Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

«Хат қоржын»

466 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Халқына өшпес мұра қалдырған

Шетпедегі Маңғыстау техникалық колледжінде мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған «Еліне қалған мұра – сөз» атты еске алу кеші өтті. 

Шараға Ә.Кекілбаевтың сыныптас досы, Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Алдаберген Құрмашев пен жазушының немере інісі, мемлекеттік қызмет ардагері Бауыржан Ниязов және колледждің студенттері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Кеште жастар орталығының басшысы, ақын А.Қонарбаев Ә.Кекілбаевтың өмірі мен еңбек жолымен қысқаша таныстырып өтсе, замандас досы А.Құрмашев жазушының «Рухтың күштілігі – ардың тазалығы, сезімнің шынайылығы» деген сөзін мысалға ала отырып, ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі көсемдік, кемеңгерлік болмысын танытқанына тоқталып, балалық шақ, жастық шағы туралы ойларын ортаға салды. Бұдан соң жазушының немере інісі Бауыржан Мұқырұлы сөз алып, Әбіш Кекілбаевтың қаламгерлік және кемеңгерлік қырларына, туыстық, бауырмашылдық қасиеттеріне кеңінен тоқталды. 

Басқосуда жазушы Сұлтан Оразалының «Әбіш Кекілбаев» атты деректі фильмі көрсетіліп, жастарға арналған аудандық орталық кітап­хананың жазушының әдеби туындылары қойылған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Алдаш ШОҢАЙ

Маңғыстау облысы, 

Маңғыстау ауданы

...сүйсініс білдіреді

Түлектер тартуы

 «Тана мырза» орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер ауылмен тығыз байланыс орнатып отыр. 1997 жылғы түлектері мектептің төбесіне «Тана мырза – тал бесігім» атты жазуды тарту етсе, былтыр Серікбек Қонысбаев ұйымдастырған 1998 жылғы түлектер Елбасының «Жасыл ел» идеялық бағдарламасына сай мектеп ауласына шырша, қайың, емен, таза су тарату ауласына ағаштар отырғызып, ауылдың әр үйіне өсіруге қарағай көшеттерін тегін таратып берді. 

 Ал мектеп кітапханасына аты берілген Дәлеш Насимолдина кеңшар кезінде ұзақ жыл ферма кітапханашысы болып істеген. Ауылында ширек ғасыр кітапханашы қызметін абыроймен атқарған Дәлеш апай жыл бойы – жазда пішеншілер қосынында, қыста қыстауда, жазда жайлау­да малшылар ортасында болып, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетті. Ауыл халқымен тығыз байланыста жұмыс жасап, халықтың мәдениетінің көтерілуіне және саяси науқандарға белсене араласып, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Дәлеш Әбілмәжінқызының балалары Данияр мен Мадияр Зәріпхановтар мектеп кітапханасын қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, компьютерлерді сыйға тартты. 

Айжан БАЙҒАЛИЕВА 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы

...талап етеді

Шетелде білім алған дұрыс, бірақ...

АҚШ, Еуропа, Қытай сынды алып елдерге білім алу мақсатымен кетіп жатқан жастар саны жыл санап артып келеді. Мемлекеттің «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен басталған бұл үрдіс үлкен мүмкіндік. Деген­мен түрлі бағдарламалармен кетіп, сол елде қалуды көз­дейтіндер де бар.

Зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан біз үшін бұл - қалыпты жағдай. Ешкімнің жеке өміріне қол сұғып, оған талап қоя алмайсыз. АҚШ пен Еуропада білім алып жатқан жастарға шетелдегі мәдениет пен өмір сүру салты ұнайды және олар сонда қалуды жөн санайды. 

Шетелде білім алған дұрыс, бұл - қолдауға лайық нәрсе. Бірақ шет­елге барып білім алып, елге қайтып мемлекет үшін жұмыс істемеу – қателік. Өзіңізге жасай алған сол елдегі керемет өмірді Қазақстанда жасауға тырысуыңыз керек. Ел азаматы ретінде өзіңізді ғана емес, Отанды, мемлекетті, халықты ойлаңыз. Сіз де, халық та жақсы өмір сүрсін. Қазақтың «көппен көрген ұлы той» дегені бекер айтылмаса керек. Жалғыз шауып шаңда қаласыз, көп болып мәрені аласыз. Түсінген адамға, Қазақстан – мүмкіндіктерді жүзеге асыруға болатын ел. Білім алыңыз, шетелде болыңыз, қыдырыңыз, үлкен жобаларды жүзеге асырыңыз, бірақ екі бағытта билет алыңыз. Бірінде – «білім аламын» деген мөр, бірінде – «алған білімді еліме қайтіп пайдаға асырамын» деген мөр болсын.

Марғұлан АҚАН

...ой бөліседі

Жастарды ғана кінәлау - жөнсіз

Автобуста адам көп. Бір кезде кезекті аялдамада ішке әжей кірді. Артқы тұстағы есіктен кірген ол бос орындыққа отыра беріп: «Женщина...» – деп әрі қарай жылжуын орыс тілінде жеткізіп, аққұбаша қызды ысыра-мысыра жайғаспақ болды. Қыз: «Мен әйел емеспін», – деді. Іс осымен тәмам бола қойса жақсы ғой. Әжей ұзамай тағы «Женщина...» деп тағы бірдеңелерді айта бастады. Шамасы, қолайсыз отырып қалса керек. Бұдан әрі қыз да шыдамады, білем, оң қолымен ана кісіні итеріп қалып еді, әжей: «Мынау мені өлтіреді!» – деп еңкейе қалды. Қыз орнынан атып тұрып: «Мен сізге әйел емеспін, қызбын деп қашанғы айтам?!» – деді таза қазақ тілінде, сөйтті де орнынан сытылып шығып, әлгі әженің артқы жағына келіп тұрды. Кейуана онымен де қоймай: «Міне, барлығы осындай қатындардан шығады», – деп «қатын» деген сөзге екпін сала екі-үш мәрте айтты. Қыз ләм-мим демеді. Автобус іші гу-гу... Әжей асығыс-үсігіс түсіп кете барды.

Рас, қазіргі кезде елімізде кеңестік кезеңнің тәрбиесімен тілі орысша шығып, сол әдеттерінен ажырамай келе жатқан бірлі-жарым осындай кісілер бар. Бұл жерде қыз баланың үлкенге қол көтеруі орынсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ әлгі кейуана үлкендігін көрсетіп, «қызым, арырақ жылжышы...» дей салса, мұндай оқиға болмас еді ғой. Біз көп жағдайда жастарды кінәлаймыз. Алайда үлкендердің де жөнсіз қылықтары жетерлік. Олардың көпшілігі өздерінің егде тартқанын мойындағысы келмей ме, әйтеуір баласымен жасты немесе одан да кіші балаларға «қызым», «балам» деп айтуға арланатын сияқты болып көрінеді. Баяғының қарттары қандай еді, шіркін! Көрегендігін, үлкендігін көрсетіп, өзінен кішіге, мейлі ол бейтаныс біреу болса да, әңгімесін «айналайын», «қарағым», «шырағым», «қалқам» деген қаратпа сөздермен бастамаушы ма еді?!

Жақсылық КЕНЖАЛИЕВ

АЛМАТЫ