Білім • 18 Қаңтар, 2019

ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлек «Болашақ» арқылы шетелдерде оқи алады

764 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қысқы ҰБТ» нәтижелері бойынша тестті ағылшын тілінде үздік тапсырған оқушы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік білім грантын иеленеді деп хабарлайды egemen.kz тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлек «Болашақ» арқылы шетелдерде оқи алады

Республика бойынша 2019 жылдың 18 қаңтарында, яғни бүгін сағат 9:00-де оқудың ақылы бөліміне түсушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Еліміз бойынша 18-20 қаңтар аралығында 35 838 талапкер сынаққа қатысады. Оның ішінде 61-і білімін ағылшын тілінде сынайды. ҰБТ-ны шет тілінде тапсырушылар санының артуына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызығушылық танытып отыр. Осыған орай тестіленушілерге ынталандыру ретінде жоғары балл жинаған оқушыны шетелдік ЖОО-ға грантқа түсірмекші.

«ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге грант бөлуге дайын екендігін айтып, бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ны белгіледі» дейді министрлік өкілдері.

«Жалпы, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік өте көп. Биыл шетелдік ЖОО-лар біздің азаматтарға 40 000 грант бөлуге дайын. Бұл – әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындарына біздің сертификатымызбен барып, оқи алады. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», — дейді Ж.Мелдешов.

 Соңғы жылдары ағылшын тілінде білім беру қарқынды дамып келеді. Кейбір қазақстандық мектептерде ағылшын тілінде пәндер енгізілген. Ағылшын тілінде тест тапсырудың басты мақсаты – шетелдік ЖОО-ға түсуге деген ниет. Бұл сұрақ бойынша талапкерлерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» көмектесуге дайын.