Аударма • 26 Желтоқсан, 2018

Британия шағын газеттерге көмектеседі

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Люси Эштон 2009 жылы The Sheffield Star-дағы жұмысынан кетіп, жұртшылықпен байланыс ауысқан кезде әріптестерінің де басылымнан кете бастағанын байқады. Себебі газет таралымы түсіп, жарнамасы азайған. Оның үстіне, жаңа жұмыс орнының ашылуы да неғайбыл болатын.

Британия шағын газеттерге көмектеседі

The Lincolnite-тің басқарушы редакторы Дэниель Йонеску BBC бастамасы арқылы екі тілшіні қызметке алды.

Таяуда ол жергілікті биліктің медиа ұйымдарға көмектесу бас­тамасы аясында қайта орал­ды. Ол Шеффилд қаласы мәслихатында сондағы әйел спикердің өздеріне көр­сетілген қысым жөнінде айт­қаны­нан ақпарат таратты. «Бұл – күн тәртібінде тұрған жоқ бола­тын. Сол жиынға тілші қа­­тыс­­паса, онда бұл тақырып тал­қы­­лан­байтын еді», дейді Мисс Эштон.

Жергілікті билік туралы жа­ңалықты қайта тірілту мақ­сатында Британиядағы шағын басылымдар BBC-дің лицензия­сын сатудан түсетін пайданың бір бөлігін иеленеді. Бұл сома – BBC-ді көретін әрбір үйдің төлеуі тиіс міндетті жарнасы. Жиналған қаржының 8 миллион фунт-стерлингі (шамамен 10 миллион АҚШ доллары) жергілікті газеттер мен жаңалықтар сайтына беріліп, қосымша тілшілердің айлығын төлеуге жұмсалады.

Британиядағы басылымдар 144 орынға өтініш бере алады. Қазірге дейін 90 пайызға жуығы толтырылды. Бұған дейін журналист қызметін атқарған тілшілер BBC тарапынан қосымша тре­нинг­тен өтіп, әрқайсысына ең төмен­гі 22 000 фунт-стерлинг жа­лақы беріледі. Бұл – Бри­тания­дағы аймақтық басқа медиа ұйым­дардың тілшілеріне қа­раған­да төмен.

Парламент мүшесі, бұрынғы Медиа және мәдениет министрі Мэтт Хэнкоктың сөзіне қарағанда, мұндай бағдарлама жергілікті билік өкілдерінің жаңалықтарын қамтуға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, кейінгі кезде саясаткерлер сөзін жазатын журналис­тер азайып кеткен. «Бәлкім, шынайы демократия осы ма деген сауал туындауы мүмкін», дейді мистер Хэнкок.

The Local News Partnership – жергілікті жаңалықтарды тара­туды бизнес-модельге айнал­ды­рудың үздік мысалы. Бұған дейін мұндай тәсіл мүмкін емес­тей көрінетін. Әсіресе коммер­циялық емес ұйымнан қаржы алу мүлдем ақылға сыймайтын. Google компаниясы биыл журналистиканы қолдау мақсатында 300 миллион доллар қаржы бө­ле­тінін мәлімдеді. Facebook Британиядағы жаңа жобаны қол­дау мақсатында 6 миллион доллар жұмсады.

BBC-дің қаржыландыруының өтеуі ретінде газеттер басқа қыз­меткерлерді жұмыстан шығар­мауы тиіс. Сондай-ақ тілшілер жер­гілікті биліктің жаңалық­тарын қамтуы керек. BBC және бас­қа да бірқатар медиа ұйымдар олардың мақалаларын қолдана алады. Яғни, жергілікті жаңалық­тар­дың ортақ жүйесі пайда болады.

Әйтсе де Британиядағы жер­гі­­лікті басылымдарға түскен қар­жы­лық салмақ ауырлап келеді. Мәселен, 2012-2018 жылдар ара­лығында 136 газет жабылды.

Дэниель Йонеску мырза Лин­кольширді қамтитын жаңалықтар сайты – The Lincolnite-тің бас­қарушы редакторы. Олар әріп­тестік арқылы екі тілші алды. Оның айтуынша, жарнамадан түсетін пайда жергілікті онлайн басылымдарға емес, Google, vty, Facebook секілді жүйелерге кө­бірек кете бастаған. Ол мұндай алпауыт компаниялардың басым­дығынан құтылу үшін не істеу қажет екенін айта алмайды.

«Бүкіл мәселені қамтып отыр­ған баспалар қалған-құт­қан­мен күнелтіп отыр», дейді Йо­неску.

 

Эми ТСАНГ, «Нью-Йорк Таймс» – Лондон

Фото: Дункан ЭЛЛИОТ, «Нью-Йорк Таймс»