Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Атырау спортында серпін бар

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атыраулық спортшылар өткен жылы түрлі додалардан 1200-ге жуық медаль жеңіп алды. Аймақта спорт нысандарының қолжетімділігі мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жетістіктерді қолдауға қайтарым деп те қарастыруға болады. 

 

Атырау спортында серпін бар

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың айтуынша, 2018 жылы өңірде 1200 спорттық шара өтіп, 245 мың адамды қамтыған. Қазір облыс бойынша 858 дене тәрбиесі ұжымы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдерге спорттың 22 түрімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Олимпиадалық резерв дайындау орталығында 159 оқушы спортпен шұғылданады.

– 2018 жылы біздің спортшылар әртүрлі деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, 1194 медаль жеңіп алды. Бір жылдың өзінде облыста 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 18 спорт шебері, 145 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Осы жылы 220 атыраулық спортшы бірнеше спорт түрінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына кірді, – дейді басқарма басшысы. 

Аймақта спорттық инфрақұрылымды дамыту айрықша назарда. Өткен жылы 52 нысан пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш биыл тағы да арта түспек. Қазір Махамбет ауданы Ақжайық ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жылыой, Құрманғазы аудандарында спорт кешендері салынып жатыр. Жақын болашақта дене­шынықтыру және спортпен айналысу үшін 45 нысан құрылысы жүргізіледі. Бір атап өтерлігі, спортты дамытуға қаражат тек мемлекеттік бюджеттен ғана бөлінбейді. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға коммерциялық құрылымдар да үлес қосуда. 

– Өңірде ұлттық спорт түрлері де өркендеп келеді. Спорттық мектептерде тоғызқұмалақ, қазақша күрес үйірмелері бар, жекпе-жектен облыстық федерация құрылған. 2018 жылы Атырауда ұлттық спорт түрлері бойынша «Каспий кубогы – Жайық жағасында» халықаралық турнирі өтті, –  дейді Ринат Ибрагимов. – Облыста 8 спорт клубы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысулары үшін жағдай жасалған. Атырау облысынан паралимпиада құрамасына 44 спортшы енді. 13 спортшының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар, 27 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 45 спорт шеберлігіне үміткер бар.

Спорт пен саламатты өмір салтын наси­хаттаудың тағы бір тиімді жолы ретінде облыс орталығында «Спорттық аялдамалар» – көшедегі жаттығу қондырғылары орнатылды. Атырау қаласының әр бөлігінде 30 жаттығу құралы, 4 «Street Workout» алаңы бар. Енді скейт-паркур, стрит-воркаутпен айналысатын орындар қарастырылған жастар саябағы салынады. Мемлекет-жекеменшік әріптестік арқылы жабық жеңіл атлетика манежін салу да жос­парда бар. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған қадамдар. Соңғы мәлімет бойынша, облыс тұрғындарының 31 пайызы спортпен айналысады. Бұл көрсеткіштің де жылдан-жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ