Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2018

Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуларды смартфон арқылы қабылдайды

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұртшылық көбіне жедел жәрдем қызметінің жұмысына көңілі толмай, шақыртуларға сала қызметкерлерінің кешігіп жететіндігі туралы сын айтатын. Соңғы уақытта осы орны толмас олқылықтарды болдырмас үшін денсаулық сақтау мекемелері түрлі жақсы жобаларды қолға ала бастады.

Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуларды смартфон арқылы қабылдайды

Міне, сондай игілікті бастаманы Шымкенттегі жедел жәрдем қызметі алғашқылардың бірі болып қолға алды. Енді мұнан былай «103» біріңғай байланысындағы қызметкерлер 100 пайыз сандық жүйеге көшіп, смартфонмен қамтылды. Бір сөзбен, медициналық қызметтер электронды жүйеге көшті.

Осы арқылы жедел және шұғыл медициналық жәрдем бригадасын шақырту картасын, учаскелік дәрігердің дабыл қағазын және жедел медициналық жәрдем станциясының ілеспе парағын смартфонға енгізетін болды. Бұл дегеніміз жедел қызмет көрсететін бригадалар орталық стансаға келмей-ақ қолындағы смартфон арқылы тікелей шақыртуға бара алады. Осының арқасында медицина қызметкерлері әуелі уақыт үнемделсе, екіншіден қағазбастылықтан құтылады.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың бірі - 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы қағазсыз құжат айналымына көшу болатын. Сондай-ақ Жолдауда денсаулық сақтау саласының мамандарына ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, қағаз қолданбайтын ауруханаға көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет, деген міндет жүктеген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын басты назарға ала отырып, Шымкент қаласының жедел жәрдем станциясы алғашқылардың бірі болып қағазсыз жұмыс жасауға көшті. Енді жедел жәрдем қызметкерлері бұрынғыдай қағаз толтырмайды», дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов.

Қазіргі таңда миллионды шаһар тұрғындарына 81 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Барлық жедел жәрдем бригадалары смартфомен қамтылған. Күніне қала бойынша  орташа есеппен  15000-16000 шақырту түседі. Орталыққа келіп түскен қоңыраулардың  20 пайызы 4 -ші санаттағы шақырту болғандықтан, мекен-жайы  бойынша емханаларға тікелей жолданады, дейді сала жауаптылары.

Айта кетерлігі, қаладағы жедел жәрдем мекемелерінің орталығында Call Center жұмыс істейді.   Осы орталық арқылы жедел жәрдем көлігінің қай маңда жүргенін, нақты мекен-жайға неше уақытта жеткенін арнайы құрылғының көмегімен бақылап отыруға болады. Ғимараттағы үлкен экраннан бригадаларды да қадағалауға мүмкіндік бар.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»