Әлем • 10 Қаңтар, 2019

Қытай мен КХДР басшылары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға келісті

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын екіжақты қарым-қатынасты үздіксіз дамытуға және халықаралық дамуға оң үлес қосуға келісті, деп хабарлады Қытай СІМ.

Қытай мен КХДР басшылары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға келісті

Ким Чен Ын Си Цзиньпиннің шақыруы бойынша 7-10 қаңтарда Қытайға келді. Бұл - солтүстіккореялық көшбасшының бір жылға жетпейтін уақыт ішіндегі Қытайға болған төртінші сапары.

«Тараптар Қытай мен КХДР қарым-қатынасының үздіксіз дамуы үшін бірлесіп жұмыс жасауға, Корей түбегінің мәселелерін саяси реттеуді ілгерілетуге, сондай-ақ өңірдегі және әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдауға дайын екендіктерін білдірді», - делінген хабарламада.

«8 қаңтарда Бүкілхалықтық жиналыс үйінде өткен келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасып, маңызды келісімге қол жеткізді», деп хабарлайды СІМ.

Кейін Си Цзиньпин, Қытайдың бірінші ханымы және Ким Чен Ын жұбайымен концерт тамашалады.

9 қаңтар күні таңертең Си Цзиньпин «Пекин» қонақ үйінде Ким Чен Ынмен кездесті. Келіссөздерден кейін солтүстіккореялық қонақтар үшін Қытай көшбасшысы мен оның зайыбы атынан түскі ас дайындалды. Сәрсенбі күні Ким Чен Ын фармацевтикалық компания зауытына барып, дәстүрлі қытай медицинасындағы дәрі-дәрмек өндірісімен танысты.