16 Қаңтар, 2019

Алматыда аудармашылар мен авторлар кездесті

708 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аударуға байланысты «Ұлттық аударма бюросы» өткізген кезекті жиын кеше Алматы қаласында жалғасын тапты. Бұл жоба Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі.

Алматыда аудармашылар мен авторлар кездесті

Жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыка мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерді әлемге танытуды мақсат етеді.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алғаш рет қолға алынып отырған ауқымды істің маңыздылығы, күрделі шаруаны атқаруға атсалысқан аудармашылар туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Мысыр және Қазақстан аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері, шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келіп отырғанын айтты. Ең үлкен тәржімашылар тобының Кембриджден келгенінен хабардар етті. Испан тілінен тәржімалайтын профессор Хоакин Энрике Торкемада Санчес, француз тіліне аударумен танылған ақын Кристина Зейтунян-Белоус, ресейлік жазушы Максим Замшев, поэтикалық аударма саласының маманы Александра Шевелева, жеті тіл білетін электрохимиялық ғылымдардың докторы Филип Риго, Қазақстан мен Ресейге ортақ әдебиетші, ақын Владимир Бояринов, Қытай еліндегі танымал қазақ қаламгері Әкпар Мәжит, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде кембирдждік аудармашылармен тікелей жұмыс істейтін Әсия Бағдаулетқызы, жас ғалым әрі ақын Динара Шәнгерей сынды шетелдік және қазақстандық мамандар қысқаша таныстырылған соң аударма ісіне тартылған тәржімашылардың тәжірибесі тыңдалды.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, ағылшын тіліне аударылған шығармалар тек Ұлыбритания үшін емес, ағылшын тілінде сөйлейтін АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада секілді елдердің де оқырманына арналады. Қазақ әдебиеті жинақтары ағылшын тіліне аударылып қана қоймай, кітапты басып шығару, аталған  елдердің ірі кітапханалары мен оқу орындарына жеткізу, тарату және оны таныстыру жұмыстары Кембридж университеті баспасының қатысуымен жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда британдық әріптестері «мәдени индукция» тәжірибесін қолдануды ұсынған. Ол аудармашылар мен редакторлардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапар барысында антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар қазақстандық авторлармен жеке сұхбат құрып, аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқылап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақын танысады.

Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысқан. Бұл тілге аударылған кітаптар да испан тілінде сөйлейтін жиырма шақты елді қамтымақ. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.

Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тіліндегі мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалысады.

Ал Қытай еліндегі қазақ әдебиетінің жинақтарының аударылуы мен таралуына «Ұлттар баспасы» жауап береді. Ондағы әдеби аудармаға маманданған отызға жуық тәржімашыға көмектесіп отырған белгілі қаламгер 24 жасында Қытай мемлекеттік сыйлығын алған Әкпар Мәжит Абайды қытай тіліне сөйлеткен алғашқы аудармашы ретінде де белгілі.

«Қазір қазақ тілі бүкіл бояуымен, шұрайлы шырайымен, сапалы жетуі үшін үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Қазақ әдебиеті шығармаларының БҰҰ-ның алты тіліне аударылуы – бұрын-соңды болмаған рухани оқиға. Бұрын ақын-жазушыларымыз әрбір аудармасының соңында өзі жүрді, аудармашыны өзі жүгіріп жүріп табатын еді. Ал қазір керісінше, міне, авторларды іздеп аудармашылардың өздері келіп отыр. Түсінбеген тұсын сұрауға, ақылдасуға келді. Қоян-қолтық араласып, танысудың таптырмас мүмкіндігі бұл» деді ауқымды жобаны бірлесе атқарысып отырған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Аудармашылар мен авторлар бас қосқан жиында төл тілден тікелей аударма жасаудың төңірегіндегі түйіткілдер, қиындығы мен артықшылығы туралы сөз қозғалып, тәржімаға қатысты ортақ мәселелер талқыланды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ