Аймақтар • 04 Қаңтар, 2019

Зеленов ауданының атауы өзгерді

794 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов 2019 жыл­­дың алғашқы жұмыс күнін кеше ғана Елбасы Жар­лығы­мен Бәйтерек болып өзгерген ауданның орталығы Переметное ауылында ел-жұртпен кездесуден бастады.

Зеленов ауданының атауы өзгерді

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудан активімен, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарымен кездескен өңір басшысы жиналған жұртты Елбасы Жарлығымен таныстырып, жаңа жылды жаңа атаумен бастап отырған аудан халқын құттықтады.

– Зеленов ауданы – Орал қаласының азық-түлік белдеуіне жататын, өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Бұл жердің қазақ тарихындағы орны да маңызды. Ауданның өткені мен бүгіні, терең тарихы туралы осы музейден де көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіз, өткен жылы осы өңірдің жас­тары аудан атауын өзгертуді ұсынды. Оны халық қолдады. Енді, міне, ел-жұрттың тілегін Елбасы да орындап, аудан атауын – Бәйтерек ауданы деп өзгертуге Жарлық шығарып отыр, – деді Алтай Көлгінов.  

Айта кетейік, былтыр қыр­күйек айында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезек­ті сессиясында Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп атау мәселесі қаралған еді. Батыс Қазақстан облыстық тілдер­ді дамыту басқармасының бас­шысы Айгүл Мыңбаева Зеленов ауданындағы барлық 22 ауыл­дық округте және аудан ор­талығында осы мәселе тал­қы­ланып, қоғамдық тыңдау кезін­де көпшілік тарапынан қолдау тапқанын айтқан болатын. Көпшілік ұйғарымы облыстық мәслихат сессиясына қатысқан депутаттар тарапынан да қолдау тапты. Сөйтіп ұсыныс Астанаға жіберілген.

– Жаңалықты аудан хал­қы қуанышпен қарсы алды. Ел-жұрттың тілегі елеусіз қал­май, Елбасы арнайы Жарлық шығарып, ауданымыздың атауы Бәйтерек болғанына қуа­ныш­тымыз, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұржан Дүзбатыр. 

Зеленов ауданы бөлек әкім­ші­лік құрылым ретінде 1939 жылы құрылған. 1997 жылы аудан құрамына Приуральный ауданы кірді, жалпы аумағы – 7,4 мың шаршы шақырымды құрайды. Орталығы Переметное ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 38 шақырымда ор­наласқан. Ауданда 22 ауыл­дық округ, 68 ауылдық елді мекен бар, аудан халқы 60 мыңнан асады. Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының сол­түстігінде, Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік шекарасын бойлай орналасқан. Ресей Федерациясының 3 облысымен – Орынбор облысы­ның Первомай, Ташла аудандарымен, Самара облысының Большечернигов ауданымен және Саратов облысының Озинки, Перелюб аудандарымен шектеседі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар