәсе! – Мархабат аға абдырап қалғандай болды. – Анау кісі Асекең екен ғой!..

Мархабат ағам қараған жаққа мен де жалт қарадым. Бір-екі адым­дай жерде көзіне қара кө­зіл­дірік таққан, басында ақ сұр шляпасы бар, шашы ұзын, са­қалы ұйысқан бір тәкаппар кісі тұр екен. Бойы орталау бол­ға­нымен, өзін елдің бәрінен биік ұс­тайтын секілді. Иегін жо­ға­ры көтеріп, ернін шүйіріп, езуіне қыстырған қара фильтрлі «Қазақ­стан» темекісінің түтінін әуелете үрлейді.

* * *

Біз қалада көп бөгелген жоқ­пыз. Мархабат ағаның үйін­де ас ішіп отырып, аз ғана шү­йір­­келестік. Дулат аға өзінің қа­сындағы қонақты жақынырақ та­ныстырып: «Біліп отырған шығарсыңдар, бұл кісі – Асқар Сүлейменов қой», дегенде барып іштей таңырқап: «Е-е, «Бесіннің» авторы осы кісі екен-ау», деп, Асекеңнің жүзіне көзімнің астымен ұрлана қарадым.

Біз Ақтасқа қарай бет алғанда әдет­тегісінше ұясынан өртеніп шық­қан шілденің күні көше-көшедегі қы­быр­лаған жұртты көлеңке-көлеңкеге қуа­лай баста­ған еді.

Әуелі Темірланнан, сонсоң Дулат ағаның әңгіме, повестеріне жиі арқау болатын Қараспан ауы­лының жанынан өткеннен кейін, түсі оңып, бозарып жатқан шө­лейт дала басталды. Кенет ал­дыңғы орындықта отырған Асе­кең бізге қарай жүзін бұрып:

– Әй, Дулат, мына екі бала да сол баяғы үндеместердің қата­ры­нан білем, – деп қалжыңдап қой­ды.

Біз бір-бірімізге қарап жы­мың­дап, қоз­ғалақтап қалдық. Машинаның те­резесінен сыртқа көз салып, үнсіз ой­ға шомып келе жатқан Дулат аға Асе­кеңнің көкейіндегі ойды тым әріден тү­сінеді-ау дейім, рульде отырған Ораз­бай ағама қарап қысқа ғана үн қатып: 

– Тоқтайық, – деді.

Боз дала демін ішіне тартып, тым-­тырыс мүлгіп жатыр. Асекең орындық­қа шалқайып көзін жұмып, терең тыныс ал­ды да:

– Әй, бәрібір бір нәрсе жет­пейді, – деді.

– Білеміз ғой, – деп күлді Дулат аға. 

Содан соң машинадағы жол­азық са­лынған сөмкенің аузын ашып, газетке мұқият оралған бір шөл­мекті алдық.

Асекең көкке қарап, қолын­дағы рюмканы күн сәулесі­мен соғыстырғандай бір қызық қи­­мыл жасады да, аздап қана «ақаңнан» ауыз тиді.

* * *

Ақтас, жаңа айттым ғой, те­міржол бо­йындағы кішкентай ғана ауыл. Біз асфальт жолдан бұрылып, аппақ шаңы борпылдап жатқан қасқа жолға түскен соң, есігінің алдында бес-алты түп қарағаш өсіп тұрған үйдің шар­бағына қа­рай бұрылдық. Жалаң аяқ, жалаң бас, бұтында қап-қара трусиі ғана бар торсық шеке, қара бала сыртқа жүгіріп шық­ты.

– Ой, дәу жігіт, – деп Дулат аға оның қолын алып, маңдайынан сүйіп жатыр. – Көкең қайда?

– Арысқа кеткен, – деді бала.

– Апаң үйде ме?

– Жоқ. Ол да Арысқа кеткен.

– Ой, немене, – деп күлді енді Дулат аға. – Біздің келетінімізді біліп, бұлардың бәрі Арысқа асы­ғыс кетіп қалған ба?! Ал әпкем-жездем ше? Олар үйлерінде ме?

– Иә, – деді қара бала Дулат ағаға қарап жымиып. – Бағана, азанда үйінде-тұғын.

Дулат аға: 

– Олай болса, көкең мен апаңа бізді келіп-кетті деп айтарсың, – деді де кері бұрылды.

– Үйге кіріп, шай ішпедіңіздер ме?! – деп қара бала көзін жыпы­лық­татты.

– Рақмет. Әпкемнің үйінен ішеміз ғой.

Сонсоң машинаға қайта мі­ніп, сәл жүр­дік те, іші-сырты жұ­мырт­қадай ап­пақ қоржын там­­ның қасына келіп тоқ­та­дық. Іштен басына ақ орамал тарт­­­қан, толық денелі бір апа шы­ғып, шақшиған күннен көзін ала­қанымен қалқалап машинадан түсіп жатқан бізге қарады. Кенет ортамыздағы Дулат ағаны шырамытқан кезде: «Апыр-ау, мына біздің Дулатжан ба?!» деп таңғалып, жүзінен мейірімі төгіліп, өзіне қарай асыға басып келе жатқан бауырына қарап құшағын жая берді.

Олар бір-бірін үнсіз түсініп, үнсіз ғана хал-жағдай сұрасып, көздеріне жас алды. Жүректегі бұйығып жатқан са­ғыныш алпыс екі тамырды бойлай аққан қанмен бірге жүгіріп, қос бауырдың тұла бойын ерітіп бара жатқан секілді.

Осы сәтте қора жақтан шыға келген жұқалтаң өңді қарт кісі қалбалақтап:

– Оу, алматылықтар келіп қалған ба?! – деп қуана дауыс­тап бері қарай жүрді. Келе са­ла апа­мыздың иығынан тартып: – Әй, былай тұр, біз де иіс­кейік, – деп бас салды. Қара ша­­пан жамылған мына қарттың сағы­нышы «қара қарға­ның миын қай­нататын» шіл­денің аптабынан бір де кем емес сияқты.

Сәлден соң қоржын тамның ішіне ендік. Апамыз төргі бөлмеге көрпеше салып, дастарқан жайды. Сонсоң: «Әуре болмаңыз, асы­ғыспыз», дегенімізге қарамай, қа­ра қазанның түбін шыжылдатып май салып, қуырдақ қуыруға кірісті.

– Иә, қалай, Алматы аман-есен бе? – деді қара шапан жамылған кісі жы­мыңдап, қонақтарға қарап иек қағып.

Кенет төрге жамбастап, аяқ созып жата кеткен Асекең басын кілт көтеріп:

– Әй, қария, – дегенде дау­сы қор­жын тамның ішінен емес, құдды бір «әкемтеатрдың» сахнасынан шыққан­дай саңқ ете қалды. – Ныспыңыз кім бо­лады?

– Ырысбек, – деді қария.

– Сіз Дулатқа жезде болсаңыз, бізге де бөтен емессіз.

– Әрине, әрине, – деп қария басын шұлғыды.

– Правильно! – деді Асекең.

– Ал енді... өзіңіздің атыңыз кім болады? Таныса отырайық.

– Менің атым – Асқар.

– Бәрекелде-е! Пәмилеңіз?..

– Оның сізге қажеті бар ма?

– Ау енді, өзіңіз сияқты жазушыларды жұрт пәмилесімен атап жатады ғой.

– Допустим. Сүлейменов.

Осы сәтте Ырысбек қарияның көзі күлімдеп, бізге қарап: «Мына кісінің орысша сөйлегенін қарай гөр!» дегендей иегін қағып қой­ды. Байқауымызша, бұл кісі де әзіл-қалжыңнан құралақан емес. Ол енді Асекеңе қарай жү­зін то­лық бұрып:

– Пәмилем – Сүлейменов де­діңіз бе? – деп қайталап сұрап алды.

– Десек қайтеді екен?!

– Сіз сонда, анау обкомдағы Сү­­­лей­­меновтің туысы боласыз ба?

«Ол кім еді?» дегендей Асе­кең біз­ге – Мархабат аға екеу­мізге қарай бұ­рылды.

− Облыстық партия комите­тінде Уә­лихан Сүлейме­нов деген екінші хатшы бар. Бұ кісі, шамамда, со кісіні айтып отыр, – деді Мархабат аға жымиып.

– Ә-ә, – деп Асекең демін те­реңнен шы­ғарды. – Ясно. Ол менің обкомдағы ағам ғой. Иә... мен арқылы оған бірнәрсе айт­пақ па едіңіз?

– Е-е, не айтушы ем?.. Осы күні бұ­рынғы теміржолшылардың пенсиясын көбейтіп жатыр дейді. Біздікі әлі сол... жиыр­ма жеті сом ғана. Түкке арзымайтын бірдеңе.

– Сіз не сонда, теміржолшысыз ба?

– Иә. Өмір бақи мына шойын жолында істеп, содан пенсияға шыққанбыз.

– Да-а, – деді Асекең енді ойланып. – Олай болса, жезде, сен екеуміз бұдан былай бір-бірімізге «сіз», «біз» деп сы­зылмай-ақ қоялық.

– О неге?

– Турасына көшейік те.

– Е-е, көшсек, көшейік...

– Әй, бала, – деді кенет Асекең бо­саға жақта отырған маған қарай қолын со­зып. – Әкел! Қаға-а-аз әкел! Қалам әкел!

Мен жалма-жан төс қалтам­ды сипап, блокнотымды шыға­ра қойдым. Асекең оның бір п­арағын жыртып алды да, Ырыс­бек қарияға ұсынды. 

– Ал-л, – деді содан соң даусына ерек­ше бір салмақ салып. – Жаз!

– Оу, не жазам? – Ырысбек қария қағаздан әбден үркіп қалған адамдай Асекеңнің қолындағы п­араққа шошына қарады. – Не жазам?

– Жаз, – деді Асекең тағы да қайталап. – Мен... Иә, айтпақшы, жезде, сенің атың кім еді өзі?

– Ырысбек.

– Иә, жаз... «Мен, теміржолшы Ырысбек, совет өкіметіне вооб­ще қарсымын!» де. Сөйт те, қо­лыңды қой.

– О, неге? – деді Ырысбек қа­рия ен­ді күлерін де, ашуланарын да білмей.

– Жазсайшы, – деді Асекең қариядан көз алмай, тесіле қара­ған күйі. – Сонсоң мен саған ай сайын Алматыдан жүз жиыр­ма сом салып тұрамын.

– Оп-по! – Ырысбек қария мұның қалжың екенін жаңа ғана түсінгендей санын бір соғып, мырс етіп күліп жіберді. – Сонда ме­ні сәбет өкіметіне қарсы қылып қой­мақсың ба?

– Мен емес, өзің ғой.

– Не, «өзің»?..

– Айттың жаңа...

– Не айттым?

– Атың кім еді?

– Ырысбек. 

– Иә, Ырысбек: «Үкімет пен­сияға жа­рытп­айды. Мен сәбет өкі­метіне қарсымын», дедің.

– Жо-оқ, – деп Ырысбек қа­рия тағы да етек-жеңін жиып, бір­түрлі секемдене қалды. – Мен қарсымын деген жоқпын!

– Куәсіңдер ғой, – деп Асекең бізге қарады. Көзінде бір қулық жасырынып, жылт-жылт етіп тұр. – Онда қара, мен жа­замын. Та-а-ак... «Мен, Сүлейменов сә­бет­ке қарсымын!» Сонсоң... Атың кім еді осы?

– Ырысбек.

– Иә. Ырысбек мырза, сен маған ай сайын жүз жиырма сом ақша салып тұрасың. 

– Ойбой, оны қайдан табам?

– Білмейм, табасың. 

Осы сәтте апамыз ас үй жақ­тан буы бұрқыраған бір табақ қуыр­дақты алып келе жатты. Манадан бері қоржын тамның қоңыр салқын қабырғасына ар­қасын сүйеп, қалғып отырған Ду­лат аға мен Мархабат аға: 

– Ал, қане, ыстық тамақ алың­дар, – деген апамыздың даусын естіп, дастарқанға қарай жа­қын­­­дады.

* * *

Қуырдақ желініп, шай ішіліп, біраз әңгіме шертіліп болған соң, біз үй иелерінен рұқсат сұрап, жолға шығатынымызды айттық.

– Оу, неге асықтыңдар? – деді Ырыс­­бек қария жаңа ғана келген қонақ­тарды жібергісі келмей шын пейілімен қаупалақтап. – Күнде келіп жатқан жоқсыңдар. Алматы, ол – мынау тұрған Арыс емес! Қазір қой соямыз. Сонсоң жа­та-жастана-а әңгімелесеміз кеп!..

Осы кезде Дулат аға жездесі мен әп­кесіне өз сапарының жай-жап­сарын қысқаша ғана түсін­діріп, бүгін қалай да Жетісайға же­тіп алуы керек екендігін айтты.

– Оқта-текте өстіп әпкеңді із­­деп кеп, қуантып тұрсайшы, – деп апамыз інісін тағы да құ­шақ­тап, көзіне жас алды.

Қасқа жолдың қалың шаңын бұрқы­ратып, біз мінген «уазик» Ақтастан алыстап бара жа­­тыр. Жездеміз бен апамыз есік алдында біразға шейін бө­ге­ліп, машинаның соңынан қа­рап тұр­ды. Ойда-жоқта келіп қуан­тып, енді міне, көзді ашып-жұм­ғанша болмай асығып, тағы да алысқа ат­танып бара жатқан бауырларын қимай, Алла тағаладан ақ жол, сәт сапар тілейтін сияқты.

Кенет Асекең рульде отырған Ораз­байға жалт қарап:

– Тоқта! – деді.

Машина бір кішкентай тө­бенің үстіне шыға бере кідірді. Сарғыш тұман секілді қою шаң айнала-төңіректі тұтас қаптап, біразға дейін сейілмей тұрып алды. 

Шаң басылды-ау деген кезде Асекең есікті шалқайта ашып, жерге секіріп түсті. Сөйтті де, темір­­жолдың жағасындағы ала­қандай ауылға қарап:

– Ау-у, жезде-е! – деп айғай­лады. – А-атың кім еді-і?!

Көзге көрінбей жанып жатқан от секілді лапылдаған ыстық ап­тап­тың ішінен:

– Ырысбе-е-ек! – деген дауыс естілді.

– Өй, жарайсың! – деді Асекең басын шайқап қуанып. – Жү-ү-үз жа-са-а-а!

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»