Аймақтар • 15 Қаңтар, 2019

Аршалы ауданының халқы суды үнемдеуге көшеді

1098 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аршалы ауданында елді елең еткізген маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат – тамшылата суару технологиясын енгізу арқылы суды үнемдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру.

 

Аршалы ауданының халқы суды үнемдеуге көшеді

Негізгі діңгегін «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отырған жоба аталған ауданның 6 ауыл аймағын қамтып, оны іске асыруға кемінде 16 мың адам қатыстырылады. Бұған қосымша, Ақмола облысының үш ауданының тұрғындарын ауыз суды үнемдеу бағытындағы жаңа технология негіздерін оқытуға тартып, Астана маңындағы ауылдардың 30 мыңнан астам адамын ақпараттандыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Арнасай ауылындағы 10-16 жас аралығындағы 35 мүшесі бар «Жас Фермер Мектебінде» климаттық өзгерістерге байланысты мектеп және тұрғындар бақшасында көкөністерді тамшылата суару технологиясын ұйымдастыру мәселесі зерттелді. Белгілі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен атқарылған жұмыс нәтижелері Қазақстанның солтүстік өңірінде су шығынын 2 есеге қысқартуға және арнайы алаңдарда өнімділікті анағұрлым арттыруға мүмкіндік барлығын дәлелдеп отыр.  

Арнасайлықтар тұрмысы төмен, көпбалалы және жалғызбасты ауылдастарын 3 текше метрлік су жинағыштармен, су сорғыштармен, басқа да жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр. Соңғы екі-үш жылдың арасында Арнасай ауылында тамшылатып суару жүйесіндегі 160 учаске, Жібек Жолы, Волгодоновка, Михайловка ауылдарында, Бабатай стансасында және Аршалы кентінде 10 тәжірибелік учаске ұйымдастырылды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Аршалы ауданы.