Білім • 26 Желтоқсан, 2018

Бастауыш білім: тіл тазалығын қалай сақтаймыз?

3162 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мектепке дейінгі білімдегі ұлттық тәрбиенің басты кілті – тіл та­за­лы­ғы. Осы мәселе еліміздің білім беру жүйесінде, соның ішінде үш тілде білім беруге көшкен балабақшалар мен бастауыш сыныптарда қалай сақталып отыр? Әлі ана тілін толық меңгермеген балалардың тілі балабақша мен бастауышта қойыртпаққа айналуы қоғам тарапынан алаңдаушылық туғыза бастағаны байқалады.

Бастауыш білім: тіл тазалығын қалай сақтаймыз?

«Бүгінде үш тілді еркін меңгеру – табыстың кілті. Бұл – дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен еліміздің дамуына қосқан білімнің үлесі» дейді, Үштілділік білім орталығы директорының міндетін атқарушы Сара Сейітқызы. Үш­тіл­ділік ел Президентінің 2007 жылғы «Тілдердің үштұ­ғыр­лылығы» мәдени жобасынан бастау алған. Ал үш тілді білім беру 2015 жылы «100 нақ­ты қадам» бағдарламасынан қарқынды қолға алынып, Ұлт жоспарының 79-қадамы және үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы негізінде жүргізіліп жатыр. Орталық басшысының мәліметінше, 2013 жылдан бас­тап 1-сыныптан ағылшын тілін оқыту 2012 жылғы жаңа стандартта көрсетілген. 2016-2017 оқу жылында ағылшын және орыс тілі 1-сыныптан бастап енгізілді.

Бұл балаларға қиындық туғызып жатқан жоқ па? Өйткені олар үш тілде оқып-жазуды 1-сыныптан бастап үйренеді. Алдымен бала жағдайын білетін ата-анадан сұрадық.

5-сыныптан кеш, 1-сыныптан ерте

Үлкен ұлы 5-сыныпта, ортаншысы 2-сыныпта оқитын Әсия Базарбайқызы: «Қазір балалары мектепке барған біздің буында «Ағылшын тілін 5-сыныптан бастап оқытқанда да кеш қалған жоқпыз ғой, бізден де аудармашылар, елшілер шықты» деген уәж туындаған. Бірақ бұрынғыдай оқытсақ, балаларға қиын тиеді. Өйткені жоғары сыныптарда кей пәндерді ағылшын тілінде оқытады.Алайда бұл тілдерді 1-сыныптан оқытуды қолдаймын деген сөз емес. Өйткені өзі білім алатын тілде оқып-жазуды меңгермеген балаға алғашқы жылы өзге тілдің әріптерін үйрену ауыр. Барлық проблеманың зардабын көретін алды­мен ата-ана. Үлкен ұлым оқы­ғанда қатты қиналдым, өйткені мектепте неміс тілін оқығанмын, сон­дықтан қадағалай алмаймын. Амал жоқ, қосымша мұғалім жалдап оқыттым», дейді.

Жарайды, кірісі көп қалалықтар осылай жол тауыпты, ал ауылдық ата-аналар қайтпек? Бұл айтарлық­тай проблема, себебі еліміздегі бүкіл мектептің 5285-і, яғни 71 пайызы ауылдық мектептер. Ақпараттық-талдау орталығының 2016 жылғы зерттеуінше, 247,4 мың бала – тұр­мысы төмен отбасынан.

Гарвард университетінің түлегі, сарапшы Шыңғыс Мұқан бұған басқа қырынан қарай­ды. «Жалпы, қазіргі әлем қос тіл­ді. Бүгінгі адамзат арасында бір тілден гөрі қостілді білетін адамдар көп. Әр он адамның бірі үш тілді меңгерген. Демек, өзге тілдерді білу – әлемде қалыпты жайт. MIT (Massachusetts Institute of Technology, ғылыми-зерттеу инс­титуты – А.Ш.) тұжырымын­ша, адам­ның тіл үйренуге деген қабілеті 10 жасқа дейін жоғары болады, ал әрі қарай ол қабілет жойылып, фундаменталды ғылым­ды, математика сынды пәндер­ді үйренуге қабілеті арта түседі екен», дейді Ш.Мұқан. Әрі қарай бала тәрбиелеп отырған сарапшы өз ойын: «Болашақ» бағ­дарламасы бо­йынша Бостонда тұр­ған­да Алаш атты ұлым шет тілі ретін­­де испан тілін 1-сыныптан бас­тап оқыды», деп сабақтайды.

Десе де, көптің көкейінде сұрақ бар: әлі ана тілінің әліпбиін толық меңгермеген балаға өзге тілді үй­рету қаншалықты қисынды? Мүм­кін балалар біз ойлағаннан әлде­қайда алғыр болар...

Мектепке бардық. Партаға отыр­дық. Шыңғыс есімді сары баланың қасынан орын табылды. Балалар бағдарлама бойынша 2-сыныпта оқи алуы керек екен. Шыңғысқа өзімнің білмейтінімді, оның оқып беруін өтіндім. Ол ағылшын тіліндегі «cat» сөзін «сат» деп оқыды. Апайы түзетті. Бала күдіктенетіндей емес, мағы­насы бар сөз. Ал бұл мысық сөзі­нің ағыл­шын­шасы дұрысында «кәт» деп оқылады. Басқа балалар білетін болар деп өзге оқушының жанына жайғастым. Ағылшын тілі оқулығын ашып едім, Еңлік қыз маған үрке қарады. Жылы жымиып, кітаптағы сөзді оқып беруін сұрағанымда: «Мен ағылшынша оқи алмаймын!» деп бір-ақ кесті. Өзін мақтай отырып себебін сұрағанда: «Әріптерді білемін, бірақ оқуы басқа», деді. Ал мұғалім (аты-жөнін жазудан бас тартты) бұл проблеманың басты себебін үйдегі бекіту жұмысының болмауында деп түсіндіреді. Мұн­дайда отбасында ағылшын тіліне қызы­ғу­шылық танытатын ата-ана­лар­дың балалары алда келеді екен. Себебі аптасына өтетін екі сабақ жеткіліксіз. Мысалы, 4-сынып­та бұрынғы бағдарламамен аптасына 1 сабақ болады, олардың дең­гейі қазіргі аптасына 2 рет өтетін 2-сынып­тағы оқушылармен бірдей.

Сыныптағы 25 баланың деңгейі әртүрлі. Бағдарлама бір болғаны­мен қабыл­дау басқа, соған сәйкес 2-сы­нып­қа өтсе де ағылшын былай тұр­сын, әлі қазақ әріптерін шатасты­ра­тын балалар бар. Содан келіп ағыл­шын тіліндегі сөздер­ді де өзі зорға меңгеріп жүрген қазақ әріптерімен оқиды. Бұл – бірін­ші қиындық. Екін­шісі одан да салмақ­ты, себебі бала бойын­да пәнге деген кері реак­ция пайда болды. Мұның соңы мұ­ға­лім­ге проблема, ата-анаға уайым алып келеді. Ал ол шешімін тап­п­аған жағ­дай­да ағылшын тілі мұғалі­мі сенім­нен айырылады, ата-ана қалта­сы­нан қағылады. Өйткені бала оқу керек. Тұйық осы талапқа тіреледі.

Әлемнің бірде-бір елінде үш тіл мүлдем оқытылмайды

Сенат депутаты Мұрат Бақтияр­ұлы әлемдегі ең әлеуетті 30 елдің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқылатынын зерттепті. Депутаттың дерегінше, екі тіл 1-сыныптан 4 елде, 2-сыныптан 5 елде, 4-сыныптан 12 елде оқытылады. Алайда әлем­­нің бір­де-бір елінде үш тіл мүл­дем оқы­тыл­майтынын алға тарт­қан М.Бақтиярұлы балабақшада және бас­тауыш сыныптарда барлық пән тек ана тілінде оқытылуы керек екенін әрдайым айтып келе жат­қанын жеткізді. Бұған ХІХ ғасырда өмір сүрген америкалық саясаткер Бригам Яңның (Brigham Young): «Балаларыңыздың ана тілін толық меңгергеніне көңіл аударыңыз, сонан соң барып оған жоғары сапалы білім алуына рұқсат беріңіз», дегенін қоса кетейік.

Әлемдегі көптеген мемлекеттерден, әсіресе ТМД елдерінен Малай­зияға тіл үйренуге баратын­дар жыл санап артып келеді. Өйткені ол – ағылшыншаны ресми тіл ретін­де қабылдаған ел. Сонда білімін жетіл­діріп келген тіл маманы Мади­на Мұсатаева: «Орыс тілін білу біздің балаларға керек. Мен мұны ағылшын тілінің маманы ретін­де айтып тұрмын, өйткені орыс тілін білген балаға ағылшыншаны алып кету оңай. Екі тілдің сөйлем құры­лысы, грамматика, лексикасында да көп ұқсастық бар. Бір-ақ сөз айтайын: interesting – интересный. Ал оның қазақшасы – қызық­ты. Мұндай жаттауға жеңіл, өте ұқсас сөздер мыңдап кездеседі. Орыс­шаға жетік болу ағылшынды тез үйрену үшін қажет. Екіншіден, әлем мойындаған классикаларды өз тілінде оқи алады. Бұдан бөлек, ғарышты бағындырған көрші ел, сол себепті ағылшын тілінде де таппайтын кейбір ғылыми деректер бар. Түпнұсқасы орыс тілінде», дейді. Оның айтуынша, ағылшын тілінің балаларға қиындық туғызып жатқан себебі қазіргі мектептегі оқулықтар көзге, яғни сурет арқылы есте сақ­тауға арналған. Ондағы сөздер тез жат­талады әрі тез ұмытылады. Және жат­тауға берілген сөздер көбі­не күн­делікті өмірге қажетсіз. Ал адам білгенін, үйренгенін қол­дан­баса, оның бәрі өздігінен ұмы­ты­ла береді. Кей әдістемелер әлі де кеңестік кезеңнің сарқыты, бұл қазір­гі бала­лар­­ды жалықтырып жібе­реді. Деген­мен, ұлт ұстазы А.Байтұр­сын­ұлы: «Бала бастауышта бар пәнді тек ана тілінде оқуы керек», деді ғой.

Орыстілді мектептің оқушылары қазақшаға неге шорқақ?

Журналистік зерттеу барысында 5 мектепте болдық. Сонда байқағанымыз – балалар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Директордың бөлмесін таба алмай, дәлізде тұрған оқушылардан көмек сұрадым. Көздері дөңгелене бір-біріне қарай­ды. Қайталадым. Аралас мек­тептегі 6-сыныптың оқушысы: «Қазақша түсінбеймін», деп жауап береді. Әрі қарай диалогымыз орыс тілінде жалғасты. Мен одан қазақ тілі деген пәнді қай сыныптан бастап оқитынын сұрадым. 1-сыныптан бастаған екен. Жауабынан соң: «Сонда саған қарапайым сұрақты түсінуге бес жылдық білім жетпеді ме?», деп сұрадым. Иығын қиқаң еткізді. Бір пәнді 5-6 жыл оқыса да бұл балалар қазақшаға неге шорқақ? Ең алдымен балалар үшін алаңдаймыз. Оқушылар бастауыш­ты бітіргенде қазақша жол көр­сете алатын жағдайға жетпесе, ертең «Қазақстан тарихы» пәнін қалай түсін­еді? Жаңартылған білім мазмұны бойынша барлық мектептер оқыту тіліне қарамастан «Қазақ­стан тарихы» пәнін қазақ тілінде өтетін болды емес пе?!.

Орта білім беруді әдістемелік жағынан қамтамасыз етіп отырған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-прези­денті А. Мұхамедханова бұл сұрақ­қа: «6-сынып 5-тен келді. 5-сынып­та жаңа бағдарлама болған жоқ. Ал жаңа жүйеде сөйлеуге мән беріл­ген. Бұрынғы бағдарламада қалай болды? Грамматика, грамматика, грам­матикамен төрт сыныпты тәмам­дады. Олар сөйлеген жоқ. Қазіргі бағдарламада, байқасаңыз, тың­далым, айтылым, оқылым, жазы­лым бойынша үйретіледі. Мысалы, қазір мұғалімді тың­да­ған­нан кейін балаларға тапсырма былай беріледі: «Отбасың, ата-анаң, туыстарың туралы айт». Яғни, айт, түсіндір, сөй­лес, қарым-қатынасқа түс, салыс­тыр, өзің істе деген сөз. Сіз сұ­рақты екі жылдан соң қойыңыз, қазір­гі 1, 2-сынып балалары басқа. Өз ойын еркін жеткізеді», деп жауап берді.

Статистика комитетінің мәлі­метіне қарап, қазақ мектеп­тері­нің саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына қуанасың. Бірақ неге сан сапаға айналмай тұр? Мәселенің мәнісі мынада: 1) аралас мектеп ақсатып тұр; 2) 45 минуттық тіл; 3) әдістеме әлсіз. Тарқатайық. Біз барған білім ұясы – аралас мектеп. Адамды, әсіресе баланы орта тәрбиелейді. Ал оқушылардың қазақ сыныбына барса да қазақшаға жетік болмауы осының салдары. Себебі, қазақ тілі – тек 45 минуттық тіл. Дәліз­де қазақша шүйіркелескен бала­ларды көрмедік. Жол көрсетуге қазақшасы жетпеген оқушылар қазақ сыныбындағыларды да орысша сөйлетеді. Ал жоғарыдағы көз­бен көрген екі мәселені жалғыз шешуге әдістеме қауқарсыз. Оны бағ­дар­лама дайындап отырған академия өкілінің өзі-ақ айтып берді.

Жапониядағы Цукуба (University of Tsukuba) университетінің аға оқытушысы Қуаныш Тастанбекова бұл сұраққа басқаша жауап бер­ді. Оның айтуынша, кез келген тіл­ді үйренуге алдымен мотивация керек. Біз қазір ағылшын тілін жанталасып, қаржымызды салып үйреніп жатыр­мыз, өйткені қажет. Оны біл­сең, сұраныстағы маман, табыс­ты адам боласың. Міне, қазақ тілі­не деген осындай көзқарас қалыптас­па­йын­ша, балалар бес жыл былай тұр­сын, 11 жылда да сөйлеп кетпейді.

Халықаралық деңгейдегі маманнан «Қазақшаға қажеттілікті туындата алмай тұрып өзгесін енгі­зу көңілге қона ма?» деп сұрадық. «Білім саласындағы тіл саясатымен ай­на­лы­самын. Бұл – менің зерттеу тақы­рыбым. Қазақстандағы 1-сыныптан ғана емес, балабақшадан бастап енгізілген үштілділік саясатын екі себепті сынаймын. Біріншісі – психо-лингвистикалық себеп. Бір тілді толық меңгермей, бір тілде абстрактылық, логикалық ойлау қалыптаспай өзге тілді енгізу үлкен мәселелер туындатады. Екінші себеп − жүйелілік. Елімізде ауыл мектептері түгілі кейбір қалалық білім ошақтарының өзінде білім сапасында едәуір алшақтық бар. Оны жою үшін алдымен тек екі тілді жоғары деңгейге шығаруымыз керек. Ондай жағдайға әлі жет­кен жоқпыз. Ал бұл нәтижеге жет­пей тұрып үшінші тілді немесе бас­қа да жаңа пәнді енгізу керісінше білім сапасын төмендетеді», дейді Қ.Тастанбекова.

Ағылшын тілін жапондар 2012 жылға дейін тек 7-сыныптан бастап оқытқан, қазіргі бағдарлама бо­йынша 5-сыныптан аптасына 1 рет оқиды екен. Ал 2020 жылға қарай 3-сыныптан коммуникативтік пән ретінде оқытуды қолға алып отыр. Бірақ оған психо-лингвистер өз зерттеулерін алға тартып, қарсылық танытып жатқанға ұқсайды.

Жапондар баланың бойында әлеуметтік дағдыларды дамытуға, қоғамға, ортаға бейімдеуге, өзгелер­дің еңбегін бағалауға үйретеді. Мәселен, он­дағы мектептерде еден жуушы деген қызметкер жоқ, балалар бәрін өздері істейді.

Бүгінде 22080 оқушы бастауыш сыныптарда білім алуда. Енді сол «22080 баланы қалай тәрбиелеп жатырмыз?» дегенге сәл ойланып көрейікші. Шынында біздің балалар өнертапқыш болса дейміз, ал ол үшін білімнен де бұрын табан­дылық, қайсарлық қажет. Бұл бізде неге сирек? «Пәленшенің өз жаңа­лы­ғын ашарда 100 рет, түген­шенің 90 рет тәжірибе жасаға­нын бала­­ларға айтпаймыз» деп шағым­дана­­мыз. Ал оның түбі тереңде боп шықты. Білімді игеру үшін де алды­мен қажыр керек, ал оны игі­лікке жұмсау үшін тәрбие қажет. Сон­дық­тан тәрбие білімнің тасасында қалмауы тиіс. Себебі әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы».

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»