Әлем • 21 Қаңтар, 2019

Украина саяси науқан қарсаңында

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саяси және экономикалық қиыншылықтарды бастан өткеріп, елдің территориясына қатысты күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отырған Украинаны алдағы бес жылда кім басқарады? Бұл сауал украиналықтарды ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да толғандырып отыр. Сондықтан да биылғы 31 наурызда осы елде өтетін президенттік сайлау жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде қарастырылуда.

Украина саяси науқан қарсаңында

Жалпы, 2018 жылдың 26 қараша­сында Украинаның Жоғарғы Радасы ел президентін сайлауды 2019 жылдың 31 наурызында өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл жөнінде арнайы хабар тараған сәттен бастап түрлі болжамдар, бейресми сауалнамалардың нәтижелері ақпарат кеңістігін жаулап алды. Сондай-ақ кейбір тұлғалар алдағы президенттік сайлауда бақ сынайтынын растаған мәлімдемелерін жариялап, сол арқылы өздерін белгілі бір деңгейде жарнамалап та үлгер­ді. Осы жөніндегі ақпараттарға көз жүгіртсек, сайлауға түсетінін алдын ала мәлімдегендердің қатары қалың. Бұл өз кезегінде Украина президентін анықтау шарасының өте тартысты өтетінін аңғартса керек. Олардың санатында белгілі тұлғалар да (халық депутаттары, экс-депутаттар, бұрынғы ми­нистрлер, саяси партиялардың жетек­шілері, кәсіпкерлер, т.б.), аты сонша­лықты танымал емес адамдар да кездеседі.

Соңғы әлеуметтік сауалнамалар көрсе­тіп отырғандай (BDM- Blue Dawn Monitoring), сайлауға түсетінін раста­ған­дардың ішінде әзірге Украи­на­ның экс-премьер-министрі, «Батькив­щина» партиясының лидері Юлия Тимо­шенконың (22,6), шоумен, актер, «Квартал-95» студиясының жетек­шісі Владимир Зеленскийдің (13,6), Украинаның бұрынғы Қорғаныс министрі, «Азаматтық позиция» пар­тиясының жетекшісі Анатолий Гри­ценконың (9,3) және елдің бұрынғы вице-премьер-министрі Юрий Бойко­ның (4,7) бәсі жоғарырақ болып тұр. Осы арада бір ескере кетер жайт, бұл аты аталғандардың ішінде Анатолий Гриценкодан басқасы елдің Орталық сайлау комиссиясынан ресми түрде тіркеуден әлі өтпеген. Ал президент П.Порошенконың әзірге саяси додаға түсер-түспесі нақтыланған жоқ. Ол өзі­нің нақты шешімін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталар қар­саңда жариялауы мүмкін. Десек те әлеу­меттік сауалнамалар бойынша П.Поро­шенко­ның көрсеткіші тым жаман емес – (10,3).

Тағы бір айта кетер мәселе, әзілкеш, актер В.Зеленскийдің президенттік сайлауда бақ сынайтынын мәлімдегені, оның әлеуметтік сауалдамалар бойынша алдыңғы үштіктен көрінуі атал­ған саяси үдерісті біршама ерекше­лен­діріп тұрғандай. Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлер, бол­жам­дар айтылуда. Дегенмен, негізгі мамандығы заң­гер, 41 жастағы В.Зеленскийдің сай­л­ау үдерісіндегі қазіргі көрсеткіші, сон­дай-ақ оның өнер саласындағы танымал­дылығы шындыққа жақын келетін болжам жасауға мүмкіндік бере қоймайды.

Сонымен қатар бұл сайлауда өнер адамдары қатарынан тек В.Зеленский ғана емес, Украинаның халық әртісі, ақын, рок-музыкант Святосла́в Вакар­чу́к деген азамат та бақ сынамақ ойы бар көрінеді. Сондықтан да болар, 43 жас­­тағы бұл азаматтың да әлеуметтік сауалнамалар бойынша көрсеткіші тізімде тұр – (3,6).

Қалай дегенмен, алдын ала жасал­ған әлеуметтік сауалдамалардың нәти­желеріне сенім аз. Негізгі, дәлі­регі шынайы нәтижеге жақын келетін бол­жам­дар үміткерлердің үгіт-насихат шаралары кезінде жасалады деп ойлаймыз. Өйткені осы кезеңде үміткерлер тарапынан жарияланатын сайлауалды бағдарламалар, олардың халыққа беретін уәделері, әлеуметтік мәселе­лерге қатысты пікірлері, көршілес мемлекеттерге қатысты саяси ұстанымы, бәрі-бәрі айқындалып, кандидаттың бітім-болмысы, әлеуеті, деңгейі белгілі бола түседі. Осыдан кейін барып жасал­ған болжамдарға иек артуға болады.

Енді сайлау үдерісі жөніндегі нақты ресми деректерге тоқталайық. Украина­дағы президенттік сайлау үдерісі басталған 2018 жылдың 30 желтоқ­санынан бері Орталық сайлау комиссиясынан ресми тіркеуден 8 үміткер өтті. Олар: Игорь Шевченко (экс-министр, «Табысты Украина» қайырымдылық ұйымының төрағасы, өзін-өзі ұсынған), Сергей Каплин (халық депутаты, Украина социал-демократиясы партия­сы­ның басшысы, осы ұйымның атынан), Валентин Наливайченко (Украина қауіп­сіз­дік қызметінің бұрынғы төраға­­сы, экс-депутат, «Әділеттілік» сая­си пар­тиясының төрағасы, осы пар­тия­ның атынан), Андрей Садовый (қоғам қайраткері, «Самопомощь» бірлес­тігінің жетекшісі – осы ұйымның атынан), Виталий Скоцик (саясаткер, экономист, өзін-өзі ұсынған), Виталий Куприй (халық депутаты, өзін-өзі ұсынған), Евгений Мураев (халық депутаты, «Біздің» саяси партиясының жетекшісі, осы ұйымның атынан), Ана­толий Гриценко (бұрынғы Қорғаныс министрі, халық депутаты, «Азаматтық позиция» партиясының төрағасы, осы ұйымның атынан). Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған үш азамат заң талаптарына сәйкес тіркеуден өте алмаған.

Негізінен талапкерлер тарапынан Орталық сайлау комиссиясына құжат өткізу 4 ақпанда тоқтатылады. Ал 8 ақпанда үміткерлерді тіркеу аяқталып, 9 ақпанда сайлауда бақ сынайтын кандидаттардың ресми тізімі жарияланады. Бұл сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының басталғанын білдіреді. 29 наурызда насихат жұмыстары тоқтатылады. 31 наурызда басты саяси дода – президенттік сайлау басталады. Ал 10 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерін жариялайды. Егер ешқандай кандидат жалпы дауыс берушілердің 50 пайыздан артық қолдауына ие бола алмаса, онда екінші тур өтеді. Ол 21 сәуірге белгіленген. Екінші турдың нәтижесі 1 мамыр күні мәлім болады. 3 маусымда Жоғарғы Радада жаңадан сайланған Украина президентінің инаугурациясы ұйымдастырылады.

Сонымен, Украинаның келесі, яғни алтыншы президенті биылғы көктемде белгілі болмақ. Қай саясаткердің бағы жа­нып, алдағы бес жылда Украина тізгі­нін ұстайтынын уақыт көрсететіні сөзсіз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»