Аймақтар • 05 Қаңтар, 2019

Қостанайда коммуналдық қызмет тарифын төмендету жүріп жатыр

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Асқаров кеңейтілген аппарат мәжілісінде айтты. 

Қостанайда коммуналдық қызмет тарифын төмендету жүріп жатыр

       Тариф облыс қалалары мен аудандарында төмендей бастады. Жылу бағасы 14, ауыз су мен канализация тарифы 10 процентке дейін арзандады. Ал электр энергиясын жеткізу 8 процентке дейін төмендеді.

         Облыстағы барлығы 3458 көп қабатты тұрғын үйдің 2145-н 228 жеке меншік пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативтері басқарады. Қазір бірқатар ЖПИТК тарифтерді төмендете бастады. Ол Рудный, Қостанай қалалары мен Жітіғара, Қостанай аудандарында ерекше байқалды.

«Мысалы Рудный қаласындағы «Спутник» кооперативі тарифты 5 процентке төмендетті.Тағы да 31 кооператив тарифті төмендетуді қаңтар айының аяғына жоспарлап отыр.Ал Жітіқара қаласындағы барлық кооперативтер тарифті бірдей деңгейде 3 процентке, Қостанай ауданында 8 процентке арзандатты» деді Дәурен Асқаров.

         Алайда тарифтың төмендеуі облыста барлық аудан мен қалаларда бірдей емес. Лисаков қаласында тек бір кооператив ғана 3 процентке төмендеткен. Қалғаны тұрғындар жиынынан кейін белгілі болатынын айтып отыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмысты әлі де ширақ жүргізу керектігін айтты.

         «Тарифты бұрынғы деңгейінде қалдырып отырған жекеменшік пәтер иелері тұтынушылар кооперативтерімен жұмыс жүргізу керек. Лисаков қаласында бір ғана кооператив тарифты төмендеткен, ал қалғаны қашан орындайды? Бұл тапсырма қазан айында берілген. Жұмыс нашар жүріп жатыр деген сөз. Тұрғындар, әсіресе, алдымен зейнеткерлер, халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігі ақшаның үнемделгенін сезінуі тиіс» деді Архимед Бегежанұлы.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай