Таным • 25 Желтоқсан, 2018

Түркологиядағы өзекті мәселелер айтылды

666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлемде түркология ғылымына қызығушылық арта түсіп, ғылым тарихын жүйелеп, жинақтау бағытында айрықша міндеттер қойылып отыр. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы түркологияның заманауи сипатын танып-білуге жол ашып отыр. Осы мақсатта Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Түркология оқу залының салтанатты ашылуы өтті.

Түркологиядағы өзекті мәселелер айтылды

Жиынға Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор М.Жолдасбек, ҰҒА академигі С.Қасқабасов, фило­логия ғы­лым­дарының докторы Ш.Ыбырай және Н.Рахманов (Ташкент), Т.Садыков (Бішкек), Р.Аскер (Баку) сынды шетелдік ғалымдар қатысты.

Оқу залы қазақстандағы әде­би­ет­тану ғылымының түрко­ло­гия­лық бағытта дамуына сүбелі үлес қосқан әдебиеттанушы, ғалым Бей­­сенбай Кенжебаев пен Немат Ке­лім­бе­товтің құрметіне ашылып отыр. Түр­кологияның қазіргі зама­на­уи даму тенденциясы туралы сөз қозғаған профессор Мырзатай Жолдасбек ғылымның қалыптасу жолын­дағы ізденістерді тілге тиек етті. 

«Түркі халықтарының ежелгі дәуірде жасаған әдеби мұрасына қаз­ақ халқының да мұрагер болуына құқы­лы деп таныған Бейсенбай Кенже­баев мақсатты жоспарлар құр­ып, орнықтырды. Бейсекең бо­йын жасырған тұлпар сияқты сырттай қарасаң момын, ішкі дүниесі астаң-кестең болып тұратын кісі еді. Өте ғұлама ғалым еді, Бейсекең. Сол бия­зы­­лығына қарамай сұмдық батыл болатын», деп атап өтті М.Жолдасбеков. 

Іс-шара көрнекті түркітанушы ғалым Немат Келімбетовтің ғылыми-шығармашылық мұрасына арнал­ған «Қазақстанның қазіргі даму үде­рісіндегі түркітану ғылымы» атты халықаралық конференциясы­мен жалғасты. Конференция қа­ты­су­шылары түркологияны бүгінгі қо­ғамдық-гуманитарлық ғылым сала­ла­рының жетістіктері тұрғысынан сарап­қа салып, теориялық және прак­тикалық аспектілері туралы баян­дамалар жасады. Сондай-ақ, жиын аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан дүние жүзі түркологиясының тарихына арналған «Түркология. Дүниежүзі түркологиясының тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әлемдік түркологияның жүріп өткен тарихи жолын, даму тәжірибесін, жетістіктерін жинақтау мақсатында жазылған құнды еңбек осы бағыттағы алғашқы іс-тәжірибе деуге болады. Осынау игілікті іске мұрындық болған «Астана» қаржы орталығының басқа­ру­шысы Қ.Келімбетовтің «Түрко­ло­гия ғылымының жаңа деңгейге көтерілуі, теориялық-әдістемелік ізденістерінің қайта зерделенуі жа­қын болашақтың міндеті. Бұл еңбек осы бір маңызды іске жол сіл­теу болады деген үміттеміз», деген пікірі ғылымның зерттеу өріс­те­рін жаңаша күн тәртібіне қою керек екендігін айқындай түседі. Басы­лым­ның түркологияның түрлі зерттеу бағыттарына қызығушылық таны­татын ғалымдар үшін және ғы­лым тарихнамасымен айналыса­тын зерттеушілер үшін пайдалы бола­ты­нына сенімдіміз. Аталған еңбекке атсалыс­қан Ресей, Әзербайжан, Қыр­ғыз­­стан, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Жа­пония, Моңғолия ғалымдары ұсын­ған зерттеу материалдары XVIII ғасырдан бастап түркология ғылымының даму ерекшеліктері мен көппарадигмалық қасиетін жан-жақты қамтиды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»