Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Қарағандыда интерактивті көрме ашылды

430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Уақытқа саяхат» атты интерактивті көрме келушілерге есік ашты. Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар совет  заманы кезіндегі сағат жасаушы әйгілі зауыттардың өнімдерін тамашалай алады.

Қарағандыда интерактивті көрме ашылды

Аталған іс-шара өскелең ұрпақты уақыт өлшегіш құралдардың пайда болуы және дамуы туралы терең тарихымен таныстыруды, олардың адам өміріндегі алар орнын кеңінен баяндауды мақсат еткен.

– Мұнда Сердобскідегі «Маяк», Орловтағы «Янтарь» сағат зауыттарының және басқа да кәсіпорындардың қабырғаға ілінетін, қолға тағатын сағаттарын көруге болады, – дейді мұражай директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов.

Көрмедегі ең бағалы деген жәдігердің бірі – петерборлық Николай Линденнің ХІХ ғасырда жасалған қабырғаға ілінетін сағаты. Атақты көпес  1888 жылы Невск даңғылында зергерлік бұйымдар және сағаттарды жөндейтін «Николай Линденъ» деп аталған шеберхана ашқан.

Оқушылар үшін мұражайдағы интерактивті көрменің қызығы мол болмақ. Балалар мұнда күн, құм, су және от сағаттарының әлемдегі ең алғашқы макеттерімен таныса алады.

Сонымен қатар, көрмеде сағат шеберінің жұмыс бөлмесі, ғашықтардың кездесетін жері, сағат механизмінің құрылымы сияқты фотоаймақ- инсталляция ұйымдастырылған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды