Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2018

Шымкентте Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында 84 жоба жүзеге асырылды

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында тілге тиек еткен «Туған жер» жобасында әрбір азаматты кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, қала мен өңіріне қызмет етуге шақырған болатын. Осынау елдік деңгейдегі бастамаға Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда.  Нәтижесінде үшінші қалада 84 жоба жүзеге асырылып, ел игілігіне берілді.

Шымкентте Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында 84 жоба жүзеге асырылды

Туған қаланы түлету үшін жасалынған 32 жоба «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. Бұл мақсатта демеушілер мен меценаттар есебінен 1,6 млрд теңге бөлінген. Игі бастамалардың басында «Отау групп» ЖШС мен «Атамекен» корпорациясы тұр. Аталған мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 280 млн теңгені құрайтын, 110 орындық инклюзивті білім беру орталығын салып берді. Ал «Атамекен» корпорациясы 547 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақша құрлысына көмек көрсеткен.

Ұлт көшбасшысының бағдарламалық мақаласындағы «Тәрбие және білім» бағыты бойынша Шымқалада 138 іс-шара ұйымдастырылып,  қаладағы 94 мектепте робот-техникасы кабинеті ашылды. 164 оқытушы тиісті курста білімін жетілдірді. Сонымен қоса «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша Шымкенттегі қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштерге, жалпы саны 18 нысанға QR кодтар орнатылды. «Отырар» кітапханасынан коворкинг орталығы ашылды. «Әдеби өлкетану» жобасы аясында түрлі конкурстар, кездесулер, айтыстар, ашық сабақтар, конференциялар мен семинарлар өткізіліп, кітаптар басып шығарылды.

Президенттің қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы тапсырмасына орай Шымкентте латын қарпіндегі қазақ әліпбиін насихаттау жұмыстары да белсенді жүргізіліп келеді. Шымкенттегі бірқатар басылымдарда  латын қарпінде жазылған мақалалар басылып, қала бойынша осы реформаға арналған 75 баннер ілінген. Сонымен қатар, қаладағы жоғары оқу орнының басшылары, оқытушылар, профессорлық құрам мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің, сарапшылардың қазақ тіліне аударылған 18 оқулығын таныстыру жиыны өтті.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»