Әлем • 11 Қаңтар, 2019

Жаһандық климаттың жаңа дәуірдегі сипаты

894 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Адамзатты қоршаған орта туралы оннан аса іргелі кітап жазған, белгілі америкалық ғалым Билл МкКиббеннің (Bill McKibben) бас­тамасымен топ­тас­тырылған «Жер жаһанның қызуы жайлы баян» («The Global Warming Reader») атты заманауи жинақ алдымен 2011 жылы АҚШ-та содан соң араға бір жыл салып, Penguin Books  баспалар жүйесі арқылы ағылшын тілді әлемнің  оннан аса елдерінде жарық көрген-ді. Өз кезегінде бұл көкейкесті туындыны жаһандық кли­маттың өзгеру себептері мен сол құбы­лыстың күллі биос­фераға тигізіп отыр­ған кері  әсе­рін XIX ғасырдың соңғы жыл­дарынан бері қарай зерттеп-зерделеген ай­ту­лы эколог ғалымдар түйіндеген дәйек­ті де дәлелді тұжырымдарының ғана емес, сонымен қатар аталмыш құбы­лыс­қа қатысты  пайымдалған саяси ой-пікір­лер мен көзқарастардың да антоло­гиясы деуге лайық, өйткені жинаққа ен­ген мақалалар топтамасы осы пікірдің дұ­рыстығына жөн сілтейді. Бұл орайда, ең ал­дымен, Билл МкКиббенге аталмыш жи­нақты құрастыруға түрткі болған  негізгі себептерге тоқталған артық болмас. 

Жаһандық климаттың жаңа дәуірдегі сипаты

Біріншіден, МкКиббенге  2011 жыл­дың мамыр айында АҚШ-тың оңтүстік аймағын ойрандап, жүздеген адамның өмірін жалмап кеткен алапат құйын-торнадолардың кейінгі кездерде тым жиілеп әрі күшейіп кетуі мен Техас штатында болған сұрапыл құрғақшылықтың салдарынан туындаған алапат өрттің сол штаттың орасан аумағын шарпып кеткені де терең ой салған.

Екіншіден, әдетте 100 жылда бір-ақ рет арнасынан асып жайылатын Мис­си­сипи өзені соңғы 20 жылдың ішінде қатарынан үш рет қатты тасыған.

Үшіншіден, әлем сарапшы­ла­рының пікірінше, 2010 жыл күллі ғаламшардағы ең ыстық жыл болып саналған болатын, себебі дәл сол жылы әлемнің 19 елін­де ең жоғарғы аномалды температу­ра тір­келген. Соның салдарынан Арктика мұз­дарының еру қар­қыны да тым жыл­дамдаған. Дәл сол жылы болған алапат құрғақ­шы­лықтың салдарынан егістік жерден алынатын өнімі күрт құлдырап кеткен Ресей өзге елдерге астық экспорттауды кілт тоқтатқан.

Үшіншіден, 2010 жылы Аус­­тралиядан бастап Пәкістан ара­лығына дейінгі мем­лекет­тер­дің бәрі дерлік сұрапыл су тас­­қын­дарынан зардап шеккен. Сон­дықтан да әлгі жылдың соңын­да әлемдегі ең ір­гелі сақтандырушы Munich Re компания­сы мынандай мәлімдеме жасаған: «Ауа райымен байланысты болып отырған алапат апаттар санының тым жиілеп кетуінің бір ғана нақты себебі бар, ол – климаттың өзгеруі. Демек, ауа райы­ның шектен тыс құбылуы мен сол құбы­лыстың жиілеуі жер жаһанның қызу үде­рісімен тікелей байланысты деген пі­кірдің бұлтартпайтын негізі бар. Өйт­кені бұл бүгінгі ғылым мен білім негіз­де­мелерімен де сәйкес келеді».

Төртіншіден, аталмыш жи­нақты жа­рыққа шығаруға Билл МкКиббенді итермелеген негізгі себептердің және бірі төмендегідей:  ғылыми қауымдастықтар мен сақтандырушы компаниялар, сон­дай-ақ АҚШ-тың Қоршаған ортаны қор­ғау агенттігі де қоса дабыл қағып, мемлекеттің қауіпсіздігіне төніп тұрған ең үлкен қатердің климатологиялық катаклизмдермен тікелей байланысты екенін және бұл құбылыстың түп-тамыры адамзаттың өз іс-әрекетінен туын­дап жатқанын еске сала отырып, аталған сын-қатерлердің ал­дын алуға бағытталған арнайы заң қабылдау керектігін АҚШ Кон­гресінің назарына жеткізген болатын. Алайда Конгресс тиісті заң қабылдауға ықылас білдіргенімен, шешім қабылдауға келгенде депутаттардың 184-і ғана аталмыш заң жобасын қолдап дауыс берді. Ал 240 депутат, яғни Конгрестің басым көпшілігі қарсы шығып, маңызды заңды қабылдатпай тас­таған болатын.

Жинаққа топтастырылған мақа­ла­ларды Билл МкКиббеннің аса ыждаһат­тылықпен іріктеп алып, үш бөлімге жіктеп орналастырғаны көрініп тұр. Жи­нақтың бірінші бөлімі хронологиялық тұрғыдан бір ғасырдың ішінде жарық көр­ген ғылыми мақалаларды қамтыса, екін­ші бөлімі әлемдік экологиялық мәні зор мәселелердің түпкілікті шешіл­меуінің саяси астарын ашатын материал­дарға арналған, ал үшінші бөлімі клима­то­логиялық катаклизмдердің әлемдік салдарын сипаттайтын мақалалар тобын құрайды.

Жинақ аса дарынды швед ғалымы, математик әрі 1903 жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығымен марапатталған Сванте Аррхениустің (Svante Arrhenius) «Атмосферадағы көмір­қышқыл газының топырақ темпе­ратурасына тигізетін әсе­рі» де­ген мақаласымен басталады. Айтса айтқандай-ақ, Сванте Аррхениус 1896 жылдың өзінде-ақ таскөмір жанғанда бөлініп шығатын улы газдың көлемі атмос­ферада тым көбейіп кететін болса, бірте-бірте бұл үдеріс Жер қызуын 5 не­месе 6 градусқа дейін көтеретін бола­ды деген көкейге қонымды болжам жасаған. Бір ғажабы ғалымның әлгі пайымын Жер қызуын бақылайтын бүгінгі заманның суперкомпьютерлері де растайтыны жасырын емес. Сосын, Сванте Аррхениустің әлгі пікірі жинақтың бірінші бөліміне енген  өзге ғалымдар мен айтулы ғылыми орталықтардың тарапынан да қолдау тапқан. Олардың ішінде Англияның әйгілі ғалымы G.S. Callendar, әлемге белгілі америкалық климатолог әрі АҚШ-тың NASA ғылыми  орталығына қарасты іргелі ғылыми зерттеу институтының басшысы James Hansen, БҰҰ-ның аясында 1995 жылы құрылған Климатологтардың үкіметаралық жұ­мыс­шы тобы, Калифорниядағы мұхиттарды зерттейтін ғылы­ми-зерттеу институтының қыз­мет­керлері Roger Revelle мен Hans E.Suess, сонымен қатар 2000 жылы химия саласы бо­йынша Нобель сыйлығын алған Paul J.Crutzen мен оның әріптесі Eugene F.Stoemer сынды айтулы ғалымдар бар.

Жинақтың екінші бөлімі атағы әлемге әйгілі саясаткер, АҚШ-тың 45-вице-пре­зиденті әрі Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Гордың 1992 жылы жарық көрген «Earth in the Balance» («Таразыға түскен Жер») атты іргелі туын­дысынан алынған үзіндімен баста­латыны жай­дан-жай емес. Өйткені, шынтуайтқа келгенде, Альберт Гор – жаһандық климаттың өзгеруі мен күллі әлемде жиі-жиі қайталанып жатқан алапат клима­тологиялық катаклизмдердің түп-та­мыры адамзат өркениетінің өзінде жат­қанын, демек, атмосфераның улы газдармен шектен тыс ластануына кінәлі адамзаттың өзі ғана екенін  жасырмай, сол шындықты ту етіп көтерген бірінші саяси тұлға. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені Альберт Гор өзінің заманауи сая­си көзқарастарын «Қолайсыз шындық» және «Болашақ» атты нақты дәйектер мен шынайы дереккөздерге негізделген ғылыми-экологиялық туындылармен де дәлелдеп шыққан болатын.

Дәл сол 1992 жылы Рио-де-Жанейрода БҰҰ-ның «Қоршаған орта және даму» атты тақырыптың аясында өткізген кон­фе­рен­ция­сынан кейін климатология ғы­лымы жандана түсіп, енді нақты істер­ге көшу мәселесі күн тәртібіне қойыла бастаған болатын. Оның үстіне Аль­берт Гордың вице-президенттігі кезін­де атмосфераға көмірқышқыл газы секіл­ді улы қалдықтарды ең көп тарата­тын мем­ле­кеттердің көшбасында АҚШ, одан кейін Қытай, Ресей және Үндіс­тан тұрған-ды. Сондық­тан да улы қал­дық­тарды жою­ға немесе барынша азайтуға бағыт­талған нақты іс-әрекеттердің дәл Вашингтоннан басталуы әлем үшін үлгі ретінде өте маңызды еді. Бірақ, өкінішке қарай, АҚШ Кон­гресі әлгі көкейкесті бастаманы қолдаудың орнына жұмған аузын ашпай, мүлде үнсіз қалды. 

Солайы солай болғанмен, атал­ған үнсіздіктің жымысқы сырын Boston Globe газетінің репортері Ross Gelbspan айқара ашып берген болатын. Бұл орайда, әсіресе, журналистің «The Heat is On» («Ыстық төніп тұр») атты туын­дысынан алынған әрі біздер тілге тиек етіп отырған жинаққа енген үзіндінің мәні өте зор. Өйткені журналистік терең зерттеулер жүргізудің нәтижесінде Ross Gelbspan көмір, мұнай, газ секілді жер қойнауынан өндірілетін биосфераға аса зиянды энергетика көздеріне иелік етіп отырған қалталы монополистердің жы­мыс­қы айла-тәсілдерінің бетпер­десін сыпырып, әлемдік қоғам­дас­тықтың назарына батыл ұсынған. Мәселен, қоршаған ортаны шектен тыс ластап қана қоймай, кли­матологиялық катаклизмдерге тікелей ұрындырып отырған  мо­нополистік индустрияның  иелері өздеріне шаң жуытпас үшін қар­жысы мол қор құрып алып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін сатып алудан да тайынбайтынын, тек ол ғана емес,  климатология ғылымы ашып отырған ащы шындықты жоққа шығару үшін жемқорлыққа ұрынған саяси топтардың өкілдерімен де жең ұшынан жалғасып, жымысқы әрекеттерін іске асыру үшін оларды ғалымдарға қарсы айдап са­латынын, сөйтіп Альберт Гор се­кілді ниеті таза әрі шынайы сая­саткер ғалымдардың жанай­қайын тұншықтырып тас­тау үшін қараниет әрекеттердің бәріне де баратынын паш етеді әрі олардың қулық-сұмдықтарының бүге-шігесіне дейін жайып салады.

Дәл осы тұста жинаққа енген ғылыми климатологиялық са­­рап­тамалардың кейбір қоры­тын­дыларын оқырман назарына ұсынған артық болмас. Олар төмендегідей:

  • 1995 жылдан бергі уақытта Жер қызуының көтерілуінің салда­ры­нан Арктика жазғы мұз қыр­ты­сының 25 процентінен айы­рылған;
  • Гренландия мұздағы да үлкен жылдамдықпен еріп келеді;
  • Гидрологиялық цикл түбе­гейлі бұ­зыл­ған­дықтан, алапат құр­ғақшылықтар мен сұ­рапыл нөсерлер де тым жиілеп барады;
  • Атмосфераға тараған көмір­қышқыл газын сіңіріп алатын­дықтан, мұхиттар мен теңіз­дердің химиялық құрамы өзге­ріп, күн өткен сайын олардың қышқыл­дануы еселеп өсуде;
  • Орман өрттері бұрын болма­ған жыл­дамдықпен етек алып, тіпті субарктикалық аймақтардағы мәң­гі жасыл ормандарды да құрт-құ­мырсқалар жалмап жатыр. Әдетте қысы қатты жылдарда мұн­дай құбылыс мүлде байқалмайтын;
  • Астық өнімдерінің көлемі тұрақ­сыз­данып, кейбір аймақтарда егін алқап­та­рын ыстық ұрып, жаппай жалмап жатыр;
  • Маса тарататын аурулар, атап айт­қанда, денге деп аталатын без­гектің бір түрі бүгінде Сол­­­түс­тік Америкаға дейін жетіп үл­герді;
  • Су тапшылығы, құрғақ­шы­­лық және өзге себептермен ата­қоныстарын тас­тап шыққан бос­қындар легімен байла­нысты туын­даған қорқыныш саяси қақ­ты­ғыстарға ұласып, кейбір елдердің ше­карасына зәулім дуалдар тұр­ғызыла бас­тады;  
  • Теңіз деңгейінің көтерілуінің салдары­нан аласа аралдардың тұрғын­дары тұрақтарын тастап кетуге мәжбүр болып жатыр.

Жинаққа енген мәтіндерден тағы да байқап отырғанымыздай, 1997 жылы Жапонияның Киото қа­ласында өткен жаһандық кли­­мат өзгерістеріне арналған бүкіл­әлемдік конференцияға АҚШ-тың атынан вице-прези­дент Альберт Гор қатысып, әлгі форумның мін­берінен алдағы жылдары АҚШ та­рапынан ат­мосфераға таралатын көмірқышқыл газы­ның мөл­шерін 35 пайызға қысқар­татынын мәлімдеп қана қоймай, конференция қабылдаған Киото хаттамасына АҚШ-тың атынан қол қойған болатын. Өкінішке қарай, президент Билл Клинтон мен Альберт Гор биліктен кеткеннен кейін АҚШ-тың жаңа президенті мен Конгресс аталмыш хаттаманы ратификациялаудан да, Киотода күллі әлемнің алдында қабылдаған міндеттемелерінен де бас тартқан болатын. 

Дәл осындай қисынсыз қы­лық АҚШ тарапынан 2015 жы­лы әлемдік климат жөнінде Париж­де өткен бүкіләлемдік конферен­ция­дан кейін де айна-қатесіз қайта­ланды. Париж хаттамасына АҚШ президенті Барак Обама қол қойып міндеттеме алғанымен, одан кейін билік тізгінін ұстаған президент Дональд Трамп 2017 жылы ол келі­сімнен бас тартып, әлемдік мәні бар халықаралық құжатты АҚШ тағы да ратификацияламай тастады. Өкінішті-ақ!

Дей тұрғанмен, әлемдік қоғам­дас­тықтың алпауыты екі мәрте серттен тайып кетсе де, өзге мем­ле­­кет­тердің ба­сым көпшілігі, олар­­дың ішінде Қазақ­стан да бар, қор­шаған ортаға қатыс­ты Киото мен Париж конференциялар­ын­­да қабылданған жаһандық мә­ні бар  шешім­дерді орындауға өз үлес­терін қосып келеді. Демек, Bill McKibben жарыққа шығар­ған жинақтың әлемдік қоғам­дас­тық назарына ілігіп, онда көте­рілген жаһандық мә­ні бар мәсе­лелердің адамзат санасын оята бас­тағанына дау жоқ. Бұл пікір­дің бір дәлелі ретінде Бельгия, Аус­трия, Португалия, Дания, Фин­ляндия және Ұлыбритания сын­ды мемлекеттердің көмірден бас тартуға бет алғанын айтуға болады. Сонымен қатар осыдан біраз күн бұрын ғана Германияның көмір өндіретін ең соңғы шахтасын жапқанын да құптарлық қадам деп қабылдаған жөн. Алайда осы айтылғандарға қарап, әлемдік климатқа қатысты түйткілдер бір­жолата шешілді деуге әлі ертерек екені айтпаса да түсінікті. Өйткені бүгінгі таңда жасыл энергетикалық балама көздерге көшу қарқын ала бастағанына қарамастан, электр энергиясын өндіруде көмірдің әлемдік үлесі әлі күнге дейін орта есеппен алғанда 70 пайызды құ­рап отыр, ал оза дамыған кейбір ал­пауыт мемлекеттердің өзінде бұл көрсеткіш әлі күнге дейін 80 пайызға жетеді. Бұл әрине, кім­ді болса да ойландыратын мәсе­ле. Демек, таза ауа, таза су, таза топырақ, таза биосфера, таза сана және таза пиғыл үшін күрес бо­ла­шақта да жалғаса бермек.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі