Әлем • 04 Қаңтар, 2019

АҚШ-тың Сириядан шығуы: Ықтимал жаңа дағдарыс

561 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі жағдай тұрғысынан қарағанда Астана процесі Түркия, Ресей, Иран және АҚШ мәмілелеріне мүмкіншілік беретін механизм ретінде Сириядағы теңгерімді дағдарыстың барысын өзгерткендей. ИЛИМ-нің (ДАИШ) жеңіліске ұшырауы арқылы Сирияда үш топтың бақылауы орнады. Бірінші топқа Дамаск режімі мен оның одақтастары Ресей және Иран, екінші топқа Түркия мен оппозициялық күштер, үшінші топқа АҚШ және оның қолдауындағы ұйым кіреді. 

АҚШ-тың Сириядан шығуы: Ықтимал жаңа дағдарыс

2018 жылғы 19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп­тың америкалық әскерлердің Си­риядан кететіні туралы мә­лім­демесі АҚШ-тың бақылауындағы жерлерде вакуумның пайда болуы­на себеп болды. Бұл жағдай Түр­кия мен Ресей арасындағы жаңа түсініспеушілікке әкеліп соқты. Өйткені екі жақтың аймақтағы вакуумды толтыру туралы ұста­ным­дары өзгеше болғандығы белгілі. Осы жағдайды назарға ала­тын болсақ, АҚШ Сириядан әс­керлерін әкеткеннен кейін ел­де болуы ықтимал кейбір өзге­ріс­ қылаң беріп келеді. Бұл ықти­малдарды талқылаған кезде Ақ үйдің неліктен Сириядан шегінуге шешім қабылдағанын аңғарамыз. 

АҚШ-тың шегінуі Иранның Сириядағы ықпалының арта тү­се­тіндігін білдіреді. Сириядағы Иран әскерлерінің мақсаты – Ба­шар әл-Асадтың билікте қалуын қамтамасыз ету және АҚШ әс­кер­лерінің осы елден кетуіне қол жеткізу. Сондықтан кейбір са­рап­шы АҚШ әскерлерінің Си­риядан кетуін бір жағынан Асад және Иран үшін жетістік санайды. 

Сондай-ақ Түркия және Ер­кін Сирия армиясының Евфрат өзе­ні­нің шығысына операция ұйым­дастыруы ол жерде бақылауды қамта­ма­сыз ету арқылы «тер­ро­рис­тік мемлекеттің» құры­луын бол­дырмауға мүмкіндік береді. Бұл жағдай Сирияның болашағын анықтауда оппо­-

зициялық күш­тердің позициясын күшейте түседі. Сонымен қатар Түркияның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген болады. Бұдан бөлек сарапшылар АҚШ күштерінің Сириядан шығуы Мәскеудің бұл елдегі ықпалын күшейтеді деген пікірде. 

Жоғарыда аталған ықтимал жағдайлардың біріншісі, яғни Иранның Сириядағы ықпалының артуы Израильдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деген пікір де бар. Бұл қауіптің алдын алу үшін АҚШ пен Ресей арасында келісім жасалған болуы мүмкін. Себебі осыдан біраз бұрын Мәскеу Иран әскерлерін Сирияның оң­түс­тігінен шығаруға ықпал еткен болатын. Осы орайда 2018 жылдың 27 желтоқсанында Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановтың «Сирияның аумақтық тұтастығы қалпына келгеннен кейін Иранның Сирияда қалуына ешқандай себеп жоқ» деп мәлімдегені белгілі. Осыған байланысты Голан жоталарының қайтадан күн тәртібіне келуі әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, Мәскеу Израильдің қауіпсіздігін өз жауапкершілігіне алып отыр.

Түркияның Сириядағы ық­па­лының артуы мәселесіне келсек, бұл жағдай негізі АҚШ-тың мүдделеріне сәйкес келеді. Бұл жерде Вашингтон Анкарамен арадағы одақтастық қарым-қатынастарды қайта жандандырып, Түркия арқылы Сириядағы өз мүддесін қорғауды діттеп отыр. Бірақ Ақ үй талай жылдан бері Сирияның Ман­­бидж қаласы мен Евфрат өзе­нінің шығысына құйған «ин­вес­тицияларының» толық Анка­раның қолына өтуін және «PYD/YPG картасының» іске жарамай қалуын қаламайды. PYD-нің жалғыз өзінің түрік армиясы­на қарсы күресте табысқа қол жет­кізуі мүмкін емес. Осы орайда PYD мен Дамаск режімінің ынты­мақтастығы тегін емес. Бұл де­геніміз бұдан кейін «PYD кар­тасын» Дамаск режімі, дәлі­рек айтқанда Мәскеу ойнайды. 2018 жылы 28 желтоқсанда Си­рия армиясының Манбиджге кіргендігі туралы жаңалықтар аталған ықтималды күшейтеді. Кремль тұрғысынан қарағанда Евфраттың шығыс аймақтары Ба­шар әл-Асад режімінің бақы­лауына өтуі керек. Мысалы, 2018 жылдың 26 желтоқсанында Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұл турасында келесі мәлімдемені жасады: «Бұл жердегі басты мәселе мынау: америкалықтар өздері бақылауда ұстаған аймақтарды кім­ге қалдырады? Әлбетте, бұл жер Дамаск үкіметі бақылауына өтуі керек. Дегенмен әзірге де­йін бізде Вашингтон мен Да­маск арасындағы қандай да бір байланыс туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сириядағы кез келген жағымды өзгеріс тек елдің бірлігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін назарға ала отырып, тек саяси шешім негізінде ғана пайда береді деп есептейміз».

Ресей билігі АҚШ-тың Си­рия­дан кетуі туралы «Біз әлі де бұл қадамның барлық себептері мен мотивтерін толығымен түсін­бейміз» деген мазмұнда мәлімдеме жасағанымен, Ресей мен АҚШ арасында құпия бір келі­сім болуы да мүмкін. Әрине Ва­шинг­тон «PYD армиясының» жойылып кетуіне жол бермейді. АҚШ пен Ресей арасындағы мұндай келісімнің жасалғандығы тура­лы болжамды араб елдерінің Да­маскідегі елшіліктерін қайта ашулары негіздейді. Сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия жөніндегі өкілі және Женева үдерісіндегі басты тұлғасы Стеффан де Мис­тураның отставкаға кетуі де осы келіссөздерге байланыс­ты болуы мүмкін. Басқаша айт­қанда, Евфраттың шығысына қа­тысты Түркия мен Ресейдің әртүрлі ұстанымы бар. Анкара мен Мәскеу бұл мәселені шешу үшін келіссөздер жүргізуі керек. Ке­ліссөздер нәтижесінде Идлиб мәселесінде жасалған келісімге ұқсас жаңа бір келісім Евфраттың шығыс бөлігі жөнінде де жасалуын жоққа шығара алмаймыз. Мұндай келісім жасалған жағдайда Түр­кия шекара аймақтарында өз ба­қылауын орнатады. Ал Ресейдің аймақтың оңтүстік бөлігін ба­қы­лауға алуы, осыған байла­нысты PYD/YPG Ресейдің бақы­лауындағы аудандарға шегі­нуі мүмкін. Мәскеу PYD-нің қа­ру­сыздануында және бұл қару-жарақтың «иесіне» қайтары­луында дәнекер рөлін атқара алады. Осы тұрғыдан алғанда Түркия деле­гациясының 2018 жылғы 29 желтоқсандағы Мәскеуге сапары өте маңызды бо­лып табылады. Түркия мен Ресейдің арасындағы келі­сім Астана процесінің тағ­дырын және соңғы кезеңде қалып­тас­қан «Еуразиялық ынтымақ­тас­тық­тың» болашағын айқындайды.

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Анкара (Түркия)