Бокс • 14 Қаңтар, 2019

Ең керемет жекпе-жектер

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың атақты спорт журналисі, әйгілі комментатор Дэн Рафаэль 45 жылдық тарихы бар ESPN арнасында көрсетілген кәсіпқой боксшылар арасындағы ең үздік жекпе-жектердің рейтингін жариялады. 

 

Ең керемет жекпе-жектер

Кәсіпқой рингтегі ең керемет әрі ымырасыз бәсекелер қатарына Қазақстанның даңқты былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен өткен қос жекпе-жек еніп отыр. Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 16 қыркүйегі мен 2018 жылдың 15 қыркүйегінде орта салмақтағы Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің айқасы бұл тізімде 16-орында тұр. Лас-Вегаста өткен бұл кездесулердің алғашқысында тең есеп тіркелсе, екіншісі мексикалық боксшының пайдасына шешілді. 

2003 жылдың 26 сәуірінде АҚШ-тың Коннектикут штатында қазақстандық Василий Жиров пен америкалық Джеймс Тони арасындағы жекпе-жек жоғарыдағы рейтингте 22-орында тұр. Бірінші ауыр салмақ дәрежесінде өткен бұл бәсекеде жерлесіміз жеңіліп қалған еді. 

Ал ең үздік ондықтың қатарына мына жекпе-жектер енді: 

Бастер Дуглас (АҚШ) – Майк Тайсон (АҚШ). 11.02.1990 жыл, Токио. Бұл бәсеке 10 раундта Дугластың айқын жеңісімен аяқталды. 

Марвин-Хаглер (АҚШ) – Томас Хирнс (АҚШ). 15.04.1985 жыл, Лас-Вегас. Кездесудің 3 раундында Хаглер қарсыласын нокаутқа жіберді. 

Риддик Боу (АҚШ) – Эвандер Холлифилд (АҚШ). 1992-1995 жылдар аралығында қос боксшы арасында үш жекпе-жек ұйымдастырылды. Оның екеуінде Боу басым түссе, біреуін Холлифилд ұтты. 

Мэнни Пакьяо (Филиппин) – Хуан Мануэль Маркес (Мексика). 2004-2011 жылдар аралығында айтулы боксшылар арасында үш жекпе-жек өтті. Екеуі де бір-бір реттен жеңіске жетіп, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді. 

Аарон Прайор (АҚШ) – Алексис Аргуэльо (Никарагуа). 12.11.1982 жыл, Майами. 14-раундта Прайор қарсыласын есінен тандырды. 

Эрик Моралес (Мексика) – Марко Антонио Баррера (Мексика). 2000-2004 жылдар аралығында қос боксшы үш мәрте бір-біріне қарсы келді. Екі рет Баррера жеңсе, бір рет Моралестің бағы жанды.

Микки Уорд (АҚШ) – Артуро Гатти (Канада). 2002-2003 жылдар аралығында олардың жолы үш мәрте қиысты. Екі рет Гатти, бір мәрте Уорд басым түсті. 

Шугар Рэй Леонард (АҚШ) – Томас Хирнс (АҚШ). 16.09.1981 жыл, Лас-Вегас. Бұл бәсеке 14-раундта алғашқысының айқын жеңісімен аяқталды. 

Хулио Сезар Чавес (Мексика) – Мелдрик Тэйлор (АҚШ). 17.04.1990 жыл, Лас-Вегас. 14-раундта Чавес техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 

Феликс Тринидад (Пуэрто-Рико) – Фернандо Варгас (АҚШ). 02.12.2000 жыл, Лас-Вегас. Кездесудің 12-раундында Тринидад қарсыласын тізе бүктірді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»