Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Көгілдір отын өндіріске серпін береді

514 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір күнде Федоров ауданында үш бірдей шара, үш бірдей қуаныш болды. Алдымен аудан орталығынан қол созым жерде тәулігіне 50 тонна май сығатын қуатты зауыт ашылды. Осы аудандағы «Қаржау» шаруа қожалығы осыдан бірнеше жыл бұрын май зауытын ашып, онда неміс технологиясы бойынша суықтай сығылған, тазартылмаған күнбағыс майын шығаратын. 

Көгілдір отын өндіріске серпін береді

Облыс нарығында «Лавра» деген атпен белгілі май сапа­сын­ың жоғарылығымен дүкен сөре­лерінде көп жатпайды, тұты­нушы оны іздеп жүріп алады. Енді «Промбаза-7» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 1 миллиард 700 мың теңге инвестиция салып, тазартылған май өндіруді қолға алды. Бұл облыстағы тазар­тыл­ған өсімдік майын өндіретін алғашқы қуатты май зауыты болып табылады. Соңғы жылдары Қостанай облысында өңдеу өнер­кәсібі шикізаттың алдына шыққан болатын. Әдетте, ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­деу кәсіпорындары көбіне Қостанай қаласының айналасына орнығатын. Міне, енді сол өңдеу кәсіпорындарының бірегейі облыс орталығынан алыс Федоров ауданынан орын тепті. Бұл қара топырақты құнарлы өңірде күнбағыс та, зығыр да егіледі. Соңғы жылдары облыстағы егін алқаптарын әртараптандыру жылдам жүріп жатыр. Диқандар бидайдың алқабын азайтып, нарықта бағасы қымбат әрі өтімі жақсы майлы дақылдарға бет бұра бастаған. 

– Жаңа май зауытының инфра­құрылымы облыс бюд­же­ті есебінен мүмкін болды. Ауданға келіп тұрған газ құ­бы­рына жалғанысымен зауыт толық жұмыс істей бастайды. Газ құбырын өндіріске жал­ғау ғана қалды. Газбен қатар өн­ді­ріс­ке су да керек, ол да облыс басшылығының көме­гі­мен шешімін табатынына сенімдіміз, – дейді «Промбаза-7» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұхамеджан Ақұлов. 

Зауытта май екі желі арқылы өндіріледі. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған желіде тұтынушыға таныс «Лавра» майы өндіріледі. Ал екінші жаңадан орнатылған желіде сығылған май одан әрі та­зар­тылады. Мұхамеджан Ақұловтың айтуынша, тазар­тыл­­ған май тек экспортқа артуға бағытталған. Кәсіпкер өнімді өткізуден ешқандай қиын­дық болмайтынын да айтты. Тазар­тыл­ған өсімдік майына Қытайда да, Ресейде де, өзге елдерде де сұраныс жоғары. Зауыт шикізатты облыс өңіріндегі, көрші Ресейдің іргелес шаруашылықтарынан сатып алады. Күнбағыс күн­жара­сынан мал жемі дайындалады. Жаңа май зауытын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аралап, инвестициялық жобаның іске қосылуға дайын екенін көрді. Жаңа зауыт толық қуатына көш­кен­де мұнда 30 адам жұмыс істейтін болады.

 Май зауыты ашылған күні Федоров ауданы орталығына көгіл­дір отын да келді. Село ішін­дегі газ құбырларының өткен жылы басталған құры­лыс­ының бірінші кезеңі аяқ­тал­ды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов селоға газ беру салтанатына қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бас­­тамасы» аясында Федоров село­сын газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Осыдан екі жыл бұр­ын үлкен магистральды газ құбы­ры­ның құрылысы аяқталған болатын. Рудный қаласынан басталған 68 шақырымдық құбыр Қашар кенті арқылы Федоров ауданына жеткізілген еді. Енді өткен жылы Федоров селосының ішіне құбырлар жүргізіле бастады. Мұның барлығы Прези­ден­ті­міздің қамқорлығы арқа­сында мүмкін болып отыр. Газ адамдар тұрмысын көріктендіріп, әл-ауқатын жақсартады, – деді Архимед Бегежанұлы. 

Федоров селосында келесі жылдың мамыр айында газ құ­бы­ры құрылысының екінші кезеңі, ал күзге қарай үшінші кезеңі толық аяқталады.

– Ауылдастардың қуан­ыш­ын­да шек жоқ. Газ деген рахат ғой, әрі таза, әрі жылы, әрі арзан. От жағудың бейнетінен арылатын болдық. Елбасына, облыс, аудан басшыларына, газшыларға үлкен рахмет! – деп, ақжарма қуанышын білдірді Федоров селосының тұрғыны Рысалды Есмұхамбетова.

Ауданда 3000 абонент – 12 мың адам көгілдір отынның игілігін көреді.

Сол күні аудан орта­лы­ғын­дағы Мәдениет сарайы федо­ров­тық­тарға лық толды. Ауданның құрыл­ғанына 90 жыл толу мере­кесі атап өтілді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын. Федоров ауданының тарихы да ел, өңір тарихының бір бөлшегі. Осы мерейлі мерекеге байланысты салтанатты жиында аудан әкімі Тәуба Исабаев өңір тарихын, аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегін баяндап берді. 1928 жылы құрылған ауданның бай тарихы бар. Бұл өңір ұжымдастырудың, аштықтың, саяси қуғын-сүр­гін­нің, соғыстың алапат қасіреті мен қиындықтарын бастан кешті. Тың және тыңайған жерлер игерілді. Бұл ауданнан 2 Кеңес Одағының Батыры, 12 Социалистік Еңбек Ері шықты. Федоров ауданының диқандары биыл гектар айналымын 16,5 центнерден келтіріп, 500 мың тонна астық жинады. 

Қазір ауыл дамудың жаңа жол­ына түсті, Федоров ауданы да солардың қатарында. Жыл сайын ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс, өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді. Мемлекеттік бағ­дар­ламалар жүзеге асып жатыр. Өңдеу өнеркәсібі ауылды әлеу­ет­тен­діреді, жолдың түзеліп, газ, су құбырларының келуі туған жерді ажарландырады. 

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Федоров ауданы