Қаржы • 26 Желтоқсан, 2018

Олжас Тілеуов: Ұлттық банкке пайыздық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (cipe.kz) директорының орынбасары Олжас ТІЛЕУОВ Қазақстан экономикасындағы қауіп пен тәуекелге әсер ететін факторлар туралы ойымен бөлісті. 

Олжас Тілеуов: Ұлттық банкке пайыздық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ

– Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасының төмендеуінен басқа қандай қауіп бар?

– Қазақстан экономика­сындағы қауіп пен тәуекелді екі ба­ғытта қарастырған жөн. Яғ­ни сыртқы қауіп – әлем­дік нарықтағы мұнай және ши­кізат ресур­­стары бағасының төмендеуі. Бұл экспорттық тү­сіміміздің не­гізгі көзі. Ресей, ЕО елдері, Қы­тай арасындағы сауда соғысы да сыртқы қауіптің саяси сал­мағын ауырлатып тұр. Ресей мен Батыс елдерінің ара­сында саяси қарама-қай­шы­лықтар, Breхit cценарийі бо­йынша Еуроодақтың делими­тациясы, Қытай мен АҚШ ара­сындағы сауда-саттық туралы даулар және дамушы нарық­тарға қатысты дамыған елдер­дің протекционистік сауда сая­сатының кері әсері де сезілуде.

Дүниежүзілік банктің зерт­теуіне сәйкес мұнай өнеркәсібі мемлекеттің қолдауымен қатты дамыды. Сол себепті бүкіл эко­­номикада еңбек өнімділігі тө­мендеуде. Оған қоса сауатты ма­мандардың эмиграциясы бас­талды. Осы екі фактор бірігіп, эко­номикаға теріс әсерін тигізуде.

– Банктер дағдарыстан то­лық арылмай жатып, қай­та­дан қысымның астында қал­ды. Капиталға, активтер са­­пасына, кредиттеуге қа­тыс­­­­ты проблемалар күшейе түс­­ті. Активтердегі және мін­­дет­тердегі валюталық дис­­­ба­лансқа қатысты проб­лема­да тең­гелік өтімділік тап­шылы­ғы­ның мәселесі өт­кір болып отыр. Мұның соңы неге апа­рады?

– 2008-2009 жылдардағы эко­но­микалық дағдарыстың банк секторына әсері қайта сезіле бас­тады. Соңғы екі жылдың ішінде елдегі банктер саны 35-тен 28-ге азайды. Кейбір банктер лицензиясынан айрылды. Мұның салмақты себебі бар.

Валюталық дисбалансқа қа­тысты проблемада теңге өтім­ділігі тапшылығының мәсе­лесі өткір күйінде қалып отыр. Бұл факторды 2008-2009 жыл­дардағы экономикалық дағдарыстың мұрагері деп қа­былдауға болады. Осының салдарынан кейбір банктер өз міндеттемелерін орындай алмай қалды. Бұл Ұлттық банктің қатаңдатылған нормативтерді қабылдауын мәжбүрледі.

2025 жылдан бастап ЕАЭО елдері ортақ қаржы нарығына көшуге дайындықты бастады. Қазан айында Ереванда қар­жы нарығын унификация­лау туралы келісімге қол қой­ды. ҰБ нор­мативтері қаржы инс­ти­туттарының бәсекелестігін кө­теру бағытында қабылданып жатыр. Банктердің қысқару неме­се бір-бірімен бірігуі алдағы уа­қыт­та та жалғасады деп ойлаймын.

– Қателеспесем, Ұлттық банк 2017 жылы 4 рет, 2018 жы­лы 1 рет, қыркүйек айын­да интервенция жасады. Деген­мен теңгенің күш алуын қол­дамайтын сияқты. Енде­ше валюта нарығындағы құбы­лысты еркін баға айналымы деуге бола ма?

– Ұлттық инфляциялық таргет­теу жүйесіне көшкен 2015 жыл­дан бастап бас реттеуші ретінде, қажет деп тапса валю­талық сауда мәселесіне араласу құқын өзінде қалдырды. Мұндай жағдайда номиналды теңге бағамының қалыптасуы Қазақстан экспорттық тауар­ла­ры бағасының динамикасына және негізгі сауда әріп­тестері елдерінің айырбас бағам­дарының өзгеруіне, ағымдағы макроэкономикалық үдерістерге әсер ете алмайды. Ұлттық банк нарықта алыпсатарлық тенденциялар байқалғанда, бұл нарық қатысушыларының көңіл күйіне әсер ете бастағанда курсты рет­тейді. 2018 жылдың қа­зан айын­дағы Ұлттық банк ин­тер­венциясы теңгені құнсыз­данудан сақтап қалды. Ұлттық банктің валюта саудасына араласуы, еркін баға айналымы бір-біріне қарсы емес, бір-бірін толықтырып тұратын категория. Кей елдерде, мысалы Чехияда Ұлттық банк баға айналымын ғана емес, интервенцияны да үйлестіріп отырады.

– Реттеуші базалық мөл­шер­лемені 9,5 пайыз дең­гейін­де ұстап тұр. Бұл фактор қа­зір­гі жағдайда өзін-өзі ақтап тұр ма?

– Ұлттық банктің 16 қа­зан күні базалық пайыздық мөл­шер­лемесі 9,25 пайызға дейін өсті. Мұндай шара сыртқы экономикалық және геосаяси тәуекелдерді күшейтеді. Себебі түрлі тауар және валюта каналдары пайыздық мөлшерлеме арқылы инфляцияға әсер етеді. Ал инфляция қаржы-несие сая­сатындағы макроэконо­ми­калық көрсеткіш индикаторы. Басқаша айтқанда, базалық-пайыздық мөлшерлемені көтеру – 2019 жылы инфляцияның жоғары деңгейдегі дәлізден асып кету қаупінің алдын алады, бұл сол үшін қабылданып отырған шешім. Ұлттық банктің «Қаржы-несиелік саясаты» туралы құжаты бойынша 2018 жылы инфляция шегі 5-7, 2019 жылы 4-6 пайыз шеңберінде болуы тиіс.

– Соңғы үш рет болған девальвациядан соң ІЖӨ, егер доллармен есептесек, күрт құ­лады, ал Қазақстанның валю­­талық қарыздары теңге­мен есеп­тегенде, керісінше, артты. Мұның соңы неге апарады?

– 2002-2017 жылдар арасын­да теңге бағамының АҚШ долларымен салыстырғандағы девальвациясы шеңберінде Қазақстанның сыртқы қарызы 1,6-дан 14,3 млрд АҚШ долларына өсті. Таратып айтқанда, 560 есе өсті. Айырмашылық бірден байқалады. Егер сырт­қы қарызды ІЖӨ-нің өсім деңгейімен салыстырсақ, бұл көр­сеткіш 1,6 пайыздан 8,8 па­йызға дейін өскен. Демек алаңдауға себеп жоқ.

– Ал Ұлттық банктің ба­ғам саясатын ол үкіметке кіріс пен шығыстардың жос­парын орындауына көмек­тесу ретінде бюджетте қарас­тырылған доллардың орташа бағамы $1 үшін Т300 және Т360 аралығында ұстап тұра­ды деген еді. Қазір доллар бағамы 373-тен асып кетті. Бюд­жетте есептеген сомадан 17 тең­геге асты. Бұл фактор ішкі на­рыққа қалай әсер етті?

– Шынында, Ұлттық банк­тің және Үкіметтің ресми мәлімдемелеріне және еркін айырбас бағамының парадиг­масына сәйкес қазақ теңгесінің номинальды курсына қатынасты ешқандай таргеттер жоқ. Жоға­рыда айтқанымдай, Ұлттық банк 2015 жылғы тамызда ресми түрде басталған ұлттық валю­таның айырбас бағамы бойынша инфляциялық таргеттеуді және еркін айналыстағы айыр­бас бағамы іргелі макро­эко­номикалық факторлар негі­зінде қалыптасты. Бұл жерде бюджет п­араметрі теңге бағамын қа­лып­тастыратын құрал бола алмайды.

Мемлекеттің үш жылдық бюд­жеті туралы заңды талқы­лаған кезде теңгенің АҚШ дол­ларына қатысты есептік көрсет­кішіне қарайды. Бұл әлеу­меттік-экономикалық даму деген құжатта белгіленген. Бұл құжатты ҰЭМ дайындайды. Министрлер кабинеті құжатты дайындаған кезде тек теңге мен АҚШ долларының дәлізіне ғана басымдық бермейді.

Бұл фактор Қаржы және Ұлттық экономика министр­лік­теріне белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана бюджеттік процестің қалай қалыптасатынын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен бір­ге Ұлттық банк теңге бағамын өздері қалаған курста ұстап тұру үшін мақсатты түрде әре­кет етпейтінін түсінуіміз ке­рек. 2018 жылдың тамыз айы­на дейін АҚШ доллары үшін теңге бағамы 340 теңге дәлі­зін­де тұрды. 2018 жылдың қыр­күйегінен кейін баға 380 тең­геге дейін өзгерді. Бюджет пара­метріндегі динамикаға бұл фактор әсер еткен жоқ. Нарықтың қатысушылары ішкі нарықта да республикалық бюджетте белгіленген теңге бағамы мен өздерінің әрекеттері арасында айырмашылықты сезген жоқ.

Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемесі 2019 жылы 3,1, 2020 жылы 3,4 пайыз­ға көтеріледі деген болжам бар. Бұл жағдай АҚШ долларының қымбаттауына алып келеді. Сон­дықтан Ұлттық банкке инфля­ция­ны тұрақтандыру, ұлттық валюта бағамының тұрақтылығы үшін пайыздық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА