Қазақстан • 17 Қаңтар, 2019

Шымбұлақта фристайлдан әлем кубогі өтеді

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2-3 наурыз күндері фристайл-могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңі тұңғыш рет Алматыда өтеді. Елімізде алғаш ұйымдастырылатын додаға әлемдік фристайл үздіктері тегіс жиналмақ. «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде өтетін жарыс қазақстандық спортшылар үшін де маңызды болары сөзсіз. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шымбұлақта фристайлдан әлем кубогі өтеді

Алматыдағы әлем кубогі кезеңіне дайындық жұмыстарының қалай өтіп жатқанын Қазақстан шаңғы спорты түрлері Қауымдастығының Бас хатшысы Асқар Валиев түсіндірді. 

- Алматыда фристайлдан ірі көлемдегі жарыс алғаш рет өткелі отыр. Сондықтан, біздің спортшыларға да, ұйымдастырушыларға да артылған жүк жеңіл емес. Қазіргі сәтте әлем кубогі кезеңіне толыққанды дайындық жүріп жатыр. Ассосация жарысты ұйымдастыру мақсатында үлкен шаруа тындыруда. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясы (FIS) «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніндегі трассаны тексеріп кетті. Бүгінде трассаны жарысқа дайындау үшін жасанды қар өндіріліп жатыр. Қажетті мамандар да жұмысқа тартылуда, - дейді Бас хатшы. 

Қауымдастық Бас хатшысының айтуынша, Алматыдағы әлемдік сынға қатысу үшін Қытай, Оңтүстік Корея, Финляндия, Жапония сынды мемлекеттер өтінім беріп үлгерген. 20 ақпанға дейін қатысушы елдер саны көбейіп, 15-18 команданың жиналары анық. 

- Алматыда әлем кубогі кезеңінің биылғы маусымына нүкте қойылады. Сол себепті, топтан қара үзіп шығатын мықтылардың бәрі де осында бас қосады. Алматыға фристайлдан 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының чемпиондары Микаэль Кинсбери (Канада) мен Перрин Лафон (Франция), 2017 жылғы әлем чемпиондары Икума Хорисима (Жапония) мен Бриттани Кокс (Австралия) және могул спортындағы өзге де танымал спортшылар табан тірейді. Үздіктер қатарына біздің могулшылар да енетінін ұмытпау керек. Юлия Галышева Калгариде топ жарып, мықтылар тобына енді. Ерлеріміздің де көрсеткіші жаман емес. Олар өз жанкүйерлерінің алдында аянып қалмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, Алматыда әлем кубогінің жалпы есебінде топ жарған спортшылар FIS дайындаған үлкен және кіші хрусталь глобустар табысталмақ, - дейді Асқар Валиев. 

Еске сала кетейік, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева әлем кубогі кезеңінің жалпы есебінде үздік үштікте тұр. Ол франциялық Перрин Лафонға ғана есе жіберген. Дмитрий Рейхерд үздік бестік қатарына кірсе, Павел Колмаков жиырмалыққа енді. 

- Команда мүшелері халықаралық күнтізбеге сәйкес әлем кубогі кезеңдеріне қатысуда. Бұл күндері спортшыларымыз 17-18 қаңтар күні Лэйк-Плэсидте өтетін әлем кубогі кезеңіне қатысу үшін АҚШ-та жүр. 27 қаңтар күні Канаданың Тремблан қаласында әлем кубогінің тағы бір кезеңі өтеді. 1-10 ақпан аралығында АҚШ-тың Парк-Сити қаласында фристайл мен сноудбордтан әлем чемпионаты ұйымдастырылады. 23-24 ақпан күндері Жапонияның Тазавако қаласында әлем кубогі кезеңі жоспарланған. Міне, наурыз айында Алматыда өтетін додаға дайындық мақсатында команда мүшелері аталған жарыстар тізбегіне міндетті түрде қатысады, - дейді Бас хатшы. 

Жарыс демалыс күндеріне жоспарланғандықтан, «Шымбұлақ» кешенінде демалып жүрген тұрғындардың да әлемдік сынды тамашалау мүмкіндігі бар екенін ескертеміз.