Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Елбасы кітапханасының Ақтөбеде өткен көшпелі көрмесін 120 мыңнан аса адам тамашалады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі сәтті өтті. Яғни бүгін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратында бірегей көрменің жабылуы болды. Оның небәрі үш ай ішіндегі жұмысын Ақтөбенің 120 мыңнан аса тұрғыны мен қонақтары тамашалады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елбасы кітапханасының Ақтөбеде өткен көшпелі көрмесін 120 мыңнан аса адам тамашалады

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы кітапханасының басшылығына жобаны өңірде жүзеге асырғандары үшін алғыс айтты.

«Әрбір халық, әсіресе, біздің патриотизм рухында, отансүйгіштікке тәрбиелейтін өскелең ұрпағымыз өз елінің тарихын, қалай құрылғанын, дамығанын, құрылу жолында қандай қиындықтар болғанын білуі тиіс. Көрмені үш ай ішінде 120 мыңнан астам адам тамашалады. Ақтөбелік жастар барынша ақпарат алды. Мен Президенттің өмір жолы олар үшін өмір бойы үлгі әрі бағдар боларына сенімдімін. Біз елімізбен, Елбасымызбен мақтануымыз керек. Оның дана саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алды» деді өңір басшысы.

Көрмеде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының мұрағат, кітап, мұражай қорларынан алынған барлығы мыңнан астам жәдігер, құжаттар, фото және бейнематериалдар төрт тақырыптық бөлімге бөлініп, ұсынылды.

«Елбасы жолы» бөлімінде ҚР Тұңғыш Президенті өмірбаянының кезеңдері туралы баяндалған. «Елбасы феномені» бөлімі тәуелсіз Қазақстанды құрған Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихын кеңінен көрсетеді. «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде ұйымдастырушылар елдің қарқынды сыртқы саясатын көрсеткен. Сонымен бірге, «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тарауында Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинақтары қалың жұртшылыққа алғаш рет көрсетілді.

Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыптық көрмелері де өтті.

Айта кетейік, қор көрмесі «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының көшпелі қор жобасының басты оқиғасы. Ақтөбе облысында бұл жоба аясында, сондай-ақ, ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары мен көшпелі экскурсиялар өтті.

Жоба өз жұмысын Қызылорда облысында жалғастырады.