Таным • 18 Қаңтар, 2019

Талантқа тағзым

1025 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазушы Дәулет Сейсенұлының Астанадағы «Фолиант» бас­пасынан «Нартұлға» серия­сы бойынша жарық көрген «Жәнібек Кәрменов» атты жаңа кітабы аты айтып тұрғандай ХХ ғасырдағы қазақ әншілік өнерінің қайталанбас хас таланттарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, республика  жастар сый­лы­ғының лауреаты Жәнібек Кәр­меновтің әдеби портретін жасауға негізделген.

Талантқа тағзым

Кітапта он бес тақырыптан тұратын «Шыңғыстаудың ұланы» атты эссе, хикаяттар мен «Жәнібек ән салады» пьесасы топтастырылған. Эссе, хикаяттар да, пьеса да Жәнібек туралы естеліктерге негізделген. Бұл тұрғыдан келгенде кітаптың алғашқы бөлімі ғылыми сипатқа ие деуге болады. Жәнібекке қатысты оқиғаларды естеліктерге сүйене отырып, автор кейіпкердің өнердегі өмірін, тіршілік баспалдақтарын елмен, жермен сабақтастыра  баяндайды. Автордың бұл ой-бағдары шығарманың алғашқы  беттерінде-ақ көрініс тапқанын көреміз. Автор «Негізгі кейіпкеріміз туралы сөз қозғамас бұрын, ең алдымен оның өскен елі, кіндік қаны тамған туған жері, атасы мен анасы туралы айта кеткеніміз жөн болар. Солай дейтін болсақ, әңгімемізді қарт Шыңғыстаудан бастағанымыз дұрыс па деймін», дей келіп, ел тарихының алыс дәуірінен ой суыртпақтайды. Сол алыс дәуірден аңыз болып жеткен түрлі оқиғалардың оны естіп өскен бала кейіпкердің санасына қаншалықты әсер еткен тағылымды сәттер екенін еске түсіреді. Осылайша ата-баба тарихынан сыр шерте отырып, болашақ кейіпкердің шежірелі Шыңғыстаудың бір пұшпағы киелі Жәнібек жазығында өмірге келуі, соған байланысты есімі Жәнібек қойылғанын еске салады.

Жоғарыда айтқанымыздай, кейіпкер­дің өмір жолын баяндағанда ел тарихы, жер тарихы сабақтастырыла көрсетіліп Жәнібек талантының тамыр тартар қайнар бастауларынан сыр қозғайды. Кітаптың қомақты бөлігі Жәнібектің өнер жолына түсу кезеңі, оған қазақ өнерінің ұлы тұлғалары Ахмет Жұбанов пен Жүсіпбек Елебековтің, ұлтымыздың ұлы перзенті, республика басшысы Д.А.Қонаев пен сол кездегі республика Ішкі істер министрі, милиция генерал-лейтенаты Шырақбек Қабылбаев, Абай елінің басшысы Кәрім Нұрбаев пен ұстазы, жергілікті жазушы Кәмен Оразалиннің қамқор болуы, оған Жәні­бектің асқан таланты басты себеп бол­ғаны нақты деректермен баяндалады.

Қорыта айтқанда, кітаптың таным­дық сипаты, деректік мәні зор. Келер жы­лы туғанына жетпіс жыл толатын Жәні­бекке қойылған ескерткіштің бірі деуге болады.

Ескерткіш демекші, бұған дейін әйгілі әншінің туған елі – Қарауылда кеуде мүсіні орнатылса, Алматы, Семей, Түркістан қалаларында көшелерге есімі берілген болатын. Осындай талантты тұлғаға арналған ғұмырнамалық кітаптың тілі жатық, тартымды. Же­ңіл оқылады. Осы орайда кітапқа ен­гізіл­ген «Жәнібек ән салады...» деп ата­латын пьесаның осыдан бірер ай бұрын Семейдің Абай атындағы сазды-драмалық театрында қойылғанын айта кетсек артық болмас.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор