Өнер • 17 Қаңтар, 2019

«Музыкант» «Композиторға» ұласады

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қытай Халық Республикасы елшілігінің Алматы қаласындағы  Бас консулдығымен бірлескен  қытайдың танымал  халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық фотокөрме ашылды. Салтанатты шарада Мемлекеттік орталық музей директорының  ғылыми жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы қытай композиторының өмір жолы мен шығармашылық еңбегі туралы сөз сөйледі. Өз кезегінде Қытай Халық Республикасы елшілігінің  Алматы қаласындағы  білім және ғылым жөніндегі консулы Ми Гуйсюн музей ұжымына ыстық ықыласын, ризашылық сезімін білдірді.

«Музыкант» «Композиторға» ұласады

Халық музыканты, педагог, ком­позитор, шебер пианино­шы, ғажайып дирижер Сянь Син­хай 250-ден астам музыкалық шығар­малардың авторы саналады. Оның сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония, оркес­трлік музыкаға арналған сюи­талар, рапсодия, скрипка мен пиа­ниноға арналған көптеген со­ло және ансамбльдік туындылар бар екенін айта кеткен жөн. Ком­по­зитор өз шы­ғар­маларында Ұлы Қы­тай ре­во­люциясының шын­­­дығы мен ұлт бостандығын те­рең бей­нелеген. Сондықтан да саз­гердің му­зыка­лық шығармалары ұлт­тық өрнегімен, түпнұсқалық айна-қатесіз құндылығымен ерек­­­­шеленеді. Ол жас кезінде Пекин университеті жа­нындағы дәс­түрлі қытай музыкасы институтында, одан соң Шанхай консер­ваториясында дәріс алады. 1929 жылы Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға қайта оралып ан­тижапондық патриоттық қо­з­ға­лысқа белсене қатысады. 1938 жы­­лы Синхай Қытай рево­люция­сы­ның қасиетті мекені Яньань­ға келіп, одан Лу Сюнь атын­да­ғы­ Өнер институтының му­зы­ка факультетінің деканы бо­лып та­­­­ғайын­далады. Яньанда өт­кен жылдар композитордың шығар­машылық өмірінің ең табысты кезеңі болып есептеледі: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туын­дылары «Сары өзен», «Еңбек туралы», «18 қыркүйек туралы» кантаталарын және «Қарсы ша­буыл», «Халықаралық әйелдер кү­ні», «Жойылсын Ван Цзинвэй» се­кілді патриоттық рухтағы музы­ка­­лық шығармаларын өмірге әкеледі.

1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына Мәскеуге жіберілді, сол жерде «Ұлт азаттығы» деп аталатын бірінші симфониясын жазып, аяқтады. Ұлы Отан соғысы бас­талған 1941 жылы Алматыға көшіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы мен «Қытай рапсодиясы» сюитасын, қазақ батыры туралы «Амангелді Иманов» атты поэмасын жазады. Бұған қоса ол сол жылдары екі ел арасындағы мә­дени елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдейді.

Қазақстан – Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылғы 7 қа­­­зан­да Алматы қаласындағы кө­ше­­лердің біріне Сянь Синхай атауы беріліп, сол жерде қытай саз­герінің құрметіне ескерткіш орна­тылды. Ескерткіш тақтада: «Көр­некті қытай композиторы, Қытай – Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі ел­ші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады» деп жазыл­ған. Биыл Сянь Синхайдың туға­нына 113 жыл толуына орай, қазақ­стан­дық және қытайлық өнер ше­­бер­лері аталмыш сазгердің өмі­­рі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен Бақытжан Байқа­дамовтың арасындағы шы­­найы достықты арқау еткен «Му­зыкант» атты деректі фильм түсір­ген еді. Ал­ соңғы уақытта қолға алы­нып, екі ел кинематографистері бірле­сіп түсіріп жатқан «Компо­зитор» фильмінің жобасы да Ба­қыт­жан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достыққа ар­­налған. Қазақстанда шы­ғар­­ма­ның кіріспесі жасалған фильм­нің жалғасы қазір Яньан қала­сында түсірілу үстінде. Басты рөл­дерді Берік Айтжанов, Алтынай Нө­гербек сияқты танымал қазақ ак­терлері сомдайды. «Композитор» фильмі­нің продюсері Шэнь Цзиян: «Бас кейіпкер Сянь Синхайдың рөлін елдегі танымал актер Ху Чжунь ойнайды. Актеріміздің өзі де композитор отбасында туып-өскендіктен, тұлғалы сазгеріміздің жан дүниесін жақсы түсінеді, бей­несін айшықты көрсете біледі ғой деп ойлаймын», деді.

Көрме экспозициясында сон­дай-ақ композитордың Парижде оқыған жыл­дарын бейнелейтін фотосурет­тер, пролетарлық-музы­ка­лық мәде­ни шараларға қатысқан әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық суреттерден тұра­тын 60-қа жуық деректі құжат қойыл­ған. Лу Синь атындағы Өнер институтына жаз­ған оқу құралдары, әр жылдар бе­де­рінде қағазға түсірген музы­­ка­лық шы­ғар­маларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқа­дамов отбасылары арасын­дағы достық ықы­ласқа толы жылдарды бей­нелейтін өзге де деректі фотолар ке­лушілерді қызықтырмай қой­майды.

 

Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,

Мемлекеттік орталық музейдің қызметкері

АЛМАТЫ