16 Қаңтар, 2019

Ең белсенді салық төлеуші 126 084 түбіртек жіберген

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» республикалық акциясын өткізген болатын. Акцияға қатысушылар көп болды, кәсіпкерлер де қарапайым ауыл тұрғындары да елімізде салық түсімінің молаюына қомақты үлес қосып, азаматтық позициясын білдірді.

Ең белсенді салық төлеуші 126 084 түбіртек жіберген

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Астанада акцияның қорытынды ұтысы өткізіліп, жеңімпазға автокөлік кілті табыс етілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, акция өткізілген кезеңде 30 мың азаматтан шамамен 2,3 млн. чек қабылданған. Чектердің басым бөлігі Алматы қаласы мен Түркістан облысынан жіберіліпті. Жалпы республика бойынша 300-ге жуық жүлде ойнатылған.

Міне сол жүлделердің біріне лайық деп танылған қатысушылардың бірі - Түркістан облысы Леңгір қаласының тұрғыны Жанар Қозғамбаева. Ол акцияның мобильді қосымшасының талдау орталығы деректеріне сәйкес «Ең белсенді салық төлеуші» номинациясында жеңімпаз ретінде айқындалған. Акция барысында 91 мыңнан аса чек жіберген Жанар Қозғамбаеваға ынталандыру жүлдесі – планшет тағайындалған екен.

«Иә, акцияның мақсаты дұрыс, пайдасы мол. Осындай игі шараға үшінші жыл қатысып, өз үлесімді қостым. Бұл шара басталған күннен аяқталғанға дейін чектерді барлық талаптары бойынша телефон арқылы күнделікті жіберіп отырдым. Туған-туыстарыма да сатып алған тауарларына түбіртек алуын талап еттім. Осылайша салық түсімінің көбейетініне өз үлестерін қосатынын айтып түсіндірдім. Мен екі-үш телефоннан 126 084 чек жібергенмін. Тауарларды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны және қызметтерді көрсеткені үшін ақшалай есеп-айырысулар кезінде кәсіпкерлердің түбіртектерді беруіне қатысты бақылау-кассалық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған акция жақсы бастама және игі іс», - дейді Жанар Қозғамбаева.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы