Әдебиет • 27 Желтоқсан, 2018

Қостанайда ақын Ақылбек Шаяхметтің жыр кеші өтті

546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» және М.Дулати атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық кеші жерлестерін жырға сусындатты. Ақылбек Қожаұлының өзі айтқандай, бұл жолғы кеш әдеттегідей ақынның мерейтойына орай емес, оқырмандардың сұрауы бойынша ұйымдастырылды. Сондықтан кеште жыр сүйер қауым ақынға арналған мадақ сөздерді емес, оның жаңа жырларын тыңдады. Кеште осыны мақсат тұтқанын Ақылбек Шаяхметтің өзі де айтты.

Қостанайда ақын Ақылбек Шаяхметтің жыр кеші өтті

«Еліміздің шалғайында жатсам да, көштен озбай, соңында қалмай, қолына қалам ұстаған қаламгерлердің бел ортасында жүргеніме тәуба деймін. Күннің аязына қарамай осында жиналған жыр сүйер қауымға да ризашылығымды білдіремін. Мен әр бес жыл сайын мерей тойыма орай оқырманым алдында шығармашылық кешім арқылы есеп беріп отыратын едім. Онда әрине мерейтой болған соң, уақыттың барлығы менің атыма айтылған мадақ сөз бен шапан жабу секілді сый-сияпатқа кетіп қалатын, кештің соңында ғана өзім бірді-екілі өлең оқып қалатын едім. Бүгінгі кеште керісінше, өзім өлең оқығым келді» деп ағынан жарылды Ақылбек Қожаұлы.

Кеште ақын: «Жалғанға жалпақ жарығын таратқан, Алла!

Тіліме тәтті балды да жалатқан, Алла!

Құлыңа мына көз салшы, жаратқан Алла!

Аузыма жақсы сөз салшы, жаратқан Алла!» деп бастап, көсіліп өлеңдерін оқыды.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов кеш иесін облыс әкімі атынан құттықтап, Ақылбек Шаяхметтің қазақ әдебиетінен өз орнын алған қаламгер екенін және оның өңірдің мәдени өміріне қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Алматыдан арнайы келген «Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы қордың өкілі, «Қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі Қали Қамбаров Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Кенжебек Укин, Ысқақ Есіргепов, ақын, қажы Жолбарыс Баязид және тағы басқалар ақынға ізгі тілектерін білдірді, сый-сияпат та жасады. Кеш Ақылбек Шаяхмет сөзіне жазылған әндермен көмкерілді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай