Руханият • 20 Қаңтар, 2019

Қазақстандық балалар фильмі халықаралық кинофестивальде жүлде алды

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі  Бангладеште өткен халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды.

Қазақстандық балалар фильмі халықаралық кинофестивальде жүлде алды

Биыл 9-18 қаңтары аралығында Дакке қаласында халықаралық кинофестиваль өткен. Осы фестивальде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген "Біздің қаланың ханзадасы"  туындысы "Ең үздік балалар фильмі" жүлдесін жеңіп алды. Айта кетейік,  «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі  жалғыздықтың күйін кешіп жүрген  балалар үйінің 6 жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығын баяндайды. Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы - Қазақстанның халық әртісі  Талғат Теменов («Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті»).

Басты рөлдерді Әнуар Төлеуғажы және Төлеубек Аралбай («Жаужүрек мың бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен. Фильмнің түсірілім жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өткен. Картинаның тұсаукесері  2017 жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Ал қазан айында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілген. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.

Айта кетерлігі, фильмде басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталған болатын.